Алты ай бойы атан түйені алып жығатын ақ түтек бораны мен қырау қатқан қабағы бір ашылмайтын біздің өңірде қысқа қапысыз дайындық керек-ақ. Аязы үдеп, бораны бас көтертпей, ақ көрпесін жамылып, апшыны қуыратын қыс маусымы жайбасарлықты көтере бермейді.
Талай жылдан бері Макинск қаласындағы орталықтандырылған жылу жүйесіне тұрғындардың өкпесі қара қазандай. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірсыпырасы қолдан салынған пешпен жылытылып, оның өзі жұртқа қыруар машақат болғаны рас. Көпқабатты үйде бықсытып пеш жаққандар көресіні әбден көрген. Қолқасын түтін қауып, отын-көмірін сақтайтын орын таба алмай қиналған. Биыл барлығын түгел қамтымаса да, бірқатар көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылып, қала тұрғындарының арқасы кеңіп қалатын күн туып келеді.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 615 млн теңге қаражат бөлініп, көптен күрделі жөндеу көрмеген бірқатар мекеме кем-кетігін жамап-жасқап, қысқа дайындалуда. Соның ішінде қалада жаңадан салынып жатқан қуатты, модульдік қазандық та бар. Мамандардың айтуына қарағанда, жаңа қазандықтың қуаты – 100 мегабайт. Толық қуатына енген кезде 100 мың шаршы метр аумаққа дейін жылу бере алады екен. Қазандық қатты отынмен жағылады. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықовтың айтуынша, қатты отынға көшу ең алдымен бюджет қаржысын үнемдеп, жылу беру сапасын жақсарта түспек. Бұрынғы қазандықтың қуаты 18 гигакалорий болса, жаңасы 24 гигакалорийға жетпек. Жылу қуатының артуы тұтынушылар санын біршама арттыра түсуге мүмкіндік береді. Орталықтандырылған жылу жүйесінің қамтитын аумағы кеңейген сайын тұтынушылардың саны көбейе түспек.
Жоғарыда аталған бағдарлама аясында жаңа қазандықты салуға 502 млн теңге қаражат бөлінген. Соңғы жылдары ауданда құрылыс жұмыстары қанат жаюда. Биыл төрт қабатты тұрғын үй пайдалануға берілмек. Барлығы 210 пәтерлі бұл тұрғын үйдің көлемі 12 140 шаршы метрді құрайды. Демек, жаңа қазандықтың қажеттілігі әбден белгілі. Алдағы жылы көпқабатты бес тұрғын үй пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Міне, осы кезде бұрынғысы бар, кейінгі пайдалануға берілгені бар, тұтынушылар қатары еселене түспек.
Қысқа қамданудың қарекетін Сандықтау ауданынан да айқын аңғаруға болады. Қазір аудандық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Әуел баста 88 орынға лайықталған аурухана осыдан 48 жыл бұрын салынған екен. Жарты ғасыр бойы халыққа қапысыз қызмет еткен аурухананың әбден тозығы жеткен. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл республикалық бюджеттен 480 млн теңге қаражат бөлініп, ауруханадағы 4 бөлімше күрделі жөндеуден өткізілуде. Қабырғалары қымталып, жылытылып, жылу, су құбырлары алмастырылды. Электр энергиясын тасымалдайтын желі жаңғыртылды. Күрделі жөндеу жұмыстары келер жылдың қаңтар айының басында аяқталмақ. Көктемдегі қара дауылдан қатты зардап шеккен мекеменің бірі «Мирас» балабақшасы еді. Оған да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 43 млн теңге қаражат бөлінді.
– Ғимараттың салынғанына жарты ғасырдан аса уақыт өткен. Сол себепті қыстың аязды күндерінде суып кететін. Мемлекет қамқорлығының нәтижесінде шатырды толығымен жаңартып, төбесін қымтап, жылу құбырларын алмастырып алдық. Енді тоңа қоймаспыз, – дейді балабақша меңгерушісі Ботагөз Жуасова.
Өңірдегі қысқа қамдану шаруасы әлі де жалғасуда. Қоңыр күздің келбеті жылы. Дегенмен шаруаның уақтылы аяқталғанына не жетсін?!
Ақмола облысы