• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қаржы 13 Қазан, 2020

«Әл-Фараби» жобасы бойынша келісімге қол қойды

168 рет
көрсетілді

Жуырда Мәскеу қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ президенті Вагит Алекперов «Әл-Фараби» жобасы бойынша келісімге қол қойды. Бұған дейін уәкілетті мемлекеттік органдар Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына өзгерістер енгізген еді, соған сәйкес «I-P-2» учаскесінің атауы «Әл-Фараби» жер қойнауы учаскесі болып өзгерді.

2019 жылдың маусымында ҚМГ мен ЛУКОЙЛ арасында осы жоба бойынша қағидаттар туралы келісімге қол қойылған болатын. Сол кезде қос компания оны бірлесіп іске асырудың негізгі шарттары жөнінде уағ­даласты. Бұл жолғы келісім атал­ған жер қойнауы учаскесі бойынша бірлескен жұмыстың кезекті кезеңі саналады. Ендігі қадам көмірсутек шикізатын барлау мен өндіруге келісімшартқа отыруды көздейді.

Қол қойылған құжат «Әл-Фараби» жобасы бойынша бола­шақ жер қойнауын пайдалану­шы­­ның қызметіне қатысты ҚМГ және ЛУКОЙЛ-дың құқықтары мен міндеттерін айқындайды. Келісім ҚМГ жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасасу арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын иеленген соң және ҚМГ-ға 50,01%, ал ЛУКОЙЛ-ға 49,99% үлесі тиесілі бірлескен кәсіпорынды құру бо­йынша ҚМГ мен ЛУКОЙЛ арасында жоспарланып отырған мәміле аяқталғаннан кейін өз күшіне енеді.

«Бұл келісім «ҚазМұнайГаз» бен «ЛУКОЙЛ» арасындағы серіктес­тіктің қарқынды дамуының тағы бір айғағы. Ресурстық қорды дамыту – ҚМГ-ның стратегиялық міндеттерінің бірі. Біз бұл жұмысты жалғастыруға ниеттіміз. ҚМГ мен ЛУКОЙЛ Каспий теңізінің қазақстандық секторын тиімді игеруге бар күш-жігерін жұмсайтын бола­ды», деп атап өтті А.Айдарбаев.

Қазіргі кезде ҚМГ Қазақстан Рес­пуб­ликасының Энергетика ми­нистр­лігіне «Әл-Фараби» учаске­сінде жер қойнауын пайдалану құ­қы­­ғын алу бойынша тікелей келіс­сөз­дер жүргізуге өтінім беруді жос­парлап отыр.

ҚМГ мен ЛУКОЙЛ ынтымақтас­тығы стратегиялық маңызға ие. Компаниялар «Қарашығанақ», «Теңіз», «Құмкөл» ірі жобаларында, сондай-ақ «Каспий құбыр консорциумы» мұнай тасымалдау жобасында серіктес болып отыр. 2019 жылдың 1 сәуірінде Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, ҚМГ және ЛУКОЙЛ арасында «Жеңіс» теңіз учаскесінде көмірсутек шикізатын барлау мен өндіруге келісімшарт жасалды.

Айта кетелік, ҚМГ көмірсу­тек­терді барлау мен өңдеуден бас­тап, тасымалдауға, өңдеуге және мамандандырылған қызмет көрсе­туге дейінгі барлық өндірістік цикл бойынша активтерді басқа­ра­ды. Компания 2002 жылы құры­лып, Қазақстанның мұнайгаз сала­­сындағы мемлекет мүддесін қор­ғай­ды. ҚМГ-ның негізгі актив­тері барлау және өндіру бо­йынша: Теңізшевройл (ТШО) – 20%, Қарашығанақ (ҚПО) – 10%, Қашаган – 8,44%1, Өзенмұнайгаз (ӨМГ) – 100%, Маңғыстаумұнайгаз (ММГ) – 50%, Ембімұнайгаз (ЕМГ) – 100%, Қазгермұнай (ҚГМ) – 50%, ПетроҚазақстан (ПҚИ) – 33%, Қаражанбасмұнай (ҚБМ) – 50%, Қазақойл Ақтөбе (ҚОА) – 50%, Қазақтүрікмұнай (ҚТМ) – 100%, ҚазМұнайТеңіз – 100%, мұнай мен газ тасымалдау, газ маркетингі бойынша: ҚазТрансОйл – 90%, Қазақстан-Қытай құбыры (ҚҚҚ) – 50%, Мұнай Тас – 51%, Batumi Oil Terminal – 100%, КҚК – 20,75%2, Қазақтеңізкөлікфлоты – 100%, ҚазТрансГаз – 100%, ИОА – 100%, АГҚ – 50%, ҚТГ Аймақ – 100%, БШҚ – 50%, ҚазРосГаз – 50%, өңдеу бойынша: ПМХЗ – 100%, АМӨЗ – 99,53%, ПҚОП – 49,72%, KMG International – 100%, Петромидия – 54,63%, Вега – 54,63%.

2015 жылғы қазанда Самұрық-Қазына опциондық келісімге сәйкес 2020 және 2022 жылдар ішінде акция­ларды сатып алу құқығымен Қаша­ғанның 50% үлесін сатып алды. ҚМГ және Самұрық-Қазынаға Қашағанның жалпы 16,88% үлесі тиесілі. ҚМГ арқылы 19% және Kazakhstan Pipeline Ventures (KPV) арқылы 1.75%.