• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 06 Қазан, 2020

Дон Паскуалемен күзгі кездесу

234 рет
көрсетілді

Әртістер даусын кенеп, сахнаға шығар сәтін тағатсыздана күтуде. Костюм тігіншілері мен грим жасаушылар соңғы әзірліктерін аяқтауда. Ал қоюшы режиссер болса, финалдағы көріністерді тексеріп, түзетіп, шымылдық ашуға бұйрық берер жауапты сәтке дайындалуда. Әрқайсысы өзіне тиесілі жұмысты тындырып жүргенімен, барлығына ортақ күй, толқыныс біреу, ол – сағыныш! Жай сағыныш емес, қасиетті өнер, киелі сахнаға деген сағыныш.

 

Олай болуы заңды да. Өйткені Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» операсының премьерасы осы жылдың сәуір айынан бастап жұлдызды сәтін ұзақ күтті. Алайда әлемді жайлаған індет өнер әлемінің біраз жоспарын бұзды. Соған қарамастан сахнадағы жарқын сәттерінің бәз баяғы қалпына қайта оралатынына риясыз сенген әртістер тілегі қабыл болып, өткен демалыс күндері «Астана Опера» сахнасында италиялық композитор Г.Доницетти қиялына арқау болған «Дон Паскуале» операсының ­премьерасы өтті.

Спектакльдің қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Абзал Мұхитдин, қоюшы режиссері – Наталья Кагадий. Сценограф әрі кос­тюмдер бойынша суретші – Манана Гуниа, қойылымның көркемдік жетек­ші­сі – Алла Симонишвили. Бас хормейс­тер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Ержан Дәуітов.

«Мен күліп жүремін, бірақ менің жа­нымда жасанды қуаныштың астарына жасырған қайғым бар екендігі өзгеге емес, саған мәлім» – деп композитор сыр ақтарады «Дон Паскуале» шығармасын жазардан біраз уақыт бұрын туысқанына жолдаған хатында. Сірә, операның бас­ты тетігі, өзегі де осында жатса керек. Өйткені «Дон Паскуаленің» жанры автор тарапынан комедия деп анықталғанымен, табиғаты күлкілі драма, яғни опера-буф­фаға көбірек жақын.

Айтулы опера данышпан Доницеттидің әйгілі «Лючия ди Ламмермур» және «Ма­хаббат сусыны» (айтпақшы, аталған опе­ра да «Астана Операның» сегізінші мау­­сымында ұсынылмақ) операларынан кейінгі танымалдылығы бойынша үшінші туынды болуынан бөлек, мінсіз опера-буффаның жарқын үлгісі. Мұнда осы жанрға тиесілінің бәрі де жинақталған: қызықты сюжет, сапалы әзіл, киім ауыс­тырулармен байланысты күлдіргі жайттар және комедия дель арте түріндегі кейіпкерлер бар.

Композитор операны іс жүзінде екі ғасыр бұрын жазғанымен, шығар­ма­шылық ұжым бас кейіпкер Дон Пас­куале мен бірбеткей Норинаның сәтсіз некелесуі туралы сюжетті XX ғасырға ауыс­тырыпты. Сөйтіп, Дон Паскуале (Евгений Чайников) қариядан орта жас­тағы әсерлі ер адамға айналды.

– Доницеттидің пайымы бойынша, операның сюжеті егде жастағы ауқатты мырзаның жас қызға үйлену туралы ше­шімін мазақ етуге үндейді. Қай кезде болмасын, мұндай ниет – әбден қалып­ты құбылыс. Бірақ біздің Дон Паскуале – қарапайым қаусаған шал емес, егде тарт­са да адам қызығарлық, күш-қуаты тасы­ған бойдақ азамат. Біздегі Дон Паскуале – қымбат қонақүйдің иесі, өмірінде не керектің бәрі бар, толыққанды әрі дәулетті кәсіпкер. Сондықтан да оның жас та сұлу әйелге үйленуге қауқары бар. Дегенмен мен оны өз қалағанына қол жеткізе алмайтын жағдайға әкеліп тіредім. Мұның себебі оның қарт болуында емес, мәселе – махаббат үштігі мен оның ықпалды жағдайдан да күштірек себептерінің болуында, – деп түсіндірді бұл шешімінің сырын операның қоюшы режиссері Наталья Кагадий.

Спектакльдің безендірілуіне арқау болған ART NOUVEAU (арт-нуво) не­месе модерн стилі декаданстың нәзік­тігін баса көрсетіп тұр. Пішіннің талғам­паз­дығы, материалдардың эклектикасы, түстер гаммасы сән-салтанат пен мамыражайлық ахуалын туындатады. Не­гізгі оқиға Дон Паскуале да Корнетоға тие­сілі римдік қонақүйде өтеді. Яғни бір сөз­бен айтқанда, алғашқы бөлім барынша ба­тыл жасалған Дон Паскуаленің жатын бөл­месінен басталады. Сондықтан да бұл қо­йылымды көру үшін жас шектеулері бар. Екі бөлімде де әзіл, жасандылық, ұт­­қыр қылықтар, ал соңғысында, яғни екін­ші бөлімінде түңілу мен әшкерелеу ба­сым.

Сахна суретшісі италиялық Ма­на­на Гунианың декорациялары мен кос­тюм­дері көрермен назарын ә деген­нен жаулап алды. Трансформер-деко­рациялар – сценографтың зор еңбегі. Ал поэтикалық витраждар көрермендер үшін тартымды сый болғаны анық. Тұтас қабырғаны алатын үлкен терезелер сахнада өзінше ғаламат бір әлем түзген. Декорациялардың трансформациясы зәулім қонақүйдің күнделікті өмірін іштен бақылап отырғандай айрықша әсерге бөлейді. Ал BELLE EPOQUE соңындағы костюмдер басты кейіпкерлердің әлеу­меттік әрі психологиялық сипатын ашуда үлкен рөл атқарғанын баса айтуға тиіспіз. Әсіресе бас қаһарман Норинаның (Салтанат Ахметова) визуалды трансформациясы қарқынды дамиды. Режиссер атап өткендей, бұл жерде бас кейіпкер Дон Паскуаленің бейнесі жаңа қырынан ұсынылған. Ол күлкі тудыратын қарт емес, егде тартқан «дэнди», ақсүйек «арыстан» азамат. Оның костюмдері қатаң эдвардиан стилінде жасалған және кейіпкердің сырбаз да сымбаттылығын ашуда үлкен рөл атқарады. Яғни көрермен ретінде түйсінгеніміз – мұндағы әрбір әртістің костюмі – жеке-дара мінез-құлық, индивидуум. Сонысымен де бұл опера ерекше, бұрынғыларға ұқсай бермейді.

Қойылымда бас кейіпкер Дон Пас­куале бейнесін Евгений Чайников кейіп­тесе, оның серіктесі Норина рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Операның» жетекші солисі Салтанат Ахметова жарқырай көрінді. Салтанаттың сараптауындағы Норина дәл композитор түпнұсқада суреттегендей жалынды да қу, өткір де шынайы мінезде мүсінделді. Көрермен қауым шын мәнінде сопраноның тамаша дауысынан ләззат алды, сондай-ақ оның вокалдық шеберлікті меңгеруінің керемет техникасына куә болды. Жалпы орындаушылар құрамын таңдауда режиссер кейіпкерлер ерекшелігіне сай дөп түскен. Бас кейіпкерлерден бөлек, Эрнесто бейнесіндегі тенор Жан Тәпин, доктор Малатеста рөліндегі жас әнші Ержан Сайыпов өнері көпшілік көңіліне берік бекіді. Доктор Малатеста Ержан Сайыповтың дебюті болғанымен, жас баритон жарқын актерлік шеберлігінің арқасында барлық вокалдық қиындық­тарды оңай еңсеріп, партиясын кәсіби жоғары деңгейде орындап шықты.

Гаэтано Доницеттидің музыкалық жауһарын маэстро Абзал Мұхитдиннің дирижерлік етуімен «Астана Опера» оркестрі ұсынды. Музыканттар парти­тураның әрбір нөмірін шынайы інжу-маржан ретінде аса ыждаһаттылықпен орындап, басты кейіпкер образын үлкен жандылықпен сипаттады. Хор әртістері де өздерінің шығарманы тамаша орындауымен әрі үйлесімді жұмыстарымен қуантты.

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Астана Опера» театры сахнасында екі күн қатарынан зор табыс­пен өткен атақты италиялық композитор операсының премьерасы осылайша естен кетпес ерекше күн ретінде тарих қойнауына енді. Көрерменнің толассыз соғылған қошеметіне қарап «Дон Паскуале» операсын талғампаз қауым көңілінен шықты деп бағалауға толықтай негіз бар. Сахнасын сағынған әртістер, саф өнерді аңсаған көрермен араға жарты жыл уақыт салып, ұзақ уақыт үзілістен кейін осылайша шат-шадыман көңіл-күйде бір-бірімен қайта қауышты.