Басқа спорт түрлерінде қалай екенін қайдам, әйтеуір әуесқой бокста қазақ-өзбек тартысы ерекше. Шаршы алаңға шыққан екі елдің боксшылары рингте жеңіске жету үшін бар күш-жігерін жұмсап, соңғы демі қалғанша айқасуға бар. Кейінгі жылдары жанкүйерлер Азия, әлем чемпионаттары, тіпті төрт жылда бір келетін Олимпия ойындары болсын қазақ-өзбек боксшыларының тартысын тағатсыздана күтетін болды. Енді бұл қатарға кәсіпқой бокста өнер көрсететіндердің де жекпе-жектері қосылды.
Кейінгі 3-4 жылда Қазақстанның да, Өзбекстанның да боксшылары кәсіпқой боксқа бет бұрып жатқаны баршаға белгілі. Тіпті оңтүстіктегі көршілеріміздің 2016 жылы Рио Олимпиадасына қатысқан құрамы Олимпия ойындарынан кейін кәсіпқой бокстың отаны саналған АҚШ-қа үдере көшті. Енді бір санаулы жылдардан кейін екі елдің әуесқой бокстағы текетіресі кәсіпқой бокста да жалғасатыны анық. Соның бастамасы ретінде жуырда отандық БАҚ-та қарсыластарын кәсіби шаршы алаңда қоғадай жапырып жүрген қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (18-0,14 КО) пен Өзбекстанның мақтанышына айналған нокаутшы Шохжахон Эргашев (18-0, 16 КО) қараша айында АҚШ-та жұдырықтасатыны туралы мәлімет пайда болды. Осы ақпаратты естіген бокс жанкүйерлері жекпе-жек күнін тағатсыздана күтіп, отандасымыздың жеңіске жететініне сенім білдірген болатын.
Алайда арада бірнеше күн өткенде Жүкембаевтың бұл жекпе-жектен бас тартқаны, оны промоутері де, бапкері де екі жақтап өзбекстандық боксшымен жекпе-жек өткізуге көндіре алмағаны туралы ақпарат көңілімізді күпті етіп қойды. Осыдан кейін жанкүйерлердің де пікірі екіге бөлінді. Бірі Батырдың өзбек боксшысынан жүрексінгенін алға тартса, екіншілері отандасымызды ақтап әлек. Осы әңгіменің ізі суымай жатып Жүкембаевтың бапкері қазақстандық vesti.kz интернет басылымына кең көлемде сұхбат берді.
Беларусь жаттықтырушысы Андрей Ивичуктің пікірінше, Батыр бұл жекпе-жектен бас тартпаған. Тек Ресейден АҚШ-қа (Жүкембаев бүгінде Ресейде жаттығуда – ред) виза бермей жатқаны үшін жекпе-жек уақытын кейінге шегеруін сұрағанын айтады. «Бізге Эргашевпен жекпе-жек өткізуге ұсыныс келген кезде қатты қуандық. Себебі бұл Батырға рейтингте көтерілуге және чемпиондық атаққа жақындауға жақсы мүмкіндік береді. Бірақ бізде визаға қатысты мәселе туындап қалды. Мен елшіліктегі достарыма қоңырау шалып көмек сұрасам да, олар қазір Ресейден Американың ешбір қаласына виза бермей жатқанын айтты. Бізге жекпе-жекті 19 қарашада АҚШ-та өткізу ұсынылды. Эргашев оңай қарсылас емес, сондықтан бұл жекпе-жек жақсы дайындықты қажет етеді», дейді ол.
Батыр Жүкембаевты жаттықтырғанға дейін Шохжахон Эргашевпен бірге жұмыс істеген Андрей Ивичук егер виза беріліп, жекпе-жекті өз уақытында өткізгенде бұл айқаста Жүкембаев сөзсіз жеңіске жететін еді дейді.
«Батырдың Шохжахонды жеңетініне 100 пайыз сенімдімін. Батыр – жан-жақты, айлакер және ақылды боксшы. Ол өте тәртіпті, бәрін мұқият тыңдайды және ұрыс жоспарын жақсы орындайды. Мен бұл жекпе-жектің жақын арада болғанын қалаймын. Өйткені мен Эргашевпен қалай жұдырықтасу керек екенін және оны жеңу үшін қандай жоспар құру керек екенін де жақсы білемін».
Десе де кәсіпқой бокстағы бірінші қазақ-өзбек текетіресінің осылайша басталмай жатып ерте аяқталғаны өте өкінішті. Сонда да бұл жекпе-жек алдағы уақытта ұйымдастырылады деп үміттенейік. Бірақ айқастан бірінші болып қазақстандық боксшының түрлі себеп айтып, жұдырықтасудан бас тартқанын кім қалай десе де ақтап алуға келмейді. Әзірше бұл жекпе-жек туралы Батырдың бапкері ғана пікір білдірді. Ал екі боксшы да үнсіз.
28 жастағы Шохжахон Эргашев бүгінге дейін кәсіпқой бокста 18 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Тіпті 16 қарсыласын мерзімінен бұрын ұрып жыққан. Қазіргі таңда Эргашев әлемдік рейтингте 21-орында тұр. Ал Жүкембаев 29-орынға жайғасқан.