Петропавл қаласының қақ ортасында бейнекамералар арқылы мониторинг жүргізу кезінде әкімшілік учаскеде бес литрлік ыдыстармен ақшылт сусын сатып отырған адам көрініп қалады. Сауда Астана көшесіндегі базарда орын алған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған ақпарат жақын маңда учаскені тексеріп жүрген учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Дәурен Қамзеновке жеткізілген. Ол сұйықтықтың мәнісін анықтағанда базар жұмысшыларының бірі аудан тұрғынына бес литрлік 16 бөтелкедегі араластырылған 80 литр спирттің бір бөтелкесін 2500 теңгеге саудалап тұрғанын анықтады. Сатушы – бұрын істі болмаған 30 жастағы қала тұрғыны аталған алкогольдік өнімді бірер күн бұрын белгісіз адамнан сатып алғанын айтады.
Аталған факті бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 282-бабы - «Қазақстан Республикасының этил спирті мен алкоголь өнімін өндіруді және оның айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасын бұзу» және 463-бабы «Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру» бойынша материалдар жиналды. Тәркіленген алкогольдік өнім санитарлық-гигиеналық сараптамаға жіберілді. Алдағы уақытта материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін мамандандырылған әкімшілік сотына жолданады.