Ондағы ауқымды жобалар жалғасын табады
Кеше Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Әкім журналистерге облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өңірдегі мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іске асырылуы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында аймаққа қатысты айтқан сын-ескертпелерінің орындалуын баяндады.
Ондағы ауқымды жобалар жалғасын табады
Кеше Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Әкім журналистерге облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өңірдегі мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іске асырылуы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында аймаққа қатысты айтқан сын-ескертпелерінің орындалуын баяндады.
Ақтөбе облысындағы жалпы жағдаймен оқырман қауым өңірге арналған беттен мәлімет алып, атқарылған ауқымды істермен толық танысуына болады. Сондықтан біз брифингте тілшілерді қызықтырған мәселелер жөніне тоқталмақпыз. Бірінші айтарымыз, Ақтөбе облысында орташа айлық еңбекақы – 93 500 теңге. Өңір басшысының сөзіне илансақ, бұл көрсеткіш жаман емес. Облыс тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқаты жақсарып келеді. «Ағымдағы жылдың сегіз айында тұрғындардың жан басына шаққандағы номиналды ақшалай табысы 7,9 пайызға, орташа айлық еңбекақы 6,2 пайызға өскен. Сөйтіп, 93 500 теңгені құрап отыр», деді облыс әкімі. Сондай-ақ, облыста кедейлік деңгейінен төмен табыс табатын тұрғындардың саны 27,5 пайызға қысқарып, жалпы саны 284 адамды құрапты.
Салыстыратын болсақ, осыдан екі жыл бұрын атаулы әлеуметтік көмек 1100 адамға төленсе, қазір төрт есе азайыпты. Екі жыл бұрын бұл мақсатқа 25 млн. теңге бөлінеді екен. Қазір ол 4 есеге дейін қысқарған. Облыс әкімі өңірдегі жетістіктерді айта келіп, білім беру, спорт, мәдениет, денсаулық сақтау салаларына да кеңінен тоқталды. Әкімнің баяндамасына орай қойылған сауалдың бірі, Қазақстанның өзінде 5 облыспен, сондай-ақ, Ресей, Өзбекстанмен шекараласатын өңірдегі құқықтық тәртіп және діни ахуал туралы болды. «Облыста діни ахуал тұрақты, бірқатар жұмыстар атқарылды. «Аңсар» оңалту-кеңес беру орталығы ашылды.
Оның басты мақсаты – теріс ағымда жүрген жастарға таным-түсінік тұрғысында көмек беру. Жастар орталыққа келіп, білімдерін толықтырады, жөні келсе орталық арқылы жұмысқа да орналасады. Бүгінде 50-ге жуық адам оңалтудан өтіп, жұмыс тапты», деді А.Мұхамбетов.
Бүгінде, облыста 68 діни бірлестік қайта тіркеуден өтіпті. Өңірдегі діни ахуалды сауықтыру жұмыстары нәтижелі жүргізіліп жатқан көрінеді. «Мешіттерді мамандармен қамтамасыз еттік. Білімі жақсы 17 имамды қызметке тарттық. Олар баспанамен, көлікпен қамтамасыз етілді. Бұл бюджет қаражаты емес. Олар имамдары жоқ шағын ауылдарға барып, жұмыс жүргізеді», деді облыс әкімі.
Осы күнге дейін аймақта дінге қатысты таным-түсінікті негіздейтін 30 мың данадан астам кітап шығарылыпты. Облыста жастарды дұрыс жолға насихаттау жұмыстары жүйелі жүргізіліп, жат ағымда жүрген адамдар саны азайып келеді екен.
Әкім Мемлекет басшысының 11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы өңірге қатысты сынына байланысты журналистер сауалына нақты жауап берді. «Аталған мектептердің сыйымдылығы бірдей. Бірақ, бағасы әртүрлі. Оның себебі, мектептердің орналасқан жерінде болып отыр. Қала орталығында орналасқан аудандарға мектеп салу арзанға түседі. Өйткені, инфрақұрылымдар мен қажетті дүниенің бәрі қасында. Ал, қала сыртына инженерлік-коммуникациялық жүйелерді жүргізуге тура келеді. Сондықтан, екі мектептің құрылыс бағасында 60-70 млн. теңге көлемінде айырмашылық болған. Мұны тиянақты тексерген күштік құрылым қызметкерлері ешқандай заң бұзушылықты таппады. Осындай түсініспеушілік орын алмауы үшін, алдағы уақытта мектеп салу үшін смета жасағанда инженерлік-коммуникациялық жүйелерді бөлек сметамен есептейтін боламыз», деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан балабақша мәселесіне де арнайы түсінік берді. «Шалқар қаласындағы құны 75 млн. теңгелік балабақшаны екі есе бағамен сатып алған білім бөлімінің бастығы жұмысынан босатылды. Конкурстық комиссияның төрағасы жауапқа тартылып жатыр. Іс сотқа жіберілген еді. Сот істі қайта тергеуге қайырды. Тергеу ісі аяқталған соң барлық мәліметтерді жариялайтын боламыз», деді әкім.
Облыс әкімі бұл сынның орынды болғанын айтып, барлық білім беру мекемелерінің нысандарына бақылау жасалатынын білдірді.
Аталған облыс басшысына бұдан да өзге көптеген сауалдар қойылып, нақты жауаптар берілді.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».