Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын елорданың «Барыс» клубы екі апталық карантиннен шығып, мұзайдынға оралды. Үзілістен кейінгі бірінші ойында Санкт-Петербургтің СКА клубын қабылдап, буллит сериясында басым түсті.
Осыдан екі апта бұрын «Барыстың» бірқатар ойыншысы мен бапкерлер құрамы коронавирус індетіне шалдығып, екі апталық карантинге жабылған еді. Осылайша, 14 күндік «демалыс» алған елорда командасы «Барыс Арена» мұзсарайында өткен ойынға өте тың және жақсы дайындықпен келгені байқалды. Бәсеке басталған бетте ойын тізгінін қолға алған «Барыс» сайыпқырандары бірінші кезеңнің өзінде СКА қақпасына қатарынан екі шайба соқты. Гол авторлары – Антон Сагадеев (14-минут) пен команда капитаны Даррен Диц (19-минут). Үзіліске дейін Санкт-Петербург ұжымы есеп айырмасын қанша қысқартуға тырысқанымен, оған «Барыстың» қырағы қақпашысы Хенрик Карлссон мүмкіндік берген жоқ.
Екі шайба айырмашылығымен алға шыққан соң аздап еркінсіп кеткен «Барысты» СКА хоккейшілері екінші кезеңде сабаларына түсірді. Ойынның 29-минутында Иван Морозов мергендігімен көзге түссе, үшінші 20 минуттықта да екі дүркін Гагарин кубогінің иегерлері бір шайба соғып, таблодағы көрсеткішті 2:2-ге жеткізді. Шайба авторы – Евгений Тимкин.
Негізгі уақыт пен овертаймда тең түскен соң, жеңімпаз команданың есімі буллит сериясында анықталды. Бес шайбаның үшеуін қақпаға дәл бағыттаған «Барыс» хоккейшілері жеңіске жетті. Тағы бір айта кетерлігі, «Барыс» кейінгі бес жылда бірінші рет СКА клубынан басым түсіп отыр. Бұған дейін жерлестеріміз 2015 жылдың 28 қазанында елордада өткен бәсекеде Санкт-Петербург командасынан 4:2 нәтижесімен басым түскен еді. Осы уақытқа дейін «Барыспен» өткен барлық матчта СКА-ның мерейі үстем болған.
Матчтан кейін ойын туралы пікір білдірген «Барыстың» бас бапкері Юрий Михайлис үзілістен кейін ойнау қиын болса да, хоккейшілер мұзайдынға тек жеңіс үшін шықты дейді.
– Ойын біз үшін қиын болды. Бірінші кезеңде басым түскенімізбен, екінші және үшінші кезеңде қарсыласқа есе жібердік. Әрине, қашанда үзілістен кейін матч өткізу қиын. Соған қарамастан табандылық көрсетіп, жеңіске жеткен командама ризамын. Жігіттер көп күш жұмсады. Мұзайдынға шыққан барлығына көңілім толды, әсіресе Хенрик Карлссонды ерекше атап өткім келеді. Ол бүгін өте жақсы ойнады. Десе де, ойында техникалық қателік көп болғанын жасырмаймын. Алдағы уақытта осы қателікпен жұмыс істейтін боламыз. Әр ойын сайын жақсы қырымыздан көрініп, жанкүйерлерді жеңісімізбен қуантамыз деген ойдамын.
Биылғы тұрақты біріншілікте «Барыс» осымен үшінші жеңісіне қол жеткізді. Жеті турдан кейін елорда командасы ҚХЛ-дың «Шығыс» конференциясындағы турнир кестесінде 9 ұпаймен тоғызыншы орында келеді. Ал СКА биылғы маусымда бесінші мәрте жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болды. Десе де, 8 ойында жеңіске жеткен Санкт-Петербург ұжымы «Батыс» конференциясында екінші орында тұр.
«Барыс» келесі ойынын ертең сырт айдында Екатеринбургтің «Автомобилист» клубымен өткізеді.