Алматы облысына жұмыс сапарымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев барды. Агенттік төрағасы облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге Талдықорғандағы бірнеше нысанды аралап, қала жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресми қонақтар ең алдымен жуырда салынып біткен жұқпалы аурулар ауруханасына барды. Ондағы санитарлық өткізу пунктін, интенсивті емдеу, рентген бөлмесі, қабылдау-қарау боксы, КТ емшара бөлмесі мен палаталарды аралап, жаңа аурухананың сырқаттарды емдеудегі мүмкіндіктерімен танысты. Нысанның ішкі құрылымы мен материалдық-техникалық базасы жайлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков айтып, көрсетті.
"Коронавирустың бірінші толқынында алдымыздан шыққан қиындықтардың бәрін осы жерде ескеріп, жаңа ауруханада барлық мүмкіндіктер қарастырылды. Әрбір палата, әр төсек гемодиализбен, кислородпен қамтылған.Бұрын тек екі ауруханада кислород стансасы болса, қазір мұндай мүмкіндігі бар ауруханалар саны 12-ге жетті. Індеттің екінші толқынына дайындық барысында барлық қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды", деді Ө. Ниязбеков.
Осы тұста облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорған қалалық көп салалы аурухана басазынла ашылған, қатерлі ісікті жаңа басталып келе жатқан кезінен анықтайтын Жағдаяттық орталықтың коронавирус індетін де ерте анықтай алатын мүмкіндігі бар екенін айтты. Сол сияқты Талдықорған және Алматы өңірлерінде екі аурухананың базасында КВИ инфекциясының ауыр науқастарын емдеу үшін заманауи құралдармен жабдықталған екі консультативті жағдаяттық орталық құрылғанын да тілге тиек етті.
Әңгімелесу барысында А. Шпекбаев жаңа ауруханаға кадр жасақтау, КВИ-мен ауырған дәрігерлерге жәрдемақы төлеу сияқты бірқатар мәселелердің қалай атқарылып жатқанын сұрап білді.
Мұнан кейінгі нысан – Студенттер үйінің жай-жапсары жайлы І.Жансүгіров атындағы ЖМУ ректоры Қуат Баймырзаев баяндады. Жаңа жатақханадағы студенттерге жасалған жағдайларға ризашылығын білдіріп, Агенттік төрағасы бірқатар белсенді жастармен тілдесті. Жастар өз кезегінде оқу ордасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар, оған қатысудағы студенттердің белсенділігі, волонтерлық клубтардың жұмысы туралы қысқаша айтып берді. Алик Шпекбаев: "Мынадай барлық қолайлы жағдайы бар жатақхана салу Елбасы мен Президент тапсырмаларыныңөңірде қалай орындалып жатқанын көрсетеді.Мемлекеттің болашағы сендердің қолдарыңда. Сондықтан біздің жастарымыз патриот болуы керек. Оқуда да, еңбекте де сендерге табыс тілеймін!", деді жастарға.
"Open Taldyqorgan" Талдықорған сервистік әкімдігіне атбасын бұрған ресми қонақтар кеңсегекелушілермен тілдесіп, олардың қызмет алу барысына куә болды. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының аясындағы бұл кеңсе биылғы жылдың басынан іске кіріскен болатын. Содан бері мұнда 9500-ден астам өтініш қабылданып, 500-ге жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген. Мұнда ТҮКШ, жер, сәулет-құрылыс, жұмыспен қамту, білім сияқты көптеген саламамандары бір жерге шоғырландырылып, мемлекеттік қызмет көрсетуде. Алик Шпекбаев күніне қанша адам жүгінетінін, мамандардың келушілерге электронды үкімет порталымен жұмыс істеп үйретуі жайын сұрап, сервистік әкімдік жұмысын жақсы бағалады.
А.Шпекбаев Салтанат сарайында қала жұртшылығымен, блогерлермен, бизнес-қауымдастық және БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу Президенттің "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды.
Жиынды ашқан облыс әкімі Амандық Баталов өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жалпы өңірде жемқорлық заң бұзушылықтың алдын алу бойынша 15 стратегиялық жоба жүзеге асырылуда. Амандық Баталов атап өткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыруда цифрландыруды дамытудың рөлі ерекше. Мемлекеттік қызметті электронды форматта көрсету жемқорлық қаупін мүмкіндігінше азайтады.
"Әкімдік көрсететін мемлекеттік қызметтің шамамен 83 проценті автоматтандырылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 90 процентке жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сервистік әкімдіктер Талдықорғаннан басқа облыстың тағы 12 ауданында жұмыс істейді. Жыл соңына дейін сервистік әкімдіктер барлық аудан-қалаларда іске қосылатын болады", деді А. Баталов. Сол сияқты өңір басшысы аймақта шағын және орта бизнесті дамытуға, кәсіпкерлерге жасалып отырған қолдаулар жайлы да айтып өтті.
Мәселен, биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі дерек бойынша, облыста 122,3 мың шағын және орта бизнес субъектісі бар. Осы секторда 250 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оларда шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі биылғы жылдың 1-ші тоқсанында 260,7 млрд. теңгені құрады.
Облыс әкімі жер учаскелерін беруде заңдылықтың сақталуына баса назар аударылатынын атап өтті. Облыс республикадағы алғашқылардың бірі болып жер ресурстарының кешенді электронды картасын жасады, облыстық маңызы бар қалаларда жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бойынша мемлекеттік қызметтерді қамтитын геоақпараттық жүйе құрылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі дежалғасып жатыр.
"Бүгінгі кездесу өзекті мәселелерді бірлесіп талқылай отырып шешуде пайдалы диалог алаңы болады ғой деп ойлаймын", деп сөзін қорытындылаған А. Баталов кезекті Алик Шпекбаевқа ұсынды.
Агенттік төрағасы өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар мен ведомствоның9 айда атқарған жұмысына қысқаша тоқталды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформасының 3 пакеті жайлы түсіндіріп өтті. Сол сияқты мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз етуге бағытталған трансформациялық процестермен, бюджеттік шығындарды оңтайландыру жөніндегі алдын алу жұмыстарының нәтижелерімен, сондай-ақ парасаттылық идеологиясын ілгерілетудің жаңа тәсілдерімен таныстырды.
Сонымен бірге Алик Шпекбаев бүгінгі күні әр азамат, әрбір қоғам қайраткері, соның ішінде блогерлер де, журналистер де сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруда, парасаттылық идеологиясын ілгерілетуде ерекше рөлге ие екенін атап өтті. Бұл ретте Агенттік басшысы ең басты міндет сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, профилактикалық шаралар қабылдау екенін баса айтты. Осыған байланысты тәрбие-ағарту жұмыстарын жан-жақты жүргізуді күшейту қажет.
Сөзінің қорытындысында Алик Шпекбаев Талдықорған қаласының өсу деңгейі мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жоғары бағалап, қатысушыларға өзі аралап көрген нысандардан алған әсері туралы қысқаша айтып берді.
Мұнан соң облыста жемқорлыққа қарсы стратегия шеңберінде жүргізілген ақпараттық-ағарту жұмыстары туралы ақпараттық-ағарту штабының төрағасы Серік Мұқанов баяндады. Осы жиында "Protecting Business and Investments" бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жөніндегі жоба қатысушысы Римма Салықова мен арнайы мониторинг тобының мүшесі Күләнда Батырбеков да өз ойларымен бөлісті.
Кездесу "ашық диалог" форматында өткенінің нәтижесінде қатысушылар саяси жаңғыру мен қоғамды демократияландыру призмасынан қарағандағы жемқорлыққа қарсы саясаттың жүзеге асырылу мәселелеріне қатысты пікірлерін ортаға салды.
Белсенді қатысушылардың ішінде Өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Баниямин Файзуллин, "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қоғамдық палата мүшесі Амир Газалиев, белгілі заңгер және қоғам қайраткері Бақытжан Базарбек, Жаркент крахмал-сірне зауытының басшысы Закиржан Кузиев және басқа да азаматтар болды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов барша қатысушыларға рахмет айтып, қоғам мүшелерінің бей-жай қалмай, белсенді азаматтық позиция танытуы туған өлкені көркейтуде, Жетісудың әлеуметтік-экономикалық дамуында аса маңызды екенін де еске салды.
Бұдан соң Агенттік Төрағасы облыс әкімімен бірге Іле ауданы Өтеген батыр кентінде Оңтүстік аймақ бойынша ауданаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының ресми ашылуына қатысты. Аталған іс-шара барысында Алик Шпекбаев Агенттіктің оңтүстік кореялық серіктестерінің атынан Балалар аймақтық ауруханасы мен Орталық аудандық ауруханаға 2 дана концентратор аппаратын тапсырды. Атап өтсек, бұл - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің оңтүстік кореялық серіктестерімен коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрестегі гуманитарлық көмектің екінші траншы.
Алматы облысына жасаған сапарының соңында Агенттік төрағасы Іле ауданындағы сервистік әкімдік жұмысымен танысты.
Жалпы бұл сервистік әкімдік мемлекеттік қызметтің 56 түрін көрсетеді. Онда ауданның 9 мемлекеттік мекемесі фронт-кеңсесінің қызметкерлері орналасқан.