«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген Абай сөзі бүгінде өз кәсібіне берілген, ұрпақ тәрбиесіне ұқыптылықпен қарай білетін ұстаздар қауымына қарата айтылса керек-ті. Отыз жылдан аса еңбек жолында жаңашыл педагог мәртебесін иеленген тарих және құқық пәндерінің мұғалімі Гүлмира Асанбекова туралы сөз қозғағанда, оның тәжірибесі республика көлемінде үздіктер қатарында екеніне көз жеткізесіз.
Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің, Алматы қаласы әкімінің биылғы жариялаған грант иегері, ұстаз-тәлімгер жайында әріптестері «Тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі ретінде терең теориялық білімін ғылыми негізде ұштастыра білетін білікті маман Гүлмира Сағатқызы – әрбір сабағын ізденімпаздықпен жүргізетін, әрі әртүрлі әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалана отырып, оқушылардың ойлау қабілеті мен танымдық деңгейін арттырудан жалықпайтын ұстаз» деп пікірін білдірді.
Ізденіс пен білімін жетілдіруді өз кәсібінің бір бөлшегіне айналдырған ұстаздың жетістіктері жайында ұзақ әңгімелеуге болады. Дегенмен бала оқыта жүріп, еліміздің білім жүйесінің дамуы, оқулықтарды жетілдіру, мамандар тәжірибесін шыңдаудағы еңбегі өз алдына десек, Гүлмира Асанбекова бүгінде Ресей, Польша, Чехия, тағы басқа шетелдерде өткен семинар-конференцияларға қатысып, үздік маман екенін көрсетіп жүр.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетін Тарих және құқықтану пәндерінің оқытушысы мамандығы бойынша бітірген Гүлмира Асанбекова еңбек жолын 1989 жылы Талдықорған қаласындағы №18 мектептен бастады. Ал 20 жылдан аса уақыттан бергі аралықта Алматы қаласындағы №159 мектепте тарих және құқықтану пәндерін оқытып жүр.
«Менің ұстаздық қызметімде жолым болды деп нық сеніммен айта аламын. Өйткені қандай қиын-қыстау кезеңдерде де өзім таңдаған кәсіпті тастамауға, әрі қарай тәуелсіз еліміздің жас ұрпағына мемлекетіміздің тарихы, құқықтық құрылымы тұрғысында меңгерген білімді жеткізуді мақсат еттім. Еңбек жолымда кәсіби тәлімгерлердің кездесуі де менің өз ісіме беріліп жұмыс істеуіме барынша ықпал етті», дейді Гүлмира Сағатқызы.
Тарих сабағын оқытудағы басты ерекшелік балалардың пәнге деген қызығушылығын оятып, таным-түсінігін жетілдіру, дұрыс бағыт-бағдар беру – оқытушының басты міндеті. Осы талаптарды қаперде ұстайтын білікті ұстаз қашықтан білім беруде сабақ беретін мұғалімге де, баланың жағдайын жасап отырған ата-ана мен білімді игеріп отырған балаға да салмақ түсетінін айтады. Қазіргі кезде оқушылар қашықтан білім алуға төселіп, тапсырмаларды еркін меңгеруге машықтанып келеді. Ең бастысы – оқушымен тікелей жұмыс істеу, қандай жағдайда да жәрдем беру. Кейіпкеріміз оқушылардың оқуға деген ынтасы, қызығушылығы балаға дұрыс тапсырма бергенде ғана артатынын айтады. Сондықтан да оқушыға тапсырмаларды орындауда таңдау мүмкіндігін беру маңызды.
Пандемия кезінде телевизиялық сабақтарды түсіруге үлес қосқан ұстаз қашықтан білім алу үлкен жауапкершілік пен ізденісті талап ететін платформа екенін атап өтті. Алғашында кемшіліктердің болғаны рас десек те, қазіргі кезде балалардың қызығушылығы артып келеді. Биылғы оқу жылында білім платформаларын таңдау мүмкіндігі туды. Осы орайда Microsoft Teams платформасының ерекшеліктеріне тоқталған Г.Сағатқызы мұнда тапсырмалар, тест жұмыстары балалардың зейінін арттырып, қабілетін шыңдауға мүмкіндік беретінін алға тартты. Дегенмен қандай да бір қиындықтарға қарамастан, пандемия кезінде қала әкімшілігі мен білім басқармасы тарапынан ұстаздардың біліктілігін арттыруға байланысты ұйымдастырып отырған шаралардың маңызы жоғары. Ал жаңашыл педагог болу үшін білікті ұстаздардың еңбектері мен іс-тәжірибесінен өнеге алу маңызды.
АЛМАТЫ