Біз өңірдегі Ақтоғай ауданына барған жолсапар барысында суармалы шаруашылықтарды араладық. Ербол Әлібеков басқаратын «Agro Terra» ЖШС-де болып, картоп пен көкөніс өсетін алқаптарда болдық.
Бізді алқап басында қарсы алған Ербол Әлібеков суармалы алқаптың тиімді екенін, Ертіс өзенінің суын пайдалану қажеттігін атап өтті. Қазір 5 гектар жердің өзінен суармалы алқапты қолданысқа енгізіп, табыс көзін тауып отырған шаруашылықтар бар екен. Біздің кейіпкеріміз көп жыл бойы игерілмей жатқан жерден жұмыс бастапты. Сөйтіп, 2016 жылы бос жатқан жер маңдай тер, қызу еңбектің арқасында өнімін бере бастаған. Жерді жыртып, күтіп-баптап, қажетті тыңайтқыштарын сеуіп алдымен 60 гектарына «Гала» тұқымды картоп отырғызады. Картоптың әр гектарынан 25 тоннадан өнім жиналыпты.
– Бұл өте үлкен көрсеткіш болмағанымен, шаруашылық үшін басқа да көкөністер өсіруге бейімдеп, дайындау қажет болды. Былтыр 160 гектар аумаққа картоп ектік. Аудандық ауылшаруашылық мамандарымен кеңесіп, алқапты жаңбырлатып суару аумағы 500 метр болатын жаңбырлатқыш қондырғы техникасын 31 млн теңгеге лизингпен алдық, – дейді Е.Әлібеков.
Ал суды Ертіс өзенінің бір саласы Талыннан алады. Жаңбырлатқыш қондырғыға сораптың көмегімен алынған су жердің астымен өтетін құбыр арқылы алқаптарға жетеді. Бірақ Талын өзенінен алатын су әлі де жеткіліксіз екен. Өйткені өзен түбі тазаланбаған, егер суды тазалау жұмыстары жүргізілсе, онда бұл аумақта 2,2 мың гектар жерді суаруға болар еді.
Жалпы, өңірімізде алдағы жылдары картоп және көкөністер өсіретін 140 мың гектар жер суармалы алқапқа айналмақ. Қазір 70 мың гектардай суармалы алқап бар. Биыл да Ербол Әлібеков басқаратын шаруашылық 120 гектар алқапқа картоп өсіріп, қазір жиын-терін жұмыстарын аяқтады. Суармалы алқаптың тиімділігін көріп, игерген соң енді тағы 360 гектар жер алмақ. Алқапта комбайн картопты жинап, машиналарға тиеп береді. Бұрынғыдай қолмен жинайтындай емес, картоп қопаруда ширақ қимылдайтын шетелдік техника қолғабыс етеді.
– Бұл комбайнның иесі – біздің Қожамжар ауылында жалғыз қалған неміс ұлтының өкілі Владимир Герт. Бұрын тұрған немістердің барлығы көшіп кетті. Ауылын, өскен жерін, кең даласын қимай қалған Владимир – нағыз еңбек адамы. Ал қасында көмекші болып жүрген Дмитрий Мусияк біздің Қожамжар ауылындағы аграрлық колледждің студенті, өндірістік тәжірибеден өтуде, – дейді алқапта қасымызда жүрген ауыл әкімі Серік Тезекбаев.
Ал мол өнімді маңдай термен өсіру бар да, күзде өнімнің жемісін көру – бір қуаныш. Шаруашылық картоп сақтауға арнап сыйымдылығы 2 мың тонна болатын көкөніс және картоп қоймасын салып алды. Серіктестікте 2 трактор, трактор тіркемелері, жүк көлігі, картоп отырғызатын агрегат, картоп жинайтын комбайн, басқа да техникалары бар. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы көктемгі-күзгі барлық жеңілдікті пайдалануда.
Владимирдің комбайны жинап, машиналарға тиеп беретін картоп арнайы техника арқылы жиектерге түскен соң, жұмысшылар тазалап, қаптарға салуда. Қыс бойы сақтау үшін қоймаларға да жөнелтілуде.
Серіктестікте тұрақты жұмыс істейтін 10 адам бар, ал науқандық жұмыстар, күзгі жиын терін жұмыстарында Қожамжар, Қайнар ауылының тұрғындары еңбек етеді. Оңтүстіктен көшіп келген Дәурен Әубәкіров те осы серіктестікке жұмысқа тұрды. Дәуренмен бірге тағы да балалы-шағалы 3 отбасы осы ауылға қоныс аударыпты. Дәуреннің айтуынша, серіктестік басшысы Е.Әлібеков ауылдың демеушісі, жұмыс орындарын ашып қана қоймай, аз қамтылған отбасылардың қысқы отын-көміріне дейін жеткізіп береді.
– Ұлдарым Шаяхмет пен Жәңгір мектеп оқушылары болса да, сабақтан бос уақытта алқап басына келіп, көмектеседі. Ауыл баласы далаға құмар ғой. Бос жатқан жерді игеріп, мол өнім алып, жұмыс істеп жатқанымыз болашақ жер иелеріне қажет кәсіп деп ойлаймын, – дейді Ербол.
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы,
Қожамжар ауылы