Усама бен Ладен өлтірілгеннен кейін оның орнын басқан Айман әл-Зауахири Сирия аумағында белсенді әрекет етіп жүрген «Әл-Каида» қарулы тобының бірі – «Ирак пен Левант ислам мемлекетінің» таратылғанын мәлімдеді. Бұл туралы News.ru порталы хабарлады.
Бұл қарулы топ «Әл-Каида» ұйымы басшылығының рұқсатынсыз құрылғандықтан таратылған.
2013 жылдың маусым айында «Әл-Жазира» телеарнасы Айман әл-Зауахиридің хатын жариялаған болатын. Хатта «Әл-Каида» ұйымының Ирактағы жетекшісі Әбу Бакр әл-Бағдади «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» тобын басшылықтың келісімінсіз құрғаны айтылған.
Айман әл-Зауахиридің айтуынша, Сирия жерінде Башар Асад билігіне қарсы «Әл-Каиданың» ұйымына қарасты тек «Әл-Нусра майданы» қарулы тобы күресуде.
Жолдыбай Базар.