Иран мемлекеттік телеканалы израильдіктердің үрейін алатын бес минуттық фильм көрсетті. Көлемі өте шағын бұл фильмде алдағы уақытта болуы мүмкін ықтимал соғыста Иран өз зымырандарымен Израильді қалай атқылайтыны туралы көрсетілген. Бұл туралы «Лента.ру» сайты хабарлады.
Шағын ғана көрсетілімді түсіру компьютерлік бағдарлама арқылы жүзеге асқан. Фильмде Иран жағы баллистикалық зымырандарын Израильге бағыттағаны, түскен жерін талқандағаны, сонымен қатар, олардың бірнешеуін қарсылас жақ та қарап қалмай, жойып жібергені көрсетілген. Аталмыш лента Иранның Израильге жасауы ықтимал шабуылының жоспар-жобасы тәрізді. Өйткені, фильмде Иран «шабуылдаушылары» Израиль қорғаныс министрлігінің бас ғимаратын, әскери базаны, Димон қаласындағы ядролық орталықты, Тель-Авивтің әуежайын нысанаға алған.
Фильмнің соңында 2006 жылы Ливандағы соғыста өлген израильдіктердің мүрдесі көрсетілген.
Естеріңізде болса, 8 қарашадан бері Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Женевада «алтылықтың» басқосуы өтіп жатыр. Дәл осы қарсаңда аталған фильмнің жариялануы талайды ойлантып тастады.
Женева келісімі Иран үшін сәтімен аяқталса, онда бұл мемлекет өзін құрсаулаған халықаралық санкциядан құтылады. Ал бұған Израиль үзілді-кесілді қарсы болып отыр.
Осындай қысылтаяң шақта Иранның израильдіктердің құтын қашыру мақсатында фильм түсіруі қарсылас жақтың қытығына тимей қоймайтыны белгілі.