• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Қазан, 2020

Жүгері мен күріш еккенге ырыс

611 рет
көрсетілді

Жетісу шаруалары күзгі жиын-терін науқанына қарқынды кіріскен еді. Ендігі егінжайдағы жұмыстың негізгі бөлігі аяқталып, дәнді дақылдар мен бақша өнімдері толықтай жиналды деуге негіз бар. Қазір диқандардың бір тобы қызылша танабындағы тәтті түбір қазуға жұмылса, екінші бөлігі жүгері мен күріш алқабында жұмыс істеп жатыр. Бұл шаруада Панфилов ауданы мен Балқаш ауданы көшбасшы.

Жалпы, Алматы облысы­ның Жаркент өңірін отандық жүгері шаруашылығының отаны деуге болады. Биыл Панфилов ауда­нында 26 мың гектардан ас­там ал­қапқа жүгері себілген-ді. Бү­гінде диқандар «дала аруы» атан­ған дәнді дақылды орып, қамбаға құю­да.

Жылдағыдай емес, биыл Жар­кент өңірінде жаңбыр аз болды. Кей ауылдардың ал­қаптары құр­ғақшылыққа ұшы­рады. Шаруа­лардың 70 гектар жерге еккен дәні кү­йіп кетіпті. Соған қара­мастан аудан бойынша 167,3 мың тонна жүге­рі жинау мақсаты тұр. Болжам бойынша әр гек­тарға шақ­қандағы орташа тү­сім 64,1 центнерден айналуы тиіс.

Биылғы өнім жиналатын алқап саны жыл­дағыдан ұлғайғанын айта кетейік. Жүгерісі жайқалған егістік көлемі 124 гектарға жетеді.

– Көктемгі егіс науқаны пан­­демияның шектеу­ шара­ла­рымен тұспа-тұс келіп қалды. Алайда  қа­таң шаралар диқан­дар­дың жұмысына кері әсерін тигізбеді. Өйткені ауыл ша­руа­­шылығымен айналысатын сала­ның еңбеккерлерін қолдау мен жеңілдіктер жет­кі­лікті деңгейде жа­салды. Сақ­тық шарасы да жо­ғары деңгейде жүрді. Әсіресе шаруа қожалықтарына мемлекет жақсы қолдау көрсетті. Тұ­қым, жанар-жағармай, тех­ни­камен қамтуда кедергі болмады. Аудан бойынша арзан бағамен алын­ған 380 тонна дизель отыны дер кезінде шаруаларға жетті, – дейді Панфилов аудандық ауыл шаруашылығы бөлі­мінің басшысы Жұмағазы Наймантаев.

Жыл басынан бері аудан­ның ауылшаруашылық саласына 1 млрд 20 млн теңге инвестиция тартылғанын атап өткен ләзім. Оған 48 дана техника сатып алынды. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 5 шаруа қо­жалығы 305 млн 955 мың теңгенің жеңілдетілген несие­сін алса, 44 жеке серік­тестікке 142,4 млн теңге мөлшерінде қосымша қар­жы­лай қолдау көрсетілді.

Айтпақшы, облыста 81,8 мың гек­тарды қамтитын суа­ру желі­лерін қайта жаңарту, қай­­та салу, апатты жағдайда тұр­­ған су­қоймалар мен то­ған­дар­ды қалпына кел­тіру жұмыс­тары жүзеге асып жа­тыр. Бұл өз кезегінде өңір­­дегі егіс алқаптары­ның көле­мін арттырып, суармалы ал­қаптан мол өнім алуға жол ашады.

Осы жобаның қатарында Балқаш ауданындағы 7 мың 481 гектар аумақты сумен жаб­­­дық­­тауға мүмкіндік бере­­тін Ақдала массивін қал­­пына келтіру жұмысы да бар екен. Қуаныштысы, жоба жүзеге асқаннан кейін Балқаш өңі­рін­де кү­ріш атыздарының аумағы қазіргіден анағұрлым ұл­ғаю­ға тиіс. Өйткені өңір­дегі ақ маржан өсіретін біре­­гей аудан – осы Балқаш. Ал қазір аудан диқандары күріш орып жатыр.

– Ауа райының қолай­сыз­­ды­­ғына қарамастан, ең­бекші қауым күн-түн демей қызу еңбектің көрі­гін қыздырып, жұ­дырықтай жұмыла білуде. Ерте көктемде аудан бо­йынша 8 861 гектар алқапқа күріш егілген болса, бүгінгі таңда оның 2 184 гектары орылып, 1 061 гектардың өнімі бастырылды. Күріш оруда озық тұрған бір­қатар шаруашылықты атап өтсек, «Өтес», «Бірлік» агрофирмалары, «Динара» өндірістік кооперативі және «Өтес-Ақдала» серіктестігі жоғары өнім алып, табысқа қол жеткізіп отыр, – дейді Балқаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқанов.

 

Алматы облысы