Президент Н.Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сындарының шапағаты биліктің заң шығарушы тармағына да тиіп жатыр. Бұған дейін парламентарийлердің бастамашылығымен әзірленіп, елге, халыққа аса қажетті, қандай да бір пайдасын тигізуге қабілетті заң жобалары мемлекеттік шығыстарды орынсыз ұлғайтады деген сылтаумен Үкімет тарабы өзінің оң қорытындысын бермегендіктен аяқсыз қалып жататын.
Президент Н.Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сындарының шапағаты биліктің заң шығарушы тармағына да тиіп жатыр. Бұған дейін парламентарийлердің бастамашылығымен әзірленіп, елге, халыққа аса қажетті, қандай да бір пайдасын тигізуге қабілетті заң жобалары мемлекеттік шығыстарды орынсыз ұлғайтады деген сылтаумен Үкімет тарабы өзінің оң қорытындысын бермегендіктен аяқсыз қалып жататын.
Мәселен, «Ардагерлер туралы», «Қоғамдық бақылау туралы» және т.б. заң жобалары осындай себептермен бәлен жылдан бері қаралмай келеді. Өздерін мемлекет қаражатын шашау шығармайтын, үнемшіл, мемлекетшіл етіп көрсетуге тырысатын атқарушы билік мұндайда белсенді бола қалып, парламентшілердің игі қадамдарын тұсап тастайтын. Енді әсіреүнемшілдігінің арты қайыр бермеген Үкімет миллиардтаған қаражат желге ұшып жатқаны әшкере болғанда депутаттардың орынды бастамашылығына кедергі келтірмейтін сияқты.
Өткен жолы депутаттардың бастамашылығымен әзірленген тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заң жобасы Мәжілістің қарауына бірінші оқылымда ұсынылып, мақұлданған болса, палатаның соңғы жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» депутаттардың өздері әзірлеген заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Екеуіне де Үкімет өзінің оң қорытындысын берген болып отыр, әйтпесе, миллиардтаған шығысты қажет ететін заң жобасы Мәжілістің қарауына ұсынылмас еді.
Сонымен, Қ.Жақыпов, С.Біләлов, Ж.Дүйсебаев, Р.Ким, С.Үмбетов, Р.Шаекин сияқты агроөнеркәсіп саласын жетік білетін маман әрі басшы болған депутаттар әзірлеген заң жобасы нені көздейді дегенге қысқаша тоқталайық.
«Медицина адамды, ал ветеринария адамзатты емдейді» деген қанатты қағида бар. Қазақтың өзінде: «Ауру – астан, дау – қарындастан» деген де нақыл барын білеміз. Адамның денсаулығына ең бірінші әсер ететін сапалы ас тұтасымен ветеринария қызметінің жітілігіне тәуелді. Күнделікті ішетін асымыз, жейтін дәміміз негізінен мал мен құс өнімдері болғандықтан, олардың аурудан ада, сау болғандығы халықтың ағзасын да аман сақтайды. Сондықтан да ветеринария қызметінің барлық талаптарына жүрдім-бардым қарамай, тыпыр еткізбей орындататын заң ауадай қажет-ті.
Аталған заң жобасы нақ осы мәселені қарастырған. Мәселен, осы уақытқа дейін ветеринарлар жұқпалы, қатерлі аурулары болғаны себепті жойылған (күйдірілген) малдардың қаңқаларын вирустары тарамас үшін арнайы, аузы мұқият бекітілген жертөледе жасырылуы керек десе де, соны жасатуға қол жеткізе алмай жүретін еді. Шала көмілген қалдықтарды аш иттер жұлмалап, ауру жұқтырып, артынан оларды ұстаған, сипаған иелері де ауырып жататыны жоққа шығаруға болмайтын фактілер. Ал мына заң жобасында ветеринарлық-санитарлық қағидаларды, яғни олардың талаптарын орындамаған лауазым иелерінің жауапкершілігін қатаңдату көзделген. Демек, енді аудан, ауыл әкімдері ветеринарлық нормаларға атүсті қарамайтын шығар деген үміт бар.
Заң жобасы туралы баяндама жасаған Роман Кимге берген сұрағында депутат Шалатай Мырзахметов жобаны әзірлеу барысында басқа елдердің осы тәріздес заңдары зерттелді ме, тәжірибелері қарастырылды ма деген сұрақ берді. Оған басқалардың тәжірибелері ескерілгені, соның ішінде Кеден одағындағы әріптестеріміз Беларусь пен Ресейде де осындай заң бар екендігі айтылды. Депутат Ирина Аронова заң жобасын іске асыру үшін бюджеттен нақты қанша қаражат қажет екенін білгісі келді. Оған ауыл шаруашылығын дамытудың «Агробизнес-2020» салалық бағдарламасы шеңберінде 7 жылға шамамен 534 млрд. теңге қажет екендігі есептеп шығарылғаны жеткізілді.
Сонымен қатар, заң жобасы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаржы институттары алдындағы қарыздарын кепілдендіру мен сақтандыру, өңдеуші кәсіпорындардың шикізатты (қант қызылшасы) сатып алу шығындарын субсидияландыру және т.б. сияқты нормаларды да қарастырған. Ауыл тұрғындарын қолдау мақсатымен қорадағы жануарларына сырға тағу, оларды біріздендіру, ветеринарлық анықтамалар мен паспорттар беру сияқты шығындар да бюджет есебінен болатыны көзделіпті. Осы шығындарды да ауырсынатын ауылдың кейбір тұрғындары малдарын жасырып, санын айтпай жүретін. Енді бұл шығынды да өкімет өз мойнына алмақшы.
Бүгінгі күндері, жиі болмаса да, ауыл тұрғындарының жұқпалы ауру табылғандықтан, көздері жойылған малдары мен құстары үшін қазынадан өтемақы ала алмай дүрлігіп жататынын естіп қаламыз. Әрине, бұл шығындар бүгін де бюджет есебінен өндірілетіні туралы ережелер бар. Алайда, ереженің бәрі бізде еш кідіріссіз орындалмайды ғой. Ал мына жоба соны барынша нақтылап, өтемақы төлеуді заңнамалық нормамен қатаң негіздеген. Енді ешкім де (шенеуніктерді айтамыз) бұлтармай, бұлталақтамай көзі жойылған мал үшін иесіне өтемақы төлейтін болады. Егер тағы да түрлі кедергілер ойлап тапса, мына заңның талаптарына сәйкес жауап береді
Әрине, біз заң жобасы Мәжіліс тарапынан екінші оқылымда да, Сенат тарапынан да қабылданатынына сенімдіміз. Өйткені, ол еліміздің аграрлық секторын дамытуды, сондай-ақ Қазақстанның БСҰ-ға енген жағдайында бәсекелестікке қабілеттігін арттыруға игілікті ықпал етеді деген үміт бар. Әзірге ол Мәжілістегі бірінші оқылымда бірауыздан мақұлданды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».