Нұр-Сұлтанда жаңа мамандандырылған ХҚО алғашқы қызмет алушыларды қабылдай бастады. Енді көлік құралдарын қайта тіркеу және жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін астаналық көлік иелері қала сыртындағы автоХҚО орнына A-82 көшесінде орналасқан «Нұрлы жол» темір жол вокзалындағы бөлімге жүгіне алады.
Бұған дейін барлық жүктеме елордадағы жалғыз мамандандырылған ХҚО-ға түсетін. Себебі елордадағы автокөлік базары – ең ірілердің бірі және мұнда автокөліктерді Нұр-Сұлтан тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы аудандар мен қалалардан да сатып алуға келеді. Сонымен қатар бас қаланың тұрғындарының саны жыл сайын өсіп келеді, бұл да халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктеменің артуына әсер етеді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, елордалық автоХҚО-да күніне 2 мыңға жуық адамға қызмет көрсетіледі. «Көлікті сатып алушы азамат мамандандырылған бөлімге сатушымен бірге келетінін ескерсек, ХҚО-дағы адам қарасы ешқашан азаймайды. Коронавирус пандемиясы шағында бір ғимаратта осыншама азаматты қабылдау қауіпті, сондықтан екінші мамандандырылған орталық ашу туралы шешім қабылданды», деді Балташева.
Ол, сонымен қатар жаңа бөлімнің орналасқан жері азаматтар үшін өте ыңғайлы екенін айтып өтті. Өйткені қала ішінде, сол жағалауға жақын жерде орналасқан, бұл қызметтерді алуды жеңілдетіп қана қоймай, жол шығынын да азайтады.
Мамандандырылған ХҚО-да автокөліктерді қайта тіркеуге арналған 23, жүргізуші куәліктерін ауыстыратын 3, сондай-ақ көтерме және жеңілдік терезелері үшін бір-бір жұмыс орны бар. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігінің деректер базасынан ақпараттық анықтамалар беретін терезе қарастырылған.
Орталық жаңа жиһаздармен және техникамен жабдықталған. Көлік қоюға арналған тұрақтың аумағы – 70 мың шаршы метр.
Жуырда Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова жаңа бөлімнің жұмысымен танысты. Оларға жер және жылжымайтын мүлік қызметтерін оңтайландыруға және автоматтандыруға мүмкіндік беретін жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры мен iQala жүйесін енгізу туралы ақпарат берілді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің стратегиялық міндеті – азаматтарға мемлекеттік қызметтерді алу кезінде, әсіресе оны онлайн форматқа ауыстыру арқылы қолайлы жағдай жасау.
COVID-19 пандемиясы себебінен қазақстандықтар цифрлы жаңашылдықтарды белсенді қолдана бастады. Қазіргі уақытта мобильді азаматтар базасында 9,5 млн қазақстандық тіркелген, eGovmobile мобильдік қосымшасын 3,3 млн азамат жүктеген, 1,8 млн адам әлеуметтік желілердегі және мессенджерлердегі боттардың тұрақты қолданушылары, ал тағы 35 мың адам өздерінің биометриялық деректерін енгізіп үлгерген.
Айта кетелік, жыл басынан бері автоорталықта 144 мыңнан астам көлік қайта тіркеуден өткізіліп, 42 мыңнан астам азаматқа жүргізуші куәлігі берілді.