«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аймақтағы елді мекендердің кем-кетігін түзеп, ажарын кіргізіп, туған жердің түтінін түзу ұшыруға орасан зор септігі тиіп жатқан шара екендігін ауыз толтырып айта кетелікші. Талай жылдан бері оқталғанымен, сәті түспеген сан шаруа бір демде шешіліп қалды.
Биыл жоғарыда аталған бағдарлама шеңберінде облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылының жолын жөндеу үшін республикалық және облыстық бюджеттен 827 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Шындығын айтқанда, өңің түгіл түсіңе енбестей көмек. Қазір ауыл тұрғындары ажары шымшымдап еніп келе жатқан елді мекеннің еңсесі биіктей бастағанына қуанулы. Бөлінген қаржы бұған дейін мың шұңқыр болып, көлікпен жүрген адамның белін үзердей болған 24 көшеге асфальт жамылғы жабуға бағытталған. Ауқымы кең шаруаны «КөкшеАгроинвест» ЖШС атқаруда. Сәуір-маусым айларында дайындық жұмыстары жүргізілді. Қиыршық тас төселіп, су құбыры тартылды. Шілде айында 7,6 шақырымды құрайтын жеті көшеге жол салынды. Ауыл мен оның іргесіндегі Нұрлы көш елді мекені аумағындағы жолға қиыршық тас төселді. Оның жалпы аумағы 14 мың шаршы метрді құрайды. 2,3 шақырым асфальт жолдың тұғыры дайындалды. Ауылдық округ әкімінің орынбасары Серікжан Мақыштың айтуына қарағанда, жұмыс кестесінен сәл-пәл ауытқуға асфальт пен битумның жетіспеушілігі себеп болған. Қазіргі күні серіктестік Щучье асфальт-бетон зауытымен келісімшарт жасасып отыр.
Соңғы жылдары түйткілді мәселеге айналып келген орталықтандырылған жылумен қамту жайы да оңынан шешілетін түрі бар. Симферополь, Бейбітшілік, Шәкеев, Сейфуллин көшелеріне жаңа жылу құбырлары тартылуда. Бұл жұмысты «Сапа құрылыс-2007» ЖШС атқаруда. Қазіргі күні 3 эксковатор, 6 автокөлік, басқа да арнайы техника пайдаланылуда. Мамандардан бөлек жергілікті жерден 24 адам жұмысқа тартылған. Бұрын жылу құбыры жер үстімен жүргізілсе, қазір жылу шығыны көп болмауы үшін жер астымен тартылуда. Оның үстіне құбырдың кеңдігі ұлғайтылған. Мәселен, бұрын 300 милиметрлік құбыр пайдаланылса, қазір бұл көлем 426 миллиметрге жеткізілген. Жаңа жылу құбыры ауылдағы орталықтандырылған жылу жүйесінің ауқымын кеңейте түседі. Жаңа жылу құбырының бойында ақау бола қалса, жылдам анықтайтын арнайы желі де тартылуда. Ал құбырлар ұзақ уақытқа төтеп беретіндей сапалы әрі берік. Мамандардың айтуына қарағанда, пайдалану кезінде барлық ережелерді бұлжытпай сақтайтұғын болса, отыз жылға жетеді екен.
– Облыс орталығының іргесінде тұрғанымызбен, дәл мұндай жақсылықты көрген жоқ едік, – дейді Краснояр ауылының тұрғыны Думан Ғабидуллин, – биыл біздің ауылда оң өзгерістер болып жатыр. Жел электр стансасы пайдалануға берілді, жолымыз жөнделіп, жылу құбыры тартылуда. Орталықтың өңіне қарасаң, көңілің өсіп қалады. Осының барлығы мемлекетіміздің қамқорлығы деп ұғуымыз керек. Қазір біздің ауылдың тұрғындары өңі кірген өлкенің сәні мен салтанатына тәнті болып жүр.
1991 жылы пайдалануға берілгеннен бері күрделі жөндеу жүргізіліп көрмеген «Көкше» мәдениет үйі де адам танығысыз. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 206 млн теңге қаражат бөлініп, өнер мен мәдениет ошағы құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай жұтынып тұр. Ғимараттың сыртқы келбеті әрленіп, жылу жүйесі жаңартылған. Едені мен есік-терезесі алмастырылған. Қазіргі күні кіре берістің келбеті өзгеше өңмен безендіріліп, аяқталу үстінде. Мәдениет үйінің маңайы тегіс абаттандырылып, көркейтілген. Сөз арасында бұл мекемеде өнер мен мәдениеттің өрісі кең қанат жайып отырғанын айта кетуге де болады. Мәдениет үйінің директоры Алпыстай Еламановтың айтуына қарағанда, отыздан астам клуб бірлестігі жұмыс істейді. Оған ауылдың 585 адамы белсенді қатысады. Балалар жаттығатын бокс, шығыс жекпе-жегі, тоғызқұмалақ үйірмелері де осы жерде. Шығармашылық ұжымдар сан мәрте халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанған. Мәселен, биылдың өзінде Қарағанды қаласында өткен халықаралық би байқауында «Ритм» хореография ұжымы бірінші орынды еншілепті. Демек, қамқорлықтың қайтарымы бар деген сөз.
Жаман тұмау жан алқымнан алып тұрған кезде де ауылдастарының көкірегіне рухани байлықтың арайын төгуді бір үзбеген екен. Тоғыз айдың ішінде 432 мәдени көпшілік шара онлайн форматында жүзеге асырылған. Қалған шаруаны мұқият қамтып, қазанның 30-ы күні жаңаша жақсы кейіпке енген мәдениет үйі есігін айқара ашпақ.
Балаларға да бар жақсылық жасалуда. Бұрын ауылда балалар алаңы екеу-ақ болса, жаңадан 8-і салынып отыр. Енді көпқабатты үйлерде тұратын балалардың барар жері бар. Бала біткен қызығып ойнайтын құрылғылар көздің жауын алады. Балалар ғана емес, ересектердің де осы алаңдарда спортпен шұғылдануына мол мүмкіндік туып отыр. Алаңдарды тұрғызуға облыстық бюджеттен 68,6 млн теңге қаражат бөлінген. «Таутас стройсервис» ЖШС бар жұмысты тиянақты атқарған. Алаңдардың маңайы мұқият тазаланып, көгалдандырылған. Іргесіне ағаш отырғызылыпты. Мұндай жақсылықтың шарапаты «Нұрлы көш» елді мекенін де қамтыған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мекемесі тарапынан жаңа заманғы жоғары талапқа әбден лайықты үш шағын футбол алаңы пайдалануға беріліп отыр.
Осылайша ел еңсесін көтеруге айрықша септігі тиген бағдарлама аясында қыруар жұмыс тындырылып, ауылдың ажары адам сүйсінерлік кейіпке енген. Туған жердің келбеті ХХІ ғасырға беттеп бара жатқан мәңгілік елдің ұлы мұраттарына сай болса, жас ұрпақ та көкірегіне ізгі сезімдерді сіңірмек. Ауылдың ажары кірген сайын адамдарының да жан-дүниесін сәулелі сезімдер баурайтыны бар емес пе?!
КӨКШЕТАУ