Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасының кезекті тур ойынын Алматыдағы Орталық стадионда Албания футболшыларымен өткізіп, тартысты кездесуде тең түсті.
Шыны керек, матч алдында Албания құрамасы ойынның сөзсіз фавориті саналған. Футбол мамандары да Албания үш ұпай иеленеді деп болжаған еді. Бірақ Қазақстан құрамасының ойыншылары Балқан түбегінің еліне лайықты қарсылық көрсетіп, жеңіске жетуі былай тұрсын, гол соғуға мүмкіндік берген жоқ. Алматыдағы ойында екі ұжымның да басты мақсаты – үш ұпай олжалап, турнир кестесінде топ бастау еді.
Кешегі ойында жерлестеріміз нашар өнер көрсетті деп те, жеңіске лайық болды деп те айта алмаймыз. Бірақ шабуыл ұйымдастырып, гол соғу мүмкіндігін жарату бойынша Албания құрамасына жол бергеніміз анық. Мәселен, ойынның 60-минутында қарсылас команданың ойыншысы қақпашымыз Стас Покатиловтің үстіне асыра салған добына абырой болғанда қорғаушы Темірлан Ерланов бірінші жетіп, қақпамызды 100 пайыздық голдан аман сақтап қалды.
Сондай-ақ Албаниямен өткен ойында белгілі себептермен матчқа қатыса алмаған негізгі құрамның футболшылары Бауыржан Исламхан, Нұрәлі Әліп, Ян Вороговскийдің орындары әбден білінді. Алдағы Беларусь құрамасымен өтетін ойынға Нұрәлі Әліп пен Ян Вороговский қатыса алмайды. Ал Исламханның жағдайы белгісіз. Сондай-ақ кешегі кездесуде сары қағаз алған Ғафуржан Сүйімбаев та құрамаға көмектесе алмайды.
Бас бапкер Михал Билек те Албаниямен өткен матчтың нәтижесі көңілінен шыққанын және қорғаныста ойыншылардың тапшы болғанын айтты. «Бізде қорғаныста ойыншылар мәселесі туындады: Вороговский, Әліп, Малый түрлі себеппен бұл ойынға қатыса алмады, ал Марочкин жарақат алып қалды. Бірақ алаңға шыққан қорғаушылар жақсы ойнады. Мен оларға ризамын. Қақпамызға гол өткізіп алмағанымызға көңілім толады. Ал бізде гол соғатын мүмкіндік көп болмады», деді Билек.
Ал Албания құрамасының бас бапкері италиялық маман Эдоардо Рея да тең ойынға риза екенін жеткізді. «Бәрі жақсы. Төрешілер кейде қателіктер жібереді. Ойын алдында мен қатты алаңдадым. Өйткені төреші бұған дейін өткен бір матчта 12 сары қағаз көрсеткен болатын. Мені осы жағдай қатты мазалады. Қазақстан құрамасы біз үшін біраз қиындық туғызды. Бірақ маған команданың ойын мәнері ұнады. Біздің топтағы барлық команданың деңгейлері шамалас. Дегенмен физикалық жағынан жақсы дайындалған құрама бірінші орын иеленді», деді Эдоардо Рея.
Топтағы екінші ойында Литва өз алаңында Беларусь құрамасын қабылдап, 2:2 есебімен тең ойнады. Енді С дивизиондағы келесі тур ойындары 14-15 қазанда өтеді. 14 қазанда Албания сырт алаңда Литва құрамасымен, 15 қазанда Қазақстан қонақта Беларусь футболшыларымен ойнайды. Топта топ бастайтын команданың тағдырын осы төртінші тур шешеді.
Биылғы Ұлттар лигасының іріктеу кезеңін сәтті бастаған жерлестеріміз осылайша үш турдан кейін топтың көшін бастап тұрғаны қуантады. Әрине бөркімізді аспанға атуға әлі ерте дерсіз, бірақ әзірше мақтанышпен айтуға болатын шығар?! Қазақстан құрамасының ең кейінгі рет өз тобында үш матчтан кейін қашан бірінші орында тұрғанын ұзақ ойланып, есімізге түсіре алмадық.