Қазақстанда тұңғыш рет әлемдік деңгейдегі «Oceanman Almaty-Kapchagay – 2021» спорттық шарасы өтеді.
Жарыстың ұйымдастырылғанына көп уақыт өте қоймаса да, жыл өткен сайын қатысушылардың саны да, қызықты әрі тартысты доданы өз елдерінде өткізгісі келетіндерің қатары артып келеді. Міне, осындай байрақты бәсекені келесі жылы өткізу бақыты Қазақстанға да бұйырды.
2015 жылы негізі қаланған Oceanman жарысы бүгінге дейін Италия, Малайзия, Мексика, Түркия, Ресей, Грекия, Франция, Украина, Швейцария, Таиланд, Кипр және Колумбияның ең әдемі су айдындарында ұйымдастырылды. Келесі жылы бұл елдердің қатарына Қазақстан да қосылады.
Елімізде алғаш рет өткізілгелі отырған бәсекеге қатысушылар 4 қашықтық бойынша бақ сынайды. 31 тамызда балаларға арналған 800 метр жүзу және 1,5 шақырым спринт жарысы жоспарланса, 1 қыркүйекте ересектер 5 шақырым (Half Oceanman) және 10 шақырым (Oceanman) қашықтықта сайысады.
Мега-ивентті ішкі және шетелдік аудиторияға таныту мақсатында Oceanman Қазақстан ұйымдастырушылары Kazakh Tourism ұлттық компаниясымен келісімге қол қойды.
«Мұндай іс-шара тек спорттық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар туристердің назарын аударатын шара ретінде де тартымды. Жеке немесе көрермен ретінде қатысу мүмкіндігінен басқа, туристер бүкіл Алматы облысының туристік нысандарында көре алады», деді Kazakh Tourism Басқарушы директоры Т. Аманбаев.
«2019 жылы алғаш рет Испаниядағы Oceanman-ға қатысып, 10 шақырымдық жарыс мені шабыттандырғаны соншалық – мұндай шара біздің елде де өтуі тиіс деп ойладым», деді Oceanman Kazakhstan франшизасының иесі Ералы Уралов. «Қапшағай суы – жүзу үшін өте ыңғайлы (еуропалық старттармен салыстырғанда, ешқандай жануарлар кедергі етпейді) және бұл жерде Қазақстанның басқа өңірлеріне қарағанда ауа райы да қолайлы. Қапшағай маңында логистика өте ыңғайлы. Ең маңыздысы – Алматы халықаралық әуежайы жақын орналасқан, себебі жүзуге қазақстандықтар ғана емес, сонымен қатар Мәскеу, Бангкок, Дели, Бейжің, Шанхай қалаларынан келетін қатысушылар бар», деді Ералы Уралов.
Oceanman – бұл жыл сайын чемпионатқа біріктірілген әлемнің әртүрлі нүктелеріндегі бірнеше жарыс. Қатысушы бір немесе бірнеше жүзуді таңдай алады. Әр маусымның соңында чемпионаттың финалы өтеді. Біліктілік жүйесіне сәйкес әрбір OCEANMAN және HALF OCEANMAN-нан алғашқы 10 әйел мен 10 ер адам автоматты түрде Oceanman Worldwide Championship финалына өтеді.