• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Қазан, 2020

«Атажұртта оқиды қалың қазақ баласы»

843 рет
көрсетілді

Шетелдегі қандастарымызды атажұртқа оралуға үндеу тәуелсіздіктің алғашқы күнінде-ақ қолға алына бастады. Бүгінде мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте «Отандастар қорының» да еңбегі елеулі. Шетелдегі қазақ жастарының елге келуіне мұрындық болып, олардың атажұртта бейімделуіне жол көрсетіп жүрген ұйымның жобалар координаторы Дидар БОЛАТ қордың жаңалығы мен жоспарлары жайында әңгімелеп берген еді.

– Шетелде туып-өскен қандас­та­ры­мыздың елге оралуының қандай жолдары бар?

– Қандас жастардың атажұртқа келу жолдарының бірі – еліміздегі жо­ғары оқу орындарына оқуға түсу. Қандастарымыздың Қазақстанда білім алуына мемлекет тарапынан жағдай жасалып, бірнеше жолы қарастырылған. Қазіргі таңда олар кез келген оқу орнына түсе алады. Ол үшін Ұлттық бір­ыңғай тестілеуден өту керек. Әдетте жастар, әсіресе ҰБТ-ға дайындығы аз талапкерлер алдымен жоғары оқу орындарына даярлайтын курсқа қа­былданады. Даярлық курсында талапкерлер білім деңгейін арттырып, жаңа ортаға үйреніп, жаңа ортаға  бейімделуге мүмкіндік алады. Мұндай бағдарлама еліміздің 20-дан астам университетінде бар. Да­йындық бөлімі де мемлекеттік грант не­гізінде жүзеге асырылады, яғни оқу тегін. Сондай-ақ ай сайынғы стипендия төленіп, жатақхана беріледі.

Осы уақытқа дейін мемлекеттік грант негізінде Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Иран, Түрікменстан, Ауғанстан, Қырғыз Республикасы және Еуропаның бірқатар елінен қа­зақ жас­тары келіп, білім алды. Ста­тистикаға сүйенсек, 2018-2019 оқу жы­лында дайындық бөлімінде оқыған талап­керлердің саны 992, 2019-2020 оқу жылында 1238-ді құ­рады. 2020-2021 оқу жылына 1300 орын бөлінді.

Жалпы, мемлекеттік гранттан бакалавриат үшін 4% квота қарас­ты­рыл­ған. Ол үшін Ұлттық бірыңғай тес­тілеуден межеленген ұпай жинау жеткілікті. Магистратура мен докторантураға да жыл сайын гранттар бөлінеді. Оны­мен қоса жоғары оқу орындары ректор­ла­рының гранттары да бар екенін атап өткен жөн. Келер жылдан бастап «Отан­дастар қоры» мен Nazarbayev University елден шалғайдағы қазақ жастары үшін «Абай» грантын тағайындайтын болды.

– Бүгінге дейін Отанға қанша жас оралды, олар қазір немен айналысып жүр?

– Бұл күрделі сұрақ. Өйткені нақты санын айтатын арнайы статистика жүр­гізілмеген. Бірақ соңғы жылдары ақ­парат жинақтау қолға алына бастады. 2008 жылға дейін елге оралған қан­дастарымыздың саны көп-ті. Кейін жылдан-жылға азайып отырғанын бай­қауға болады.

Орта есеппен жыл сайын мыңнан аса бала тарихи Отанына білім қуып келеді. Олардың басым бөлігі аза­мат­тық алып, Қазақстанның жарқын болашағы жолында еңбек етеді. Мы­са­лы, «Отандастар қорының» Мәде­ни-гуманитарлық департаментінің қыз­меткері Талапбек Тынысбекұлы Қазақ­станға 2002 жылы оқуға келді. Бү­гінде қордың Қандастарды қолдау депар­таментінің менеджері болып қызмет атқарады. Осы уақытқа дейін бірқатар жобаның сәтті іске асырылуына атсалысып, қандастарымызды қолдауда тер төгіп жүр.

– Қазақстанда білім алып жүрген қандас жастардың қоғаммен байланысы туралы айтып өтсеңіз.

– Қазақстанда білім алып жүрген қандастарымыз қоғамдық өмірде өте белсенді. Олар «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастыратын барлық іс-шараға бел­сенді қатысады. Қандастарымыз құр­ған арнайы волонтерлік топ бірқатар ха­лықаралық жиынға қатысып, олардың ұйымдастырылуына жәрдем етті. Сон­дай-ақ жастар өздері оқитын оқу орын­дарындағы жастар ұйымдарының белді мүшелері.

«Отандастар қоры» да бұл мәселеге мүдделі. Қор тарапынан жастардың әлеу­меттенуіне қатысты бірқатар жоба қолға алынған. Алғаш рет  «Қазақ­стан – қандастардың көзімен» ашық диалог алаңы өтті. Онда қандас жас­тар өзі­нің ойын, көзқарасын, сұрақ­тары мен ұсыныстарын ашық айтып, өз жобаларының жүзеге асуына мүмкіндік алды. Сондай-ақ пікірсайыс дағдыларын, орыс тілін үйрету сабақ­тары жүйелі түрде жүргізіледі.

– Қандас жастарымыз атажұртқа оралғанда қандай проблемаларға кез­деседі? «Отандастар қоры» бұл мә­селені қалай шешеді, қандай меха­низм­дер қолданады?

– Көбіне медициналық сақтандыруға қатысты мәселе туындайды.  Бұл әлі жол­ға қойылмаған. Алайда қор тиісті мем­лекеттік органдар өкілдерімен кез­десіп, ке­ліссөз жүргізілуде. Сонымен бірге ви­за­лық және тағы басқа сұрақ­тар бойынша қолдау көрсетіліп ке­леді. Олар кез келген уақытта «Отан­­­дастар қоры» мен Дүниежүзі қа­зақтары қауымдастығының байланыс орта­лы­ғына хабарласа алатынын тағы да еске салғымыз келеді.

Қандас жастардың Қазақстанға келгенде пайда болатын проблемаларының бірі – олардың тілдік ерекшеліктері. Тілдік ықпалы басым аймақтарда шо­ғыр­лануына байланысты қазақ тілі қол­данысының азаюы, оның жергілікті тіл­мен жұтылуы, кирил қарпін түсін­беуі сияқты мәселелер бар. Осы ретте қор қызметінің «Шетелдегі этни­ка­лық қазақтардың білім алуына және тілін сақтап қалуына жағдай жасау» тармағын негізге алып қазақтар көп тұратын 12 ел, 21 қалада 31 «онлайн» класс ашып, апта­сына 3 рет, күніне 4 мәрте қазақ тілін үйретудеміз. Сабақтар қазақ, орыс, ағылшын, парсы, қытай тілдерінде жүр­гізіледі.

– Қандас жастардың арманы – Қа­зақстанда оқу. Осы орайда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында шетелдегі қазақ жастарына бөлінетін грант санын көбейту бас­тамасы көтерілді. Осы бойынша келер жылға жоспарланған өзгерістер туралы айтып өтсеңіз.

– Әрине, этностық қазақ жастары­на бөлінетін грант санын артыру жақсы бастама. Алғашында небәрі 2% квота болатын, қазір 4%-ға көтерілді. Грант сұранысқа байланысты бөлініп оты­ра­ды. Сондықтан оны игеру де ма­ңыз­ды. Ол үшін қазақтар көп тұратын шетелдерде оқуға тарту бойынша ақ­па­­­раттық жұмыстарды жүргізу қол­ға алынды. Жыл сайын Білім және ғы­лым министрлігінің қолдауымен білім көр­ме­лері өткізіліп тұрады. 2019 жылы ми­нистрлік тарапынан стипендиялық бағдарлама құрылып, магистратураға 125 орын бөлінді.  Ал 2020 жылы 525 орын бөлінді, бірақ пандемияға бай­ланыс­ты тоқтатылды. Келесі жылы қайта жалғасады деп сенеміз.

– Қазақ жастарын елімізге шақы­ру мақсатында қандай шаралар ұйым­дастырылуда?

– Түрлі конкурстар өткізіп тұрамыз, жаз­ғы лагерлеріміз жұмыс істейді.  Жазғы лагерьлерге шетелден 600 қазақ баласы келіп, тарихи Отанында демалды. Аталған шаралармен қатар «Туған елге саяхат» Балалар туристік пойызы», «Ұлы Дала Елі» халықаралық әдеби шығармашылық конкурсы, «ZEREN 2019» республикалық жазғы лагері, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ базасындағы шетелдегі қазақ балаларына арналған жазғы лагерь, «Туған жер – алтын бесік» – халықаралық балалар құрылтайы, «Киелі Қазақстан» жобалары оң нәтижелерімен қуантып келеді.

Сондай-ақ қазақ жастарының бо­йында патриоттық сезімді ояту, әлеу­меттік белсенді және талантты жас­тарды анықтау, шетелде тұратын отан­дастардың шығармашылық және білім әлеуетін арттыру, қазақ диас­пора­ла­рының жастарына өзара мәдени алмасу, өскелең ұрпақты дәстүрлі ұлттық мәдениеттің бастауына тартып, тарихи және мәдени мұраны сақтау мен қолдау жолында бірқатар жұмыс жүргізілуде.  

– Жақында «Жас қазақ» жастар ұйымының құрылғаны туралы есті­дік. Бұл ұйым немен айналысады, қан­дай мақсаты бар?

– Қазақстанда білім алып жатқан жастардың осында тұрақтап қалуына жағдай жасау маңызды. Біріншіден, олардың қоғамдық өмірмен байла­ны­сын арттырып, өзіндік орнын қа­лып­тастыруда жан-жақты қолдау қажет. «Отандастар қорының» бастамасымен 2019 жылғы қазан айында Ақтау қаласында өткен жастар слетінде  «Жас қазақ» халықаралық жастар ұйы­­мы құрылды. Ұйымның мақсаты – әлем­дегі қазақ жастарын бір ортаға бірік­тіріп, түрлі бағытта жобалар мен іс-шара­ларды жүзеге асыру. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, Қазақстаннан тысқары жер­­де тұратын 7 миллион қазақ бар. Оның 40 пайызы – жастар. Қандас жастар­мен байланыс орнату маңызды. Себебі атажұртқа қайта оралуы мүмкін ағайынның басым бөлігі – жастар.

«Жас қазақ» жастар ұйымы Ақпа­рат және қоғамдық даму министрлігі, «Отандастар қоры» КеАҚ және Дү­ние­жүзі қазақтары қауымдастығы қолда­уымен ірі жобаларды ұйымдастыруда белсенділік танытып келеді. Олардың қатарында «Отандастар: Болашаққа бағдар» халықаралық дөңгелек үстелі, «Киелі Қазақстан» Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат, «Qazaq Club» әлеу­меттік жобасы, балалар мен жастарға арналған жазғы лагерьлер бар.

Алдағы уақытта «Жас қазақ» ұйы­­мын әлемдегі қазақ жастарының ортақ платформасына айналдыруды көз­дейміз. «Жас қазақ» жастар ұйы­мы тек республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде бай­ла­ныс­тар жасап келеді. Төтенше жағ­дай­­ға қа­рамастан, Франция, Иран, Түр­кия, Ресей, Моңғолиядағы қазақ жас­тары­мен онлайн кездесулер ұйым­дас­ты­рылып, екіжақты тәжірибе алмасты.

– «Отандастар қорының»  төрт­күл дүниенің шартарабында өмір сү­ріп жатқан қазақ жастарына ар­налған тағы қандай жоспары бар?

– Алдағы уақытта қандас жастарды елімізде өтетін барлық іс-шараға белсенді түрде қатыстыруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар шетелдерде қазақ жастарының кездесуін өткізу ­жоспарлануда.

Қандастарымыздың елде тұрақтап қалуы жұмыс жайымен тығыз байла­нысты. Осы мақсатта қандас студенттерге жұмыспен қамту орталықтары­ның мамандарымен кездесулер өткізу­ді ойға алып отырмыз. Сондай-ақ жаз­ғы уақытта компаниялар мен жеке кә­сіп­орындарда тағылымдамадан өту жолдарын қарастырмақпыз.

 

Әңгімелескен

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»