Алматы облысында жаңадан салынған медицна нысаны пайдалануға берілді. Екі жүз науқасты бір мезетте қабылдап, ем-дом жасауға мүмкіндік беретін инфекциялық аурухана өңірдегі санаулы мерзім аралығында салынған ғимарат ретінде ерекшеленді. Құрылысты іргетасынан бастап, толықтай аяқтау үшін құрылысшыларға 55 күн жеткілікті болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай, коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайық жоғары деңгейде ұйымдастарылуда. Тапсырмаға сәйкес бірнеше облыста модульді жұқпалы аурулар ауруханасын салу қолға алынған болатын. Біздің облыс тапсырма берілісімен жұмысты бастап кетті. Бүгін, міне, қысқа мерзімде аурухананы пайдалануға беріп отырмыз", деді обылстық жұқпалы аурулар ауруханасының ашылуына келген облыс әкімі Амандық Баталов.
Аумағы 4,18 гектар жерді алып жатқан инфекциялық аурухана 200 орынға арналған. Оның құрылысы мен қажетті құрал-жабдықтар алуға 7,5 млрд теңге қаржы жұмсалған екен. Қазір аурухана жұқпалы індет жұқтырған науқастарды емдеуге толықтай дайын. 20 төсектен тұратын жансақтау бөлімінен бөлек, МРТ мен цифрлы рентген аппараты қойылған бөлмелер де қажетті көмек көрсетуге әзір. Науқастар үшін соңғы үлгідегі екі гемодиализ аппараты да жаңадан қойылған. Жансақтау бөлімі толықтай жасанды тыныс алдыру аппараттарымен жабдықталған.
"Нысанды қысқа мерзімде сапалы етіп салып шыққан "BI Group" құрылыс компаниясына алғыс айтамын. Құрылысшыларға ризашылығымды білдіремін. Өзім де құрылысшы болғандықтан жұмыстың қандай деңгейде жасалып жатқанын қабырғасы қаланған кезде-ақ байқағанмын. Міне, ішін аралап шықтық. Бәрі керемет, түп-түзу, талапқа сай. Қауіпсіз және жылы болатынына сенім мол", деді аймақ басшысы Амандық Баталов жаңа нысанды аралау барысында.
Жалпы, жаңадан ашылған ауруханада жұмыс істейтін дәрігерлер саны 400 маманға дейінге көбейеді екен. Ауруханың өзі 8 бөлімнен тұратын болғандықтан, дертті анықтау мен емдеуге дейінгі аралықтағы қажетті медициналық көмектің барлығы тізбек бойынша осы ғимарат ішінде жүзеге асуы тиіс. Науқасты қабылдаудан басталған үрдіс дерттің деңгейін анықтау мен ем-дом тағайындауға дейін бірізділікпен жүзеге асады. Сондай-ақ, ауруханада соңғы үлгідегі құрал-жабдық қойылған операция бөлмесі мен шағын үлгідегі перзентхана да жұмысын бастады.
Айпақшы, жаңадан ашылған мекеменің жұмысы толықтай цифрлы жүйемен басқарылады. Яғни, бұл аурухана Алматы облысындағы алғашқы "ақылды" аурухана болып отыр. Бұл жаңалық аймақтың медицна саласын цифрландыруды жаңа белеске көтергені анық. Жалпы облыс денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша ауылдық өңірлердің өзін 84 пайызға жеткізгенболатын. Ал облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі ауруханалардың интернетке қосылуы 100 пайыздық межеден көрінген. Жалпы, медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге 53 медициналық мекеме қосылып, электронды форматқа 224 нысан көшірілген екен. Оның ішінде тұрғындардың 98,1 пайызында электронды денсаулық паспорты бар. Нәтижесінде, 1 997 750 адамның науқас тарихын цифрлы жүйе арқылы зерделеуге толық мүмкіндік туып отыр.
Сондай-ақ, облыстағы дәрігер кадрлардың жетіспеушілігін жоюдың жолдары шешілуде. Әсіресе, мамандардың әлеуметтік жағдайын жасауға көңіл бөлініп отыр. Мысалға, жаңадан ашылған осы ауруханаға маман тарту үшін Талдықорғандағы коттеджді қалашықтан 47 баспана бөлініпті. Ал жас мамандардың баспана мәселесін шешу үшін жатақхана салынуда. Ғимарат қараша айында қолданысқа берілмекші. Қазірдің өзінде он жас маман жұмысқа қабылданып, осы жатақхананың ашылуын күтіп жүр. Жалпы, облыста реаниматолог, кардиолог, эндокринолог дәрігерлердің жетіспеушілігі бар. Бұл мәселені медициналық білім беретін жоғарғы оқу орындарымен келісімге отыру арқылы шешу қолға алынған. Осы мақсатқа облыс әкімі гранты бөлініп, қажетті мамандарды даярлауға тапсырыс берілген.
Алматы облысы