Індет қайта бас көтере бастаған Еуропа елдері қауіпсіздік шараларын қатаңдатуға кірісті. Мәселен, Германия Берлин, Кельн және Франкфурт секілді ірі қалаларда түнгі уақытта адам көп жиналайтын орындардың жұмысына шектеу қойды.
Ел астанасында бірқатар дүкендер мен мейрамханалар осы демалыстан ай соңына дейін түнгі 11 мен таңғы сағат 6-ға дейін жабылады. Пандемияның ең ауыр кезеңін өткерген Германияда қазір бір күнде 4 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталып жатыр. Бұл – сәуірден кейінгі ең үлкен көрсеткіш. Канцлер Ангела Меркель жұма күні індет жақын арада ауыздықталмаса, жаңа шектеулер енгізілетінін ескертті. Ал бір күн бұрын Денсаулық сақтау министрі елде инфекцияның бақылаусыз таралуынан қорқатынын айтқан еді.
Францияда вирус көп тараған Париж бен Экс-Марсель қалаларының қатарына Лион, Гренобль, Сент-Этьен және Лилль аймақтары қосылды. Бұл өңірлерде барлардың жұмысы толығымен тоқтап, мейрамханалар қатаң талапта қызмет көрсетеді. Жұма күнгі ресми мәліметтерге сәйкес, Франция бір тәулікте 20 мыңнан астам адамның вирус жұқтырғанын анықтады. Үкімет жанындағы Ғылыми кеңес қатаң карантин шараларын жоққа шығармады.
Чехия мен көршілес Словакияда төртінші күн қатарынан вирус жұқтырғандар саны рекордтық көрсеткіште тұр. Қос ел үкіметтері қауіпсіздік шараларын қарастырып жатқандарын мәлімдеді.
Испания үкіметі болса 15 күнге аса қажеттілігі болмаған жағдайда қаладан қалаға баруға тыйым салды. Одан бөлек мейрамхана, дүкен, спорт орындарының жұмысы да шектелді. Белгияда да тамақтану орындарының жұмысы қатаң бақылауға алынды.