• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2013

АҚШ Кубаға жасалған санкциясын қайта қарайды

310 рет
көрсетілді

АҚШ бұдан 53 жыл бұрын Кубаға қарсы жариялаған санкциясын қайта сүзгіден өткізеді. Бұл туралы TREND ақпараттық порталы хабарлады.

Флорида штатында болған жиында: «Біз өз саясатымызды жасампаздықпен жүргізуіміз керек», – деп сөзін бастаған президент Барак Обама АҚШ-Куба қарым-қатынасына қатысты өз ойын білдірді.

Барак Обаманың пікірінше, жарты ғасырдан астам уақыт Кубаға бағытталып келген барлық шектеулер қазіргі кезде өзінің өзектілігін жоғалтқан. АҚШ президенті аталған түйткілді қайта қарау екі елдің ара-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп есептейді. Сондай-ақ, ол Американың жас ұрпағы АҚШ пен Куба арасындағы қарым-қатынасты жұмсарту үшін тың тетіктер іздей бастайтынын жеткізді.

Сәл шегіне сөйлесек, 1960 жылы АҚШ Кубаны саяси және экономикалық қысымға алуды бастаған. Мұның себебін түсіндірсек, сол тұстарда Куба билігі өз аймағындағы америкалықтарды  бұрынғы әлеуметтік артықшылықтарынан және жеке меншіктеріндегі дүние-мүліктерінен  айырған-ды. Міне, содан бері әлгі санкция қамыты Кубаның мойнында тұрған болатын. Тіпті, 1962 жылы АҚШ Бостандық аралына қысымды тым күшейтіп жіберді. Алайда, Куба билігі оған да айылын жимады.

Жалпы, АҚШ Кубадан демократиялық үрдістерге жол ашуды, адам құқығына құрметпен қарауды талап етіп келеді. Сондай-ақ, АҚШ билігі өзінің дегеніне көне қоймайтын елдермен Кубаның әскери қарым-қатынас жасауын да қаламайды.

Жолдыбай Базар. 

 

Соңғы жаңалықтар