Футболдан 21 жасқа дейінгілер арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысып жатқан Қазақстан жастар құрамасы Алматыдағы Орталық стадионда Солтүстік Македонияны қабылдап, ірі есеппен жеңіліп қалды.
Бұл матчта жеңіске жету екі құрама үшін де маңызды болатын. Өйткені үш ұпай олжалаған құрама турнир кестесінде екінші орынға көтеріліп, кәріқұрлық чемпионатына қатысуға бір табан жақындайтын. Сондықтан екі елдің футболшылары жеңіске жету үшін аянып қалған жоқ. Футбол мамандары бір жыл бұрын Солтүстік Македонияда 1:1 есебімен тең ойнаған жерлестеріміз өз елімізде еш қиындықсыз жеңіске жетеді деп болжаған-ды. Алайда жастарымыз күтпеген жерде 4:1 есебімен жеңіліп, жанкүйерлерді жерге қаратты. Қазақстан құрамасынан жалғыз голды Оралхан Өміртаев соқты. Жеңіліп жатқан ойында қазақстандық футболшылар «ерліктерімен» көзге түскенін де айта кетейік. Мысалы, гол авторы Өміртаев пен қорғаушы Рауан Орынбасар қызыл қағаз алып, алаңнан қуылса, Артур Шушеначев 11 метрлік айып добынан гол соға алмады.