Теннистен биылғы Францияның ашық біріншілігі ерекше жағдайда өткеніне қарамастан, тенниссүйер қауымның көңілінен шыққан сыңайлы. Жыл сайын мамыр айында өтетін байрақты бәсеке биыл қазан айында ұйымдастырылды. Жанкүйерлер алдыңғы бәсекелер секілді биыл да жаңа есімдерге, жаңа рекордтар мен тартысты ойындарға куә болды. Қыздар арасында 19 жастағы польшалық Ига Швентек сенсациялық жеңіске қол жеткізсе, ерлер арасында испаниялық Рафаэль Надаль «Ролан Гарростың» 13 дүркін чемпионы атанды.
Швентек – жаңа жұлдыз
«Ролан Гаррос» жарысы басталғанда жанкүйерлер әйелдер арасындағы «Биыл жеңімпазы кім болуы мүмкін?» деген сұрақ туындағанда, көпшілік өздерінің сүйікті теннисшілерінің есімін айтып, олардың жеңісіне күмәнсіз сенді. Бірақ жанкүйерлер атаған фаворит теннисшілердің ішінде Швентектің есімі жоқ еді. Франция ашық чемпионатының финалында биылғы Australian Open додасында топ жарған АҚШ өкілі София Кенин мен WTA санатындағы бірде-бір жарыста жеңбеген, тіпті әлемдік рейтингте ТОП-50 теннисшінің қатарына кірмеген поляк қызы Ига Швентек бақ сынады. Екі сетке созылған ойында Швентек сенсация жасап, апалы-сіңлілі Уильямстардың ізбасары деп саналған София Кенинді (әлемнің 4-ракеткасы) 6:4, 6:1 есебімен еш қиындықсыз жеңіп кетті.
«Ролан Гаррос» жарысына дейін WTA рейтингінде 52-орында тұрған Швентек финалға дейін кіл мықтылармен бақ сынады және барлығын 2:0 нәтижесімен бір деммен жеңіп шықты. Атап айтар болсақ, бірінші айналымда әлемнің 20-ракеткасы чехиялық Вондроушованы, екінші кезеңде тайпейлік Се Шувэйді (66), үшінші бәсекесінде бельгиялық Эжени Бушарды (140) қапы қалдырса, плей-офф кезеңінде әлемнің екінші, осы жарыстың бірінші ракеткасы румынялық Симона Халепті жарыс жолынан ығыстырып, бас жүлдеден үмітін ерте үзді. Сондай-ақ ширек финалда италиялық Мартина Тревизаннан (83), жартылай финалда аргентиналық Надя Подорошкадан (48) айласын асырды.
Осыдан екі жыл бұрын жасөспірімдер арасындағы «Ролан Гаррос» турнирінде бас жүлдені олжалаған Ига Швентек екі жылдан соң ересектер арасында да топ жарды. Бұл нәтиже оның WTA рейтингінде 17-орынға көтерілуіне мүмкіндік берді.
Құмдауыт корттың королі
Ерлер арасында басты кубокқа талас «Ролан Гарростың» 12 дүркін чемпионы Рафаэль Надаль мен «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Новак Джокович арасында өрбіді. Финал алдында жанкүйерлер тартысты ойын күткен болатын. Өйткені екі теннисшінің бұған дейінгі кездесулері өте тартысты әрі қызықты өтетін. Бірақ бұл жолғысы олай болмай шықты. Үш сетке созылған матчта құмдауыт корттың королі Надаль еш қиындықсыз жеңіске жетті. Десе де екі сетті оңай бере салған сербиялық саңлақ үшінші сетте Надальға біраз қарсылық көрсеткенімен, испаниялық теннисші бәрібір таразы басын өзіне аударды. Қорытынды есеп – 6:0, 6:2, 7:5. Екі теннисші арасындағы 56 кездесуде Надальдың мерейі үстем болды. 29 бәсекеде Джокович жеңіске жетсе, 27 кездесуде Надальдың бағы жанған.
Сондай-ақ бұл – Надальдың «Үлкен дулыға» санатындағы 20-шы жеңісі. Осы жетістігінің арқасында ол әйгілі теннисші Роджер Федерердің нәтижесін қайталады. Тіпті швейцариялық теннисшінің өзі Надальды «Ролан Гарростағы» жеңісімен құттықтады.