• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Теннис 09 Қазан, 2020

Елордадағы әлемдік теннис бәсекесі

334 рет
көрсетілді

Қазақстан теннис федерациясы Нұр-Сұлтан қаласында жүлде қоры $275,000 болатын ATP 250 Astana Open кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының әлемдегі ең беделді турнирдің бірін өткізу құқығына ие болды.

 

Турнир 2020 жылдың 25 қазаны мен 1 қараша аралығында өтеді және әлемдік рейтингтің ТОП-100 теннисшінің қатарындағы 60-тан аса қатысушы бақ сынайды. Қазірдің өзінде әлемнің ең мықты деген бір­қатар теннисшісі Нұр-Сұлтанға ке­летіні мәлімделді. Атап айтар бол­сақ, Бенуа Пер (26), Адриан Маннарино (39), Джон Миллман (43) және тағы басқа да теннисшілер жарыс көрігін қыздырмақ. Ал елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқан халық­аралық додаға Қазақстан ұлттық құ­рамасының үздіктері – Алек­сандр Бублик (49), Михаил Ку­куш­кин (88) және Дмитрий Попко (171) қа­­тысады.

«Қазақстан теннис федерация­сының жұмысы АТР-дің жоғары бағасына ие болды. Оған Қазақстан астанасында осындай ірі жарыстың өтуі дәлел бола алады. Бұл бізге бе­рілген үлкен мүмкіндік және турнирді жоғары деңгейде өткізуге бар күшімізді жұмсаймыз. Бұған барлық жағдай жасалған», дейді Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов.

Әлемдік АТР 250 турнирі негізі жыл сайын 40-қа жуық жарыс ұйым­дастыратын. Алайда биылғы пандемия жағдайында жарыс саны қысқарып, бүгінге дейін небәрі 17 дода ұйымдастырылды. Ал Нұр-Сұл­танда өтетін халықаралық бәсеке осы маусымдағы соңғы жарыс болмақ. Сондай-ақ бұл теннис­ші­лердің АТР рейтингінде 250 ұпай олжалап қалуына да соңғы мүм­кіндік.

Турнирді өткізу кезінде са­ни­тар­лық-эпидемиялық қа­уіп­сіздіктің жоғары шараларын ескере отырып, ойындар көрерменсіз жә­не қатаң хаттама аясында өтеді. «Astana Open ұйымдастырушылары ойын­шылардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шектеу шараларын енгізген. Жарыс өтетін «Дәулет» ұлттық теннис ор­та­лығының аумағы ПТР-диагнос­тикаға арналған арнайы жылжымалы зертханалармен және термосканерлермен жабдықталады. Сонымен қатар ойыншылардың, ұйымдас­тырушылар мен қызметкерлердің қажетсіз байланыс туғызбайтын қа­таң маршруттар дайындалды», дейді Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский.

«Біздің барлық матчты онлайн-трансляция режімінде көрсетеміз. Халықаралық серіктесіміз IMG ком­паниясы әлемнің барлық негізгі өңір­лерінде трансляцияны таратады. Ал Қазақстан аумағында эксклюзивті хабар тарату құқығы Qazsport телеарнасына тиесілі. Қазіргі таңда да­йындық жұмыстары жүріп жатыр, алда бізді қызықты матчтар күтіп тұр», деп сендірді турнирдің директоры Атилла Рихтер.

Сонымен қатар Ұлттық теннис орталығының аумағында виртуалды баспасөз орталығы жұмыс істейді. Бұл қазақстандық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының баспасөз конференцияларына, ойын­шылармен эксклюзивті сұхбат алуға және Astana Open шеңберінде көзделген теннисшілердің іс-шара­ларға еркін қол жеткізуге толық мүм­кіндік қарастырылған.

Айта кетейік, Қазақстанның тенни­с федерациясы жыл сайын 50-ге жуық халықаралық турнир өт­кі­зеді. Олардың қатарында Прези­дент кубо­гі мен Дэвис кубогі бар.