Үкіметтің Қаулысымен қазанның 10 жұлдызы Кәсіподақтардың мерекесі болып белгіленген. Бұл кәсіби мереке 2019 жылдан бері аталып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кеше осы күннің құрметіне Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіподақтар ұйымының өкілдері Қызылжар қаласының ортасындағы Тұңғыш Президент саябағына ағаштар отырғызды. Кәсіподақтар ұйымдарының төрағасы Ерік Нұрақаевтың айтуына қарағанда бұл іс солтүстікқазақстандық кәсіподақтардың ардагерлеріне деген құрмет. «Облыстағы кәсіподақтар ұйымы 1991 жылы құрылды. Сол кезден бері көптеген кәсіподақ белсенділері өмірден өтті. Біз олардың ерен еңбектерін жастарға үлгі етуіміз керек. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы. Біз бұл істі дәстүрге айналдырып, жыл сайын Кәсіподақтар күні қарсаңында ағаш егетін боламыз», деді ол.
Ағаш егу шарасына облыстық кәсіподақтар белсенділерінің көптеген өкілдері қатысып, Тұңғыш Президент саябағын жаңа көшеттермен толықтырды.