• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Оқиға 12 Қазан, 2020

Мәншүктің мүсіні орнатылды

651 рет
көрсетілді

М.Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжі оқу ғимаратының алдына Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың мүсіні орнатылды.

 

Ғасырға жуық уақыт бойы өңі­ріміздегі барлық емханалар мен ауруханаларға орта және кіші ме­дицина қызметкерлерін даярлап келе жатқан оқу орнының 85 жылдығымен ардагер дәрігерлер, мәслихат депутаттары құттықтап келді. Мәншүк мүсінінің ашылу салтанатында жұртшылықты Ал­ма­тыдан Мәншүк Мәметованың не­мере туысы Шолпан Мәметова мен Ресейдің Псков облысы Невель ауда­нының дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Еле­на Воронкова онлайн-форматта құт­тықтады.

1935 жылы ашылған Ақтөбе медицина училищесі қабырғасында осы кезге дейін 20 мыңнан астам маман даяр­ланған. Өңірдегі іргелі оқу орнын құттықтап келген облыс әкімі Оңдасын Оразалин адам өмірін құтқаруда орта және кіші медицина қызметкерлерінің еңбегінің өлшеусіз екендігін атап өтіп, қай кезде де елге қадірлі мамандар даярлап келе жатқан оқытушылық құрамға алғыс айтып, студенттеріне сәттілік тіледі. Алматы мемлекеттік медицина университетінде оқып жүр­генінде майданға баруға өз ер­кімен арыз жазып аттанып, теңдессіз ерлік көрсеткен Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың атын иелену осы оқу орнының ұжымына орасан зор жауапкершілік жүктейтінін де атап өтті облыс әкімі. Айта кету керек, 1943 жылдың 16 қазанында Қаратай көлінің жағасында жау­мен бетпе-бет қалып, ерлікпен қаза тапқан 100-атқыштар бри­га­дасының пулеметшісі Мән­шүк Мәметова мен мерген Ыбырайым Сүлейменов Невель қаласының түбінде қатар жерленген. 360 фашисті винтовкасымен жойған мерген Ыбырайым Сүлейменовтің ерлігі де осы кезге дейін айтылмай келеді. Ол қаза тапқанда, Жуалы ауданында әйелі мен бір қызы қалғанын жазған еді Әзілхан Нұршайықов.

Қазіргі уақытта фельдшер, медбике, тіс технигі маман­дықтары бо­йынша 1500-ден астам студент білім алып жат­қан Ақтөбе жоғары медицина коледжі 2017 жылы Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімін иеленді. Бұл істе колледждің бұрынғы директоры Вадим Югай марқұмның еңбегі зор. Ол 2006 жылы Мәншүк Мәметованың есімін беруді Үкі­метке жазып, оның жауабын он жыл бойы күтті. Вадим Югай мен еңбек ардагері Ғалымжан Байдербес 2017 жылы осы оқу орнында Мәншүк Мәметова мұражайын жасақтады. 

 

АҚТӨБЕ