• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қазан, 2020

Індеттен жүз науқасты емдеп жазған дәрігер

680 рет
көрсетілді

Қолды-аяққа тұрмайтын үлкен ұл «Әке, Сабыр ағаның суретін көрдім» дегенде, селк ете түстім. Сабыры кім? Қандай сурет? Ойланып үлгергенше, дедектетіп сүйрей жөнелді. Көпірдің қос қабырғасына ілінген көп суретті көрсетті де, әлгінде айтқан ағасының алдына алып барды. Рас, соның дәл өзі!

 

Астанадағы «Атырау» көпірі көпшілік жиналатын көрікті орынға айналғалы қашан. Адам үзілмейді, әйтеуір. Өткен демалыста біз де бардық. Көпірге аяқ арт­қанымыз сол еді, алға озып кеткен тұңғышым екі өкпесін қо­лы­на алып, жүгіріп келді. Аптыға сөйлеп, Сабырдың жайын баяндады...

Қаз-қатар тізілген суреттердің ішінен бас қалада аз-кем дәмдес болған дәрігер жігіттің бейнесіне көзіміз түсті. Күлімдеп тұр. Сөйт­сек коронавирус инфекция­сын ауыздықтауға атсалысқан топтың алдынғы шебінде жүрген ақ желеңділердің суретін көп­шілік көп жүретін орынға әдейі іліп қойған екен. Бұл да құрметтің бір түрі ғой. Аты жаман аурумен арпалысқан дәрі­гер­лердің ішінде Сабырдың да барын сонда ұқтық. Шынында олар – бүгінгінің батырлары!

Сабырды бір рет көрсе де, жадында біржола сақтаған ұлыма таңғалдым. Іле елордадағы меди­ци­налық мекемелердің бі­рін­­де дәрігер-инфекционист болып жұмыс істейтін танысымның нө­мі­рін тердім.

– Халықты қауіпті індеттен құтқару үшін жеті ай үй бетін көрмей жұмыс істеуге тура келді. Коронавирусқа қарсы «май­дан­ға» осы жылдың 1 ақпанында кіргенмін. 17 қыр­күйекте еңбек демалысына шық­тым. Иә, қазір арқаны кеңге са­лып, демалып жүретін уақыт емес. Бірақ дәрігерлер де – ет пен сүйектен жаралған жандар. Бойдағы бар күш-қуатын сарқа жұмсап жұмыс істеуде. Олар да қажыды, қалжырады. Вирустың та­ралуы сәл төмендеген сәтте аз да болса тынығып, ес жинап алған дұрыс. Әйтпесе жұмыстан қашпаймыз. Бізді қойшы, бой­дақ­пыз. Бізбен қатар үйлі-баранды адамдар да жүр ғой. Әне, на­ғыз ерлік – солардікі, – дейді Әбдісабыр Орынбекұлы.

Айтпақшы Сабырдың шын аты – Әбдісабыр. Айналасы тегіс Сабыр деп атайды. Қызылорда облысы Сырдария ауданы Ақжарма ауылында туып-өскен. Ауылдағы орта мектепті тәмамдап, 2011 жылы астанадағы медицина университетіне «Жалпы медицина» мамандығы бойынша оқуға түскен. 2011-2016 жылдары медицина бакалаврын меңгерген. 2016-2018 жылдары ішкі аурулар мамандығы бойынша оқып, терапевт атанды. Ал 2018-2020 жылдары инфекциялық аурулар бағытында білім алды. Тоғыз жылын білімге арнаған 27 жастағы Сабырдың қазіргі мамандығы – дәрігер-инфекционист. Нұр-Сұлтан қаласындағы Көпсалалы медициналық орталықтың инфек­ция­лық блогында жұмыс істейді.

– Коронавирус туралы ақпа­рат кеңінен тарап, халық жаман дүрліккені есімізде. Бірақ біздің бойда ешқандай қорқыныш болған жоқ. Себебі саналы түрде осы саланы таңдадық. Ал бұл салада коронавирустан бөлек оба, сібір жарасы, холера, туляремия секілді қауіпті ауру түрлері бар. Коронавирус инфекциясымен де алғаш рет танысып отырған жоқпыз. Бұл – бұрыннан бар індет. Мәселен, 2003 жылы коронавирустың SARS, яғни ауыр әрі өткір респираторлық синдром деген түрі тарады. Қателеспесем, 2009 жылы MERS, яғни таяу шы­ғыс­тық респираторлық синд­ромы деген түрі шықты. COVID-19 – коронавирустың әлем ғалымдары бетпе-бет келіп отырған үшінші түрі. Ол агрес­сивті вирусқа жатады, – дейді ол.

Сабыр бала күнінен дәрігер болуды армандапты. Әулеттерінде медицинаға жақын ешкім жоқ. Ал арманына қанат бітірген адам – ауылдағы Бектұрған есімді дәрігер ағай. Бала Сабыр осы кісіге еліктеп өсіпті.

– Ел тарихында мұндай пандемия алғаш рет кездесіп отыр. Сондықтан оны еліміз үшін де, денсаулық сақтау саласы үшін де, жалпы дәрігерлер үшін де үлкен сынақ әрі мол тәжірибе болды деп айта аламын. Алған біліміміз бен жинаған тәжірибеміз сыналған кезең болды. Әсіресе коронавирус індеті көптеп анықталған маусым-тамыз аралығында өлім-жітім жиі тіркелді. Дәл осы аралық дәрігерлерге де үлкен салмақ салды. Орталықта қона жатып жұмыс істедік. Кейін бас қаладағы «Hilton» қонақүйін мекен еттік. Жұмыс барысында сақтық шараларын қатаң орындадық. Соның арқасында індетті жұқтырған жоқпыз. Десе де, үнемі арнайы қорғаныш костюмімен жүру, бетперде тағу ыңғайсыздық тудырды. Бірақ қауіпсіздікті қалай да сақтау керек болды, – дейді ол.

Сабыр Көпсалалы меди­цина­лық орталықтан ашылған изоляторда жұмыс істеп, коро­на­ви­русқа қарсы күрес басталған сәттен-ақ алғы шепте жүрді. Ол – Қазақстан бойынша қауіпті індеттен жазылып шыққан 100-інші науқасты емдеген дәрігер. Бұл туралы отандық бұқаралық ақпарат құралдарында көп жазылды да.

– 83 жастағы әжейді аурудан айықтырып шығардық. Жал­пы, жүздеген адамды қауіпті ін­дет­тен арашалауға атсалысқан екенбіз. Еңбегіміз еленбей қалған жоқ. Еңбекақымыздан бөлек, қауіптілігі жоғары санатқа жататын дәрігер болғандықтан, ай сайын 850 мың теңге көлемінде мемлекеттің уәде етілген үстеме­ақы­сын алып тұрдық. Осы орайда дәрігерлерге барынша қолдау көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығымды білдіремін, – деді ол.

Қазір жер-жерде коро­на­вирус­тың екінші толқыны бас­талғаны туралы жиі айты­лып та, жазылып та жүр. Сондықтан Сабыр Орынбекұлы ел тұрғындарын індетке бейжай қарамауға ша­қыр­ды.

– Әуелде көбі сенген жоқ. Сәл ғана нәрсе деп салғырт қа­рады. Осының салдарынан қауіпті індет­ті өршітіп алдық. Сақтық шара­ларын уақытында қолға алғанда, шығын да аз болатын еді. Қазір Еуропаның кейбір елдерінде коронавирустың екінші толқыны басталды деген ақпараттар таралуда. Жақсылық емес, әрине. Қазақстанның денсаулық сақтау саласы екін­ші толқынға дайын. Бірақ оның бізге келмегені жақсы. Сон­дық­тан босаңсуға болмайды. Қара­пайым тұрғындар бетперде тағып, қолды мұқият жуып, арақашықтықты сақтауы керек. Әзірше коронавирустан құт­қа­ратын жол осы ғана, – дейді дәрігер-инфекционист.

Сабыр – үйдің кенжесі. Аста­на­­да жүргендіктен, алыстағы ана­сы, туған-туыстары үшін алаңдайды. «Деннің саулығынан асқан байлық жоқ!» дейді біздің кейіпкер.