• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Қазан, 2020

«Өсімдіктер әлемі туралы» заң жобасы таныстырылды

1132 рет
көрсетілді

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде вице-министр Ерлан Нысанбаевтың төрағалығымен zoom-конференция режімінде депутаттық корпус, мүдделі мемлекеттік органдар, бизнес-қоғамдастық және азаматтық сектор өкілдерінің қатысуымен «Өсімдік әлемі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдік дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын жария талқылау өтті.

 

Қазіргі уақытта қолданыстағы Орман кодексінде және «Ерекше қор­ғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңда өсімдіктер дүниесі объектілерін тек мемлекеттік орман қоры жерлерінде, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, жалпы алаңы 30 млн гектар ғана қорғау, молайту және пайдалану мәселелері реттелген, бұл респуб­лика аумағының тек 11%-ын құрайды.

Мемлекеттік орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерінен тыс жерлерде өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану жөніндегі мәселелер заңнамада реттелмеген.

«Осы маңызды табиғи объектіге қатысты мемлекеттік құқықтар мен мүдделерді қорғау тетіктерін айқын­дайтын тұтас, көпжоспарлы заңнамалық акт жоқ екенін, өсімдіктер дүниесін қорғауға, оның барлық алуантүрлілігін молайту мен ұтымды пайдалануға қойылатын регламенттеуші талаптар жоқ екенін атап өту қажет. Осыған байланысты, Қазақстан тараптардың бірі болып табылатын халықаралық конвенциялардың ережелеріне сәйкес «Өсімдіктер әлемі туралы» арнайы заң қабылдау қажеттілігі туындап отыр», деп атап өтті Е.Нысанбаев.

Өсімдіктер әлемі туралы ұқсас заңдар Аустралияда, Канадада, Оңтүс­тік Кореяда және Еуропалық одақ елде­рінде бар, олар өсімдіктер әлемі объектілерін сақтау мен ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.

Аталған заң жобаларын әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды, оған қоғам­дық табиғат қорғау ұйымдары мен ғылыми мекемелердің өкілдері кірді. Заң жобалары бойынша құқықтық, эконо­микалық және экологиялық сарапта­малардың қорытындылары және мүд­делі мемлекеттік органдардың келісімі алынды.

Заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсаты – өсімдіктер дүниесі объек­­ті­лерін олардың барлық алуан түрлілігінде қорғау және пайдалану саласындағы қатынастарды реттеуді, сондай-ақ рес­публиканың бүкіл аумағында жабайы өсімдіктер түрлерінің өсу ортасын қорғауды қамтамасыз ету; табиғи өсімдік ресурстарын және өсімдік әлемі­нің генетикалық қорын сақтау, өсімін молайту, ұтымды және теңгерімді пай­далану мәселелерін тиімді басқару, халықтың осы табиғи ресурстарға деген қажеттіліктерін қанағаттан­дыру үшін жағдайлар жасау; өсімдіктер дүниесі ресурстарын пайдалану­шылар болып табылатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу, сондай-ақ өсімдіктер дүниесі объек­ті­лерін қорғау және пайдалану сала­сын­дағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту.

Айта кету керек, қазіргі уақытта заң жобалары жұртшылықпен және бизнес-қоғамдастықпен белсенді талқылау кезеңінен өтуде. Заң жобаларымен министрліктің ресми сайтында танысуға болады.

Еске сала кетелік, Қазақстанда жо­ғары тамырлы өсімдіктердің 6 мыңға жуық түрі, саңырауқұлақтардың 4 850 түрі, балдырлардың 2 мың түрі, мүктер мен қыналардың 1 мың түрі бар. Осы өсімдік түрлерінің жалпы санынан 1 406 түрі дәрілік өсімдіктер болып саналады, оның ішінде 220 түрі ресми медицинада танылған, 387 түрі Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдік ретінде енгізілген, ежелгі уақыттан бері өсіп келе жатқан реликті өсімдіктердің 110 түрі, сондай-ақ өсімдіктердің 698 эндемикалық түрі Қазақстанда ғана өседі.

Аталған заң жобалары бойынша Парламент Сенатының депутатта­ры А.Күрішбаев, Н.Қылышбаев, Пар­ламент Мәжілісінің депутаттары С.Қа­ны­беков, Р.Ким, сондай-ақ ғылыми ұйым­­дардың өкілдері өз ұстанымдарын біл­дірді.

«Өсімдіктер әлемі туралы» заң жоба­сын қабылдау қолданыстағы заңнамадағы олқылықтар мен қарама-қайшы­лықтарды жоюға, өсімдік әлемінің ресурстарын қорғау, молайту және олардың барлық алуан түрлілі­гінде пайдалану мәселелері бойынша құқықтық тетіктерді енгізуге, өсімдік ресурстарын пайдалану (жинау, қайта өңдеу) саласында инвестициялар тарту және шағын бизнесті дамытуға, сондай-ақ халықтың экологиялық тәрбиесі мен білім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», деді Е.Нысанбаев.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қыз­ме­тінің хабарлауынша, осы заң жобаларын биыл желтоқсан айында Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу жоспарлануда.