• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 08 Қазан, 2020

Алматы оқушылары компьютермен толық қамтамасыз етілген

379 рет
көрсетілді

Алматы қаласы білім басқарма басшысының орынбасары Қайрат Жұманов қаладағы қазіргі білім беру саласындағы ахуалға байланысты,  қашықтықтан оқыту мәселелері бойынша брифинг өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қайрат Жұмановтың айтуынша, оқу жылының басталғанына бір айдан аса уақыт өтті, оқу процесі бір қалыпты жүруде. Қалада 271 мыңнан астам оқушыны қамтитын 207 мемлекеттік мектеп және 16 мыңнан астам оқушыны қамтитын 66 жеке меншік мектеп бар.

Қазіргі уақытта мектеп оқушыларының 96% қашықтықтан оқуда. Сонымен қатар, қаланың 133 (64%) мектебінде 11 840 баланы қамтыған 923 кезекші сыныптар ұйымдастырылды.

Кезекші сыныптар санитарлық эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, сыйымдылығы 15 адамнан аспайды.

Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті күнделікті мектеп оқушыларының COVID-19бен ауырғаны туралы талдау жүргізіп отыр және бүгінде 8 бала есепке тіркелді, олардың барлығы қашықтықтан оқитын балалар.

Мектептердегі оқу процесін ұйымдастыруда мектеп алдында тұрған басты міндет - балалардың өмірі мен денсаулығының толық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Қашықтықтан оқытуды сапалы ұйымдастыру мақсатында Алматы қаласының Білім басқармасы жергілікті бюджеттен 42 мың дана және Үкіметтің резервтік қорынан 38,5 мың дана компьютерлік техника сатып алды.

Бүгінгі таңда компьютерлік техниканы қажет ететін оқушылар 100% қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ интернетке қосылуды қажет ететін 30 мыңнан астам оқушыға SIM карталар сатып алынып, таратылды, ал интернет қол жетімсіз мұғалімдерге қажетті санитарлық шараларды қамтамасыз ете отырып, мектептерде онлайн сабақтар өткізу мүмкіндігі берілді.

Тамыз айында оқу жылы басталар алдында Алматы қаласының Білім басқармасы 15000-нан астам мұғалімге қашықтықтан оқыту платформаларын қолдану бойынша тренинг өткізді.

Білім басқармасы алғашқы күннен бастап қанша мектеп интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтініне статистикалық талдау жүргізіп келеді.

Оқу жылының басында ата-аналардың сұраныстарын үнемі қадағалап отыру үшін Білім басқармасы және барлық 8 аудан кері байланыс үшін байланыс орталықтары мен Telegram ботын, сондай-ақ Instagram және Facebook парақшаларын ашқан.

Басқарма мамандары өз құзыретіндегі сұрақтарға 8 775 908 55 98 телефоны арқылы жауап беруге дайын.