Шаруа қожалығы табысын жасырған, деп хабарлайды Egemen.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірдегі ауылдардың бірінде орналасқан шаруа қожалығына қатысты, әкімшілік құқық бұзушылық туралы, әкімшілік кодекстің 251-бабы бойынша іс қозғалды. Іс шетел валютасын уәкілетті банктердегі банктік шоттарға, тауарларды әкетуден түсетін түсімдерді шетел валютасын есепке жатқызу түрінде жасалған ұлттық және шетел валютасын репатриациялау талаптарын орындамауға байланысты.
"2018 жылдың 26 қарашасында шаруа қожалығы тауарлардың әр партиясына арналған спецификацияға сәйкес тауарлар - азық-түлік картоптарын жеткізуге ресейлік ұйыммен шарт жасасты. Шарттың жалпы сомасы 1 190 000 АҚШ долларын құрады. Банк келісімшартқа 180 күндік репатриация мерзімімен шот нөмірін берді. Шаруа қожалығының өтініші және қосымша келісім негізінде шарт бойынша репатриация мерзімі 254 күнге дейін ұлғайтылды", деді баспасөз қызметінде.
Шаруа қожалығы келісімшарт бойынша резидент еместерге 2018 жылдың желтоқсанынан 2019 жылдың наурызына дейінгі мерзімге 247 861 АҚШ доллары көлемінде тауар жеткізіп берді. Резидент емес тауар үшін 117 808 АҚШ доллары көлемінде төлем жасады. 254 күндік репатриация мерзімі аяқталды.Резидент еместің шаруа қожалығы алдындағы орындалмаған міндеттемелерінің жалпы сомасы 130 054 АҚШ долларын құрады, бұл «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Заңның 9-бабы 1-тармағын бұзу болып табылады.
"Павлодар аудандық сотының шешімімен шаруа қожалығына 5 302 000 (бес миллион үш жүз екі мың) теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды. Шешім заңды күшіне енді. Шаруа қожалығы мемлекетке аталған соманы толық төледі", деді баспасөз қызметінде.