Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан экономикасына шамамен 330 млрд доллар көлемінде шетелдік инвестиция құйылды. Жасыратыны жоқ, 120-дан астам елден тартылған бұл қаражаттың басым бөлігі шикізаттық секторға бағытталды. Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, биылғы бірінші тоқсанда тікелей шетелдік инвестицияның көлемі 3,5 млрд доллардан асып, аталған ақшаның 65% тау-кен өнеркәсібіне тартылса керек.
Өңдеуші өнеркәсіптің үлесі аз
Сырттан келген қаражаттың 9%-ы өңдеуші секторға, сондай-ақ 5% қоймалау және көлік саласына жұмсалды. Осы статистикадан шетелдік инвесторлар үшін Қазақстан әлі де шикізат көзі ретінде қарастырылатынын байқау қиын емес.
Қазір шетелдіктердің қатысуымен экономиканың шикізаттық емес салаларына бағытталған 200-ге жуық инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді, көлік құрастыру және құрамдас бөліктер өндірісіне, мұнай-газ химиясы және химия өнеркәсібі, жаңғырмалы энергия көздері, сондай-ақ көлік және логистикаға байланысты жобалар қамтылған.
Былтыр 1 млрд доллардан асатын инвестиция арқылы 40 жоба жүзеге асырылып, шамамен 3,5 мың жұмыс орны ашылды. Пандемияға қарамастан биыл шетелдік инвесторлар 2,5 млрд доллар қаражатқа 40-қа жуық жобаны іске қосады деп жоспарлануда. Бүгінде соның жалпы құны 800 млн-дай долларды құрайтын 12 жобасы жұмыс істеп тұр.
Finprom.kz порталының мәліметіне сәйкес, халықаралық рейтингтік агенттіктердің бағалауынша, Қазақстанда мемлекеттік қарыздың төмен деңгейі және сыртқы тәуекелдерді жеңілдету үшін жеткілікті фискалды резервтердің елеулі көлемі сақталуда. Ұлттық экономика министрлігінің болжамынша, келер жылы ІЖӨ-нің нақты өсімі 2,8%-ды құрап, 2025 жылға қарай 4,6%-ға жетеді.
Осы жылы Moody’s және FitchRatings агенттіктері еліміздің инвестициялық рейтингін сенімділік деңгейінде растады. Қазір елімізде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасып, жеңілдетілген салық режімі, ұлттық заңнама жетілдіріліп, инвестициялық преференциялар пакеті ұлғаюда. Басым салаларда жобаларды іске асыратын инвесторларға салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік берілген.
Осы шаралар инвестициялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік берді. Мәселен, 2018 жылы ТШИ-ның жалпы ағыны 15,8%-ға ұлғайды. Былтыр бұл көрсеткіш сол деңгейде сақталып, 24 млрд доллар межесінде тұрақтады.
Шикізаттық емес секторға ішкі инвестиция жұмсалуда
Алайда сарапшылардың пікіріне құлақ түрсек, еліміздегі инвестициялық конъюнктура көңіл көншітпейді. Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековтің айтуынша, коронавирустық пандемияның салдарынан биылғы 8 айда ішкі жалпы өнім 2,4%-ға төмендеді. Сәйкесінше, осы кезеңде салынған инвестицияның көлемі де 2019 жылмен салыстырғанда 6,1%-ға азайды.
«Тәуелсіздік алғаннан бері тартылған 330 млрд доллар негізінен шикізат секторына бағытталғаны мәлім. Шикізаттық емес секторға көп жағдайда ішкі инвестиция жұмсалады және оған мемлекет қолдау көрсетіп келеді. Шетелдіктердің бұл бағыттағы қызығушылығының төмендігі көптеген себеппен байланысты. Айталық, Тәуелсіздік жылдары бізде шикізаттық секторды дамыту моделі қалыптасты. Демек, пайдалы қазбаларды игеру инвесторларға ыңғайлы болды. Сондықтан сыртқы экономикалық саясат шикізаттық экспортқа бағдарланды. Тағы бір себебі, инвестициялық тартымдылыққа елдегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейі, заң үстемдігінің жоқтығы, сондай-ақ экономикалық саясат сапасының талапқа сай келмеуі шикізаттық емес сектордың дамымай қалуына ықпал етті. Яғни шетелдіктерге экономикалық саясат сапасының жоғарылығы керек. Бұл да маңызды фактор саналады», деді Қ.Арыстанбеков.
Экономика ғылымдарының докторы шикізаттық емес сектордың тасада қалуына шикізаттық тауарларды өндіру жылдамдығының ескерілмегені әсер етті деп санайды. Демек, Үкіметтік деңгейде экономикалық саясатты тиімді үйлестіру, оңтайландыру стратегиясы көзделмегендіктен аталған салада тепе-теңдік сақталмай отыр. Пайдалы қазбаларды игеру қарқынды жүрген соң өңдеуші өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, сол секілді басқа да индустриялық бағыттар кенжелеп қалды. Осының салдары экономика ғылымында белгілі «Голланд ауруына» алып келуі мүмкін дейді сарапшы. Түптеп келгенде, шикізаттық сектор шикізаттық емес секторды валюта бағамы арқылы тұншықтырып отырады.
Жоғарыда айтылғандай, биылғы бірінші тоқсанда ТШИ-ның жалпы ағыны 3,6 млрд долларға жетіп, оның едәуір үлесі Нидерланды (988,3 млн доллар), АҚШ (744,9 млн доллар) және Ресейге (379,9 млн долларға) тиесілі болды.
Инвесторға заңның үстемдігі маңызды
Осы орайда еліміздегі инвестициялық климатты қалыптастыруда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) маңыздылығы ерекше екенін айта кеткен орынды. ЕАЭО және Орталық Азия аймағындағы санаулы институттардың қатарына кіретін орталық инвестициялар ағынын және ішкі қаржы нарығын дамытуда айтарлықтай септігін тигізуде. АХҚО алаңында ағылшын құқығына негізделген және халықаралық талаптарға сәйкес тәуелсіз реттеу жүйесі жұмыс істеп келеді.
«Әлемде орын алған коронадағдарыс белгіленген жоспарларды өзгертті. Өйткені оның салдарынан елімізге тартылатын инвестицияның біраз бөлігі тоқтап қалып отыр. Қазір сырттан қаражат тарту қиынға соғып тұр. Әрине Қазақстанда, атап айтқанда «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында ағылшындық құқықтың енгізілуі дұрыс қадам. Себебі сыбайлас жемқорлыққа байланысты рейтингтегі көрсеткішіміз көптеген инвестордың екіұдай пікірін қалыптастырады. Сондықтан дамушы елдерге, Қазақстанға келмеудегі негізгі себебі осы. Неге десеңіз, қаражат құятын іскер азаматтар табысы мен мүлкінен айырылмау үшін заң аясында кепілдік болғанын қалайды. Осы тұрғыдан алғанда АХҚО-ның платформасына ағылшындық құқықтың келуі инвесторлардың қызығушылығын тудырады», деді GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық.
Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет
Шетелден келетін іскер азаматтардың барлығы бірдей міндеттерін айна қатесіз орындайды деуге келмейді. Өкінішке қарай, араларында жосықсыз инвестор да табылып жатады. Экономистер жауапсыз іскер ортамен жұмысты реттеп, мұндай олқылықтарға жол бермеу үшін экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет дейді.
«Әлбетте жауапсыз инвесторлар кездесіп жатады. Бұл бізде ғана емес, жалпы әлемдік үрдіске тән жағымсыз құбылыс. Бірақ тиісті органдар оларды алдын ала анықтап, қызметтерін тоқтатуы керек. Мысалы, 90-жылдары Қостанайда «Химволокно» кәсіпорнында шығарылған өнімдер ғарыш саласында кеңінен қолданылып жүрді. Мұндай зауыт екеу ғана болған. Оның бірі – америкалық DuPont компаниясы. Сол компания инвестор ретінде Қостанайдағы зауытты сатып алып, екі жылдан кейін отандық кәсіпорындағы өндірістің тоқтауына ықпал етті. Яғни барлық инвестор «періште» бола бермейді. Сондықтан экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет. Мұқияттылықты талап ететін секторлар болады. Оған жаппай шетелдік инвесторларды тарту қателік. Тұтастай алғанда, шикізаттық емес секторға инвестиция құйған тиімді. Екіншіден, экономикалық саясаттың моделін өзгерткен дұрыс. Үшіншіден, соңғы бес жылда төлем балансында ағымдағы есепшотта теріс сальдо тіркелді. Бұл нені білдіреді? Егер де ағымдағы есепшотта дефицит орын алса, онда ұлттық жинақтау жүйесінде жетіспеушілік байқалып отыр. Сондықтан шетелдік инвестиция тартуға мәжбүрміз. Ал керісінше есепшотта профицит байқалса, онда сырттан қаражат тарту міндетті емес», деді Қ.Арыстанбеков.
Қазақстанның заңнамасында шетелдік инвесторлар үшін қарастырылған преференциялар жеткілікті. Ұлттық экономиканың әлеуетін арттыруда бұл дұрыс қадам болғанымен оның да екінші жағы бар дейді мамандар.
«Экономиканың нақты секторларына ақша салатын инвесторлар үшін салықтық және басқа да жеңілдіктер қарастырылған. Менің ойымша, бұл – өте дұрыс шешім. Бірақ оның екінші жағы бар. Мәселен, ұлттық қордың төңірегіндегі әңгімелер, сондай-ақ елімізге инвестиция әкелген кәсіпкер Анатолий Стати түрлі себептермен құйған қаражатын қайтара алмай осыған қатысты сот процестері жиілеп кетті. Қазақстанның ұлттық қорында 22 млрд долларға дейін бұғатталған кездері болды. Сол себепті бұл жерде заңның үстемдік құруы маңызды. Сонда ғана елімізге жауапты инвесторлар тартылады деген ойдамын. Егер де сыбайлас жемқорлық рейтингінде төмендей берсек, керісінше жосықсыз, парақорлықты құп көретін инвесторлар келе беруді жалғастырады», деді М.Халық.
Сарапшылардың айтуынша, экономиканы шапшаң дамыту үшін екі модель қарастырылады. Біріншісі – инвестиция салу, тарқатып айтқанда сырттан қаражат тарту арқылы экономиканы арттыру. Екінші модель – тұтыну. Демек, тұтыну қабілетін ұлғайту арқылы да экономиканы көтеруге болады. Қазақстан инвестициялық модельмен келеді. Өкініштісі сол, екінші модельді енгізу күн тәртібінде тұрған жоқ.