Халықаралық қарттар күні қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің музейінде жастар аға буынмен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жас полиция қызметкерлері мен «1980 Жазғы Олимпиада ойындарында» қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысқан ішкі істер органдары ардагерлері - төрт солтүстікқазақстандық милиционердің кездесуі барлық санитарлық нормаларды сақтаумен өткізілді.
Патрульдік полицейлер, учаскелік инспекторлар, тергеушілер, жедел уәкілдер – ведомстволық музейдің қабырғасында еңбек өтілі үш жылдан аспайтын қызметкерлер жиналды. Ақсақалдар Ағбай Омаров, Николай Пилипич, Владимир Кривушин, Ерболат Абдықасымов сөз сөйледі. Олардың әрқайсы милицияның жедел бөліністерінде және басқа да қызметтерде ондаған жыл еңбек еткен. Қызмет жылдарындағы ұмытылмас сәттердің бірі – мәскеулік Олимпиадада құқықтық тәртіпті сақтауға қатысқандары. Милиция полковнигі Михаил Баранов басқарған СҚО ІІБ қызметкерлерінің жиынтық жасағы Кеңес Одағының астанасында 1980 жылдың 19 шілдесінен 3 тамызға дейін қызмет өткерген. Ардагерлер халықаралық дүбірлі дода алаңында болған қызықты оқиғаларымен бөлісті. Жастар ақсақалдарға сұрақтарын жаудырды: жас полицейлерді халықаралық іс-шараның атмосферасы, есте қаларлық іссапардан кейінгі жұмыс күндері қызықтырды. Қонақтар естеліктерімен бөлісіп, қызметке әрдайым Антқа адал болу, тәртіптілік пен адалдық қажет екенін атап өтті. Әңгімелесу аяқталғаннан кейін қатысушылар СҚО Полиция департаменті бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаевтың алғыс хатымен марапатталды.
СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев ардагерлерге іс-шараға қатысқандары үшін алғысын білдіріп, кездесудің музей қабырғасында ұйымдастырылғаны кездейсоқ емес екенін атап өтті: «Музейіміз ІІМ жүйесінде ең үздік музейлердің бірі болып табылады. Сіздерге залдарды аралап, жәдігерлермен танысуға кеңес береміз. Бұл еңбек жолын жаңа ғана бастап жатқан жас полицейлер үшін аса маңызды».
Кездесу солтүстікқазақстандық полиция музейінің кинозалында аяқталды: музей меңгерушісі Любовь Осинская және қорлардың сақтаушысы Нина Бенграф қонақтар мен жас офицерлердің назарына 40 жыл бұрын өткен мәскеулік Олимпиада кинохроникасының сирек кадрларын ұсынды