• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Қазан, 2020

Павлодарда ақын-жазушылар аллеясы ашылады

389 рет
көрсетілді

Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын тойлау шеңберінде облыс орталығында жазушылар мен ақындар аллеясын ашу жөніндегі тұжырымдамасымен таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Аллея Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойындағы Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының қасында орналаспақ.

Облысымыздың зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылары "Колос" мәдени-сауық орталығында аллея ашу бойынша ой-пікірлері және ұсыныстарымен бөлісті.

"Аллеяны іске асыру пандемия салдарынан кейінге шегіндірілген болатын. Наурыз, сәуір айынан бері кездесулерді кейінге қалдырып келдік. Енді алдағы мақсатымыз сәулет және қала құрылысы бөлімі ұсынған тұжырымдаманы бекітіп, одан әрі сметалық жоба дайындап, қаражат бөліп, оны іс жүзіне асыру болып табылады. Алдағы жарты жылдықта бұл идеямыз іске асады деп жоспарлап отырмыз", дейді Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Самал Бегалинова.

Ұсынылған концепция бойынша аллеяда қаланың логотипімен Абай сөздері жазылған үлкен кітап түріндегі кіші архитектуралық форма орын алады. Сондай-ақ балаларға арналған әдеби саябақ (балалар алаңы), баспа басылымдарын сатуға арналған дүңгіршек, тез тамақтану павильондары, тас композициялар, концерттер, мәнерлеп оқу байқаулары және тағы да басқа шараларды өткізуге арналған амфитеатр және жазушылар мен ақындардың бюсттері орналастырылмақ. Оған қоса, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен жарық бағандарын орнату қарастырылған.

Жиналған қауым концерттік сахнаның орнына кітапхана немесе коворкинг салуды ұсынды. Сонымен қатар, жазушылар мен ақындардың бюсттері бойынша нақты қандай адамдардың бюсттерін орнату бойынша ойларымен бөлісті.

"Ақын жазушылар аллеясы ашылғалы отыр. Бүгін жобаны көріп, таныстық. Көптеген пікірлер, ұсыныстар айтылды. Бұл өңіріміздегі жақсы мәдени шара болады деген ойдамын. Біз, яғни ақын-жазушылар қауымы бұл шарадан сырт қалуға тиіс емеспіз. Жақсы бір аллея дүниеге келетініне сенімдіміз және ашылғанға кейін қатарда, байланыста боламыз. Мәдени өміріміз, әдеби өміріміз көркейе берсін", дейді "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Арман Қани.

Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі ұсынылған пікірлерді ескеріп, жаңа концепция дайындамақ. Кейін өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылары қайта бас қосып, толығырақ талқыға салатын болады.