Осы жылдың ақпан айында Жетісай ауданы Күрішті ауылының тұрғыны 99 жастағы Күлай Сүгірбаеваның осы уақытқа дейін жеке куәлік алмағаны туралы мәселе көтерілген еді. Сол кезде анықталғандай Күлай әже өзінің барлық құжаттарын жоғалтып алып, соның салдарынан ұл-қыздары да құжатсыз жүрген екен.
Ал полицейлер болса, Күлай Сүгірбаева жеке басын куәландыратын құжат алу жөнінде Жетісай ауданы полиция бөліміне өтініш білдіріп, көші-қон қызметі бөлімшесіне жүгінбегенін айтқан болатын.
Осыған байланысты қарияға тәртіп сақшылары Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес Қазақстан азаматтығына құжаттандыру үшін бірінші кезекте полиция бөліміне барып өтінішхат жазуы тиіс екендігі түсіндірілген. Оған қоса Қазақстан азаматтығына тиесілі екенін анықтау үшін өтінішхатпен бірге туу туралы куәлік, еңбек кітапшасы, орта немесе толық орта емес білімі туралы аттестат, диплом немесе шаруашылық бойынша кітаптан үзінді көшірмелерін тапсыруы қажет. Алайда тексеру барысында жоғарыда көрсетілген құжаттардың ешқайсысы азаматша К.Сүгірбаевада жоқ екендігі белгілі болды.
Жетісай аудандық полиция бөлімі көші-қон қызметінің қызметкерлері Ішкі істер министрлігінің талаптарын егжей-тегжейлі түсіндіре отырып, Күлай Сүгірбаеваға құжаттарын жинақтауға көмектесті. 2-3 ай аралығында сот шешімімен туу туралы куәлігі қалпына келтіріліп, дайын болды. Одан кейін жедел әрекет еткен полицейлер азаматша К.Сүгірбаеваның Қазақстан азаматтығын растау туралы өтінішхатын қабылдады. 20 күннен кейін тұрғынның жеке куәлігі даяр болды. Осылайша бір ғасыр жасаған әжейге жеке куәлігін тапсыру үшін тәртіп сақшылары барлық қажетті шараларды жүргізіп, көмек қолын созды. Дайын құжатты ақжаулықты ананың шаңырағына барып, арнайы тапсырды.
Өз кезегінде жетісайлық 100 жастағы ана құжаттарын жасап берген полицейлерге алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тілеп, ақ батасын берді.