• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қазан, 2020

Малын қауіп-қатерден сақтандыра алады

488 рет
көрсетілді

Агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру саласының операторы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ірі қара малды сақтандыру өнімдерін бекітті.

Осы уақытқа дейін агроөнеркәсіп кешенінде малды мақсатты түрде сақтандыру болған жоқ. Иесі малын тек мүлік ретінде сақтандыра алатын. Егер, жоғалса немесе көлік қағып кеткен жағдайда ғана сақ­тан­дыру төленетін. Енді аурудан және басқа да қауіп-қатерлерден сақтан­дыра алады.

Қазіргі эпизоотиялық жағдай еске­ріліп, шетелдік қайта сақ­тан­дыру­шылармен бірге түрлі тәуекел­дерді сақтандыру өнімдері әзірленді. Осы өнімдер арқылы фер­мер­лер малды өз шаруашылы­ғы­ның аумағында және 5 шақырымдық радиустағы көрші шаруашылықтардың аума­ғын­дағы аурулар мен басқа да тәуе­кел­дерден сақтандыра алады. Тәуе­келдер қатарына инфекциялық және аса қауіпті аурулар, өрт, үшінші тұлғалардың зиянды әрекеттері, қауіпті табиғи құбылыстар, сондай-ақ жазатайым оқиғалар – жарылыс, найзағай түсу, тұншығып өлу, жыртқыш аңдардың шабуылы, жылан немесе жәндіктердің шағуы, түрлі себептермен жарақаттануы және тағы басқалар кіреді.

«Қазір елімізде етті және сүтті бағыт­тағы мал шаруашылығын дамы­­ту бағдарламалары жүзеге асы­ры­­лып келеді. Мыңдаған шаруа қо­жа­­лықтары етті бағыттағы асыл тұ­қым­ды ірі қара мал сатып алу үшін жеңілдетілген несиемен қар­жылан­дырылуда. Мұндай жағдайда несие беруші ұйымдардың табан тірей­­тін қауіпсіздік тетігі болуы маңыз­ды. Біз жаңа сақтандыру өнім­д­ерін енгізу фермерлерге тәуе­келдер­­ден қорғануға, жобаларды қар­жы­­лан­­дыратын компанияларға салған қара­жат­тарын қорғауға мүм­кін­дік береді деп санаймыз», дейді «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма мүшесі – бас­қарушы директоры Асқар Қалиев.

Ірі қара малға қатысты тәуекел­дер әлемдік нарықтағы «А» рейтингі бар Халықаралық қайта сақтандыру компанияларында сақтандырылады. Бұл сақтандыру жағдайы туындаған кезде фермерлерге кепілдендіріл­ген төлемдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Шарт жасасу процесі, одан әрі фермер мен сақтандыру компания­сының және оператордың жұмысы WWW.QOLDAU.KZ электрондық платформасында жүргізіледі.

«Мал шаруашылығындағы сақтандыру сыйақыларын мемлекет субсидиялайды. Нақты айтқан­да, сақтандыру шартын жасас­қан соң сақтандыру сыйақы сома­сы­ның 50%-ын фермер, 50%-ын мем­ле­кет төлейді. Бұл – малшылар үшін сақтандырудың қолжетім­ділігін арттыруға және жалпы сақтан­дыру саласын ынталандыруға бағыт­талған. Бұл мақсатқа респуб­ликалық бюджеттен 2,5 млрд теңге қаржы бөлінді», дейді А.Қалиев.

Сақтандырылатын малдың санына байланысты сақтандыру тарифі 1,54%-дан 4,62%-ға дейінгі аралық­ты қамтиды. Мысалы, фермер өз аумағында 30-дан 99 басқа дейін сақтандырғысы келсе, ол жалпы сақтандыру сомасының 2,31%-ын төлейді. Егер 100 бастан астам малын сақтандыратын болса, тариф 1,54% болады. Егер фермер малын 5 шақырым радиустағы тәуекелдерден сақтандыратын болса, онда 30-99 басқа дейінгі тариф – 4,62%. Жүз және жүзден астам басқа жалпы сақтан­дыру сомасының 3,08%-ын төлейді.

Платформаға тіркелу арқылы фермер сақтандыру компаниясы мен малды таңдайды (жүйе жануарларды сәйкестендіру базасымен біріктірілген), сақтандыру сыйақысының 50%-ын төлейді және электронды цифрлық қолтаң­ба­ның көмегімен шартқа қол қоя­ды. Сақтандыру компаниясы шарт­қа қол қойып, операторға субсидия­ны төлеу жөнінде өтінім жібереді. Оператор қалған 50 %-ын төлегеннен кейін сақтандыру шарты күшіне енеді.

Сақтандыру жағдайы туын­даған­да фермер сақтандыру компаниясын және ветеринарлық, сондай-ақ басқа да осыған қатысы бар қызмет өкілдерін (полиция, әкімдік және т.б.) хабардар етуі тиіс, олар фактіні тіркеп, тиісті құжат береді.

Фермер растайтын қажетті құ­жат­­тар пакетін жинап, оны элект­рон­ды плат­фор­маға жүктейді және сақ­тан­ды­ру төлеміне өтініш береді. Тек­сері­ліп, бәрі дұрыс екені анық­тал­ған соң ферм­ер сақтандыру төлемін алады.

«ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры Агроөнер­кәсіп кешенінің басым бағыттарын дамыту және халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыру мақ­сатын­да шағын кәсіпкерлікті қаржы­ландырады.

Барлық туындаған сұрақтар бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на 8 800 080 3505 телефон нөмірі арқылы хабарласуға болады.