Қазір елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жоғары деңгейде жүріп жатыр. Бұл істе атқарушы билік сатысындағы мемлекеттік қызметшілерге қатысты талап күшейді. Алайда қазына қаражатын қымқыруға бейім лауазымды тұлғалар қатары азаймай отырғаны өкінішті. Әсіресе жең ұшынан жалғасу мен пара алу әрекеті аймақтарда байқалуда.
Жемқорлыққа қатысты жаманатқа ілігу жағдайы Жетісу өлкесіне де жат болмай тұр. Оның ішінде шенеуніктер тарапынан мемлекет қаржысына қол сұғудың дерегі жиі анықтала бастағаны қынжылтады. Бұл мәселеге жақында Алматы облысына арнайы сапармен келген Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері де алаңдаушылық білдірді. Дерек бойынша жемқорлыққа қатысты заң бұзу дерегі облыстың жер қатынастарына жауапты мекемелер арасында жиі байқалған. Бұл салада жыл басынан бері 47 факті тіркелген. Осының кесірінен Алматы облысы жер қатынастары саласындағы жемқорлық бойынша екінші орынға шығып отыр. Заңды белден басуға жиі жол беретін саланың екіншісі мемлекеттік сатып алу жүйесі екен. Биыл бұл бағыт бойынша 60 дерек анықталыпты. Нәтижесінде, миллиондаған теңгені құрайтын бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол берілген. Қазына қаржысын оңды-солды жұмсау бойынша Еңбекшіқазақ ауданы озып тұрған көрінеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің анықтаған дерегі бойынша осы ауданда 485 млн теңге бюджет қаражаты мақсатсыз жұмсалған.
Жең ұшынан жалғасу мен ымыраласудың зияны өңірдегі мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген мол қаражаттың тиімді жұмсалуына да кедергі болып отыр. Бұл бағытта облыстың жемқорлыққа қарсы күрес қызметі өнімді жұмыс істеп отыр. Өткен бір айдың ішінде Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бірнеше лауазымды тұлғаға қатысты тергеу жұмысын бастады. Мысалы, Қапшағай қаласы аумағындағы жолдарды жөндеуге бөлінген қаржының 14 млн теңгесі қолды болған. Бұл қылмыс бойынша Қапшағай қаласының автокөлік жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің лауазымды қызметкерлері күдікке ілінді.
– Шенеуніктерге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген қаражатты жымқырды деген айып тағылып отыр. Олар Заречный ауылдық округі көшелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндеттелген ЖШС басшысымен жасалған шарт бойынша мемлекетке 14 млн теңгеден астам залал келтірген. Яғни, іс жүзінде орындалмаған жұмыс көлемі үшін қабылдау актісіне қол қойып, сол үшін пара алған, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ күні кеше ғана жемқорлыққа қарсы қызмет облыстың ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары мен осы мекеменің бас маманына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Лауазымды тұлғалар бұл жолы Жамбыл ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысынан 1 миллион теңге көлемінде пара алған.
Жалпы, жемқорлыққа қатысты ұсталып, сот шешімімен жазаланған шенеуніктер жоқ емес, бар. Алайда ар жолынан айныған адамдардың ісі өзгелерге сабақ болмай отыр. Тіпті қол астындағы қызметкерінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдікке ілінуінен кейін жұмыстан өз еркімен кетуге арыз жазған Текелі қаласының экс-әкімі Бақтияр Өнербаевтың өнегесі де ешкімге сабақ болмапты. Өйткені жақында кеншілер қаласының тағы бір мемлекеттік қызметшісі пара алды деген күдікке ілінді. Анығында, Текелі қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры жекеменшік оқу орынымен ымыраласып, «Еңбек» бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қаржысын игеруге қатысты жалған құжатқа қол қойған. Шенеуніктің ісі қазір тергеуде.
Айтпақшы Алматы облысында мемлекет қаржысын талан-таражға салу қылмысы пандемияға қатысты жарияланған төтенше жағдай кезінде де толастамаған. Тіпті облыс тұрғындары коронавирус індетінің зардабын шегіп отырған шақта, облыстың денсулық сақтау саласының шенеуніктері қалтасын қампайтуға жол берген. Мәселен, өңір халқына дәрі-дәрмек пен ауруханадан орын табылмай жатқан қысылтаяң кезеңде облыстық жедел жәрдем стансасының басшылығы «Денсаулык» бағдарламасы аясында бөлінген 2,55 млн теңге қаражатты өңештен өткізіп үлгерген көрінеді. Ал іс бойынша айыпты деп танылған «Облыстық жедел жәрдем стансасы» мекемесінің директоры Қ.Қалдыбаев 30 240 930 теңге айып төлеп жазадан құтылса, мекеменің бас инженері Д.Туғамбаев 3 жарым жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Алматы облысы