• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қазан, 2020

800 қарағай көшетін отырғызды

392 рет
көрсетілді

ERG құрамындағы «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ филиалы Ақсу ферроқорытпа зауытының өндірістік ұжымы кәсіпорын аумағы мен Ертіс өзенінің жайылмасын қорғап, сақтау үшін жыл сайын көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде. Металлургтерге көшеттерді «Жерге бақ сыйла» қоғамдық қоры жеткізіп береді.

 

– Бірнеше жыл қатарынан зауыт жұмысшылары қала маңына ағаш отырғызуда, – дейді кәсіпорын директоры Сергей Прокопьев. – Бұл «Жасыл белдеу» компаниясы бүгінде жүзеге асы­рылып жатқан барлық эко­логиялық бас­та­ма­лар­дың, яғни зауыттың қор­ша­ған ортаны газдан тазарту жүйелерін біртіндеп жаңарту, қалдықтарды қай­та өңдеу саласында озық тех­нологияларды енгізу, өзен жағалауы аймақтарын тазар­ту және басқа да көп­те­ген іс-шаралардың заңды жалғасы деуге болады.

Ал Еуразиялық Топ бас­шылығы «Жерге бақ сыйла» қоғамдық қорына қолдау көрсетуде. Қазір облыс орталығының шетін­де­гі әртүрлі ағашқа толы тәлім­бақ жайқалып тұр. Саялы бақта 2,7 мыңға жуық ағаш өсіп келеді.

– Бұл – болашақтың жасыл орманы мен таза ауасы. Кейінгі ұрпақ бұл жобамызды жалғастырады деп ойлаймын, – деген қор жетекшісі Юрий Гашек көшеттерді металлургтерге тапсыра отырып, ағаш­тар тамыр жаюы үшін оны қалай дұрыс отырғызу керек­тігін түсіндіреді. Сон­дық­тан отырғызу алдында әрбір жұмысшы ағашты шұңқырға қандай деңгейге дейін түсіру керек, қанша көлемде құнарлы топырақ қосу керек және қай мөл­шер­де су қажет екендігі жа­йын­дағы нұсқаулықпен танысады.

– Ірі өнеркәсіп орын­да­рының өз жобаларымен шектеліп қалмағаны қандай жақсы! – дейді қо­ғам белсендісі Юрий Гашек. – Біз жыл сайын кәсіп­орынға жүздеген көшет береміз. Ағаш егу, өсіру, суару көп қаражатты қажет етпейді. Тек ниет, еңбек, табиғатқа деген жанашырлық қажет. Жоба аясында өз қолымызбен өсірген жас тал­дарды экологиялық бағыт­тағы түрлі жобаларға тегін үлестіреміз. Бірақ бір шарты­мыз бар – ағаштардың суарылуы қамтамасыз етіл­­уі тиіс. Бақ өсірудегі мақ­сат – қоршаған ортаны қор­ғау, экологиялық мәде­­ниетті қалыптастыру. Жасылдандырумен айналысып жүргенде адамдардың эколо­гиялық мәдениеті жет­кі­ліксіз екенін көрдік.

Айтса айтқандай-ақ, компания жылына 6 млн тонна тауарлы хром кенін, 480 мың тонна марганец кенін, 1,8 млн тонна ферроқорытпа өндіреді. Тек қана өндірістік бағыт емес, көгалдандыру да зауыттың экологиялық бағ­дарламасының бірі. Соң­ғы бес жылда зауыт жұмысшылары Ақсу қала­сында 500-ден астам ақ қайың мен сүмбіл терек отыр­­ғызды.

Биыл компания ұзақ мер­зімді көгалдандыру жо­ба­сын бастады. Өсім­дік­тер­дің жерсініп кету үлесін арт­тыру үшін кәсіпорын жер­­­гілікті топырақтың ерек­­­ше­ліктерін ескеріп, ке­йінгі күтімге қаражат бөл­­ді. Алдағы алты жылда мұнда 3 мыңнан астам ағаш өсе­тін «Жасыл белдеу» бол­мақ.       

Енді міне, күздің қазір­гі­дей жылы күндері зауыт жұмысшылары Ертіс өзені жағасында орналасқан кәсіпорынның балалар лагері аумағына 500 түп қарағай отыр­ғызды. Зауыттың ұжы­мы ағаштардың бір бө­лігін энергия және элек­тр цехтары, теміржол бөлімшесі маңына екті.

Жас өскін қарағайлар кәсіпорын аумағындағы «Ұрпақтар саябағында» өсіп келеді. Көктемде болашақ саябақта заманауи суару жүйесі арқылы ағашатар суарыла бастайды.

 

Павлодар облысы,

Ақсу қаласы