Қиян шеттегі Жақсы ауданына жолы түскен адамның көзіне өзгерген өңірдің сәні мен салтанаты бірден түсер еді. Биыл мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауданда бірқатар білім ошақтары мен әлеуметтік-тұрмыстық мекемелер жөнделіп, өзгеше өңді кейіпке енді.
Ұзақ жылдар бойы шешімін таппай тұрған мәселе аз емес еді. Қаржының жоқтығы, демеудің кемдігі алға ұмтылған адамның адымын тарылтып, қолын қысқартып келген болатын. Биыл «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламалары арқылы қиын түйінге айналған күрделі мәселелер біртіндеп шешімін тауып жатыр. Оңынан оралған оңтайлы істің игілігін ел көруде. Мемлекет қамқорлығына айтылып жатқан алғыс та аз емес. Шырайы кірген елді мекендердің тұрғындары өздері көптен бері жол азабын, ауыз судың тақсыретін тартып келсе, енді міне, көрген түстей ұмытыла бастады. «Агро Жер-1» серіктестігі он бес жыл бойы электр энергиясына зәру болып келген болатын. Бұл мәселені жаңа заманғы жасыл технологияның көмегімен шешіп, көп-көрім жақсы болып қалды. Дала қосы орналасқан жерде шаруашылықтың сан алуан техникасын жөндеуден өткізіп, жауын мен желден паналататын орын, астық қоймалары, серіктестік жұмысшыларына жатақхана, асхана мен монша бар. Міне, осының бәріне күн сәулесі арқылы өндірілетін 3 киловатт, жел электр стансасы өндіретін 2 киловатт энергия қуаты жетіп тұр.
Жақсы ауылындағы ұзақ жылдан бері қаңырап бос тұрған орталық аудандық аурухана ғимараты биыл 8 пәтерлік тұрғын үйге лайықталып, қайта жаңғыртылды. «Павлодар Энергомонтаж» серіктестігі қаусап қалған көне ғимаратты тап-тұйнақтай етіп жөндеп, пайдалануға бермекші. Жергілікті бюджеттен құрылыс жұмыстарын жүргізуге 106 млн-нан астам қаражат бөлінді. Қайта жаңғырту алдында сынама жұмыстары жүргізілгенін айта кету ләзім. Кәдеге аспай жатқан «сақалды» құрылыс енді 474 шаршы метрді құрайтын 8 пәтерге айналып, медицина саласының қызметкерлеріне берілмек.
Мұндай жақсы мысал аз емес. Мәселен, орталықтандырылған кітапхана биыл жақсарып қалды. Жөндеу жұмыстарына 4 млн теңге қаражат бөлініп, едені алмастырылды. Қабырғалары да сыланып, сырланып көзтартарлық болып тұр. Жаңа жиһазбен де қамтамасыз етілді. Енді халыққа мінсіз қызмет көрсетуге барлық жағдай бар. Орталықтандырылған кітапхананың директоры Гүлмира Райымбекованың айтуына қарағанда, қазіргі күні санитарлық талапты сақтай отырып, мазмұнды шараларды өткізу мұқият қолға алынған.
Көз ұшына ілінер қара кезіге бермейтін жалпақ далада орналасқан Жақсы өңірінде ауыз су тапшылығы да сезілетін. Чапай ауылындағы су бөгетін жаңғырту арқылы көптен қордаланып қалған бұл мәселе оңынан шешілді. Бұл жұмысқа облыстық бюджеттен 148 млн теңге қаражат бөлініп, толық игерілді. Жүзеге асқан жұмыс барысында елді мекендегі таза ауыз су мәселесі біржола шешіліп отыр. Көктемгі су тасқыны кезінде қаусап тұрған бөгетті қызыл су жылда шайып кететін. Әр жыл сайын бөгет топырағын нығыздап, жөндеу жұмыстары жүргізілетін. Бірақ оның өзі де тасқын суға тосқауыл бола алмайтын. Жырылған жерден бар су ағып кеткен соң жаз айларында судың жоқтығы үлкен мәселе болып келген. Енді міне, кей тұсындағы биіктігі 14 метрге дейін жететін бөгет тұрғызылды. Жұмысқа 18 техника мен 24 жұмысшы жұмылдырылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде негізінен ауыл тұрғындары тартылды. Қазір соңғы жұмыстары атқарылып жатыр.
Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде Жақсының жалпақ даласы кем-кетігін жөндеп, біршама жақсарып қалды. Халқы да берекеге бағыт алған іс мәнін түйсініп, тас-түйін біріге түсуде.
Ақмола облысы,
Жақсы ауданы