• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қазан, 2020

Бағаны сұраушы көп, сатып алушы аз?

286 рет
көрсетілді

Биыл «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жанындағы тұрақ­тандыру қорын 605 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерімен толықтыру көзделіп отыр. Аталған кәсіпорынның мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларын сараптау департаментінің басшысы Гүлмира Меңдіғалиеваның айтуынша, «Феликс» шаруа қожалығымен 605 тонна көкөніс жеткізуге форвардтық шарт жасады. Бұл шаруашылық 361 тонна картоп, 80 тонна пияз, 50 тонна сәбіз, 114 тонна қырыққабатпен қамтымақ. Алайда бұл былтыр сақталған өнімнен әлдеқайда аз. Неге?

Бұған дейін тұрақтандыру қорына 1,5 мың тоннадан аса көкөніс пен картоп сатып алынатын еді. Ал биыл тұрақтандыру қорын толықтыруға жауаптылар дәл сондай көлемде өнім қажет емес деген тоқтамға келіпті. Өйткені...

– Соңғы жылдары біздің өңірдің тұр­ғындары көкөніс тапшылығын сезінген емес. Қысқы мезгілде де баға тұрақ­тылығы өзгерген жоқ. Біз өткен жылдар­дағы ауыл шаруашылығы өнім­дерін сату процесіне талдау жүргіздік. Содан соң тұрақтандыру қорын 605 тонна өніммен толықтыру жеткілікті болады деген қорытынды жасадық, – дейді Г.Меңдіғалиева.

Оның мәліметіне сүйенсек, биылғы мамырда «Атырау» ӘКК» АҚ мен «Идеал Маркет» ЖШС арасында бір жылға келісімшарт жасалыпты. Соған сәйкес, аталған серіктестікке 400 млн теңге қаржы бөлініпті. Бұл серіктестік Атырау қаласындағы 33, Жылыой мен Индер ауданындағы 3 сауда нүктесінде әлеуметтік маңызы бар 15 түрлі азық-түлікті тұрақтандыру қоры бекіткен бағамен сатуды міндетіне алып отыр. Қазан айына дейін серіктестіктің 36 сауда нүктесінде тұрғындарға 539 тонна қант, 166 тонна тауық еті, 162 тонна күріш, 91 тонна нан, 51 тонна қарақұмық жармасы, 22 тонна өсімдік майы, 13 тонна мака­рон өнімі сатылыпты. Бұл өнімдер тұрақ­тандыру қоры ұсынған бағамен ар­найы сөрелерде сатылады. Мәселен, тұрақ­тан­дыру қоры қабырға мен төс еттің шекті құнын 1 890 теңге деп белгілеген екен.

Алайда жұрттың бәрі бірдей «Идеал Маркет» ЖШС-нің сауда нүктелері­не бас сұқпайды. Өйткені көпшілігі үйдегі көңілін базардағы баға бұзса да, іздегенін сатып алу үшін «Дина» сауда орталығына барады. Ал мұнда құс сүтінен басқа азық-түліктің бәрін табуға болады. Кеше осы сауда орталығында сатылып жатқан азық-түлік бағасына көз жүгіртіп көрдік.

Алдымен айтарымыз, сауда сөрелері жылқы, сиыр мен қойдың етіне толып тұр. Мұнда сатып алушыдан бағаны сұрап жүрген адамның қарасы көп. Мұ­ның себебін сатушылардың өздері баға­ның көтерілгенімен түсіндіреді. Мәселен, қой етінің бір килосы 1 800 теңгеден басталады. Қабырғасы – 2 000 теңге. Ал сиыр еті 1 900-2 200 теңгеден саудаланып тұр. Жылқының етіне 2 000 теңгеден жоғары сұралады. Бірақ «қазаншының еркі бар...» дегендей, ет сатушылар өзгелерге естіртпей, бағаны түсіруге емеурін танытады. Жаяға 2 800 теңге, қазыға 2 800-3 000 теңге аралығында баға қойғандардың саудасы қызар емес.

– Бүгін базарға Ресейден әкелініп, сойылған 20 жылқының еті келді. Ал менде – Қызылқоға ауданынан әкелінген жылқының еті. Пісіргенде дәмді болады, бағасын түсіріп берейін, алыңыз, – дейді ет сатушының бірі.

– Мұнда екі-үш күннен бері сатылмай, тұрып қалған ет те бар. Тоңазытқышта тұрған ет дәмді болмайды. Мен бүгін сойылған малдың етін сатамын, – дейді тағы бір сатушы.

– Баға күн сайын өзгеріп жатыр. Ет аз болса, баға көтеріледі. Бірақ енді баға арзандамайды-ау, – дейді үшінші сатушы айтқанына сендіргісі келіп.

Үшеуі де шынын айтты ма, әлде өзінің ғана саудасы жүргенін қалады ма, әйтеуір алдындағы сөресіне жақындаған жанның бәріне дәмді болатын етті ұсынумен әлек. Бірақ сатушылардың көпшілігі бұрынғыдай «ет алыңыз...» деп, тұтынушыны дауыстап та, қол бұлғап та шақырмайды. Алушының іші-бауырына кіріп, жік-жапар болмайды. Дені жайбарақат отыр. Сұраған адамға ернін жыбырлатып қана бағаны айтады. Сатушылардың осындай селқостығынан ба, әлде басқа себебі бар ма, дорба-дорба ет сатып алып жатқандар көп емес.

Сауда орталығының көкөніс сатылатын бөлігінде де өнімдер самсап тұр. Сәбіз – 150, пияз – 100, ал картоптың бағасы 150 теңгеден саудаланып жатыр. Мұнда да сөре жағалап, бағаны сұраушы көп те, сатып алушы аз.

Соңғы кезде Атырау қаласында халал ет сататын дүкендер де көбейді. Ал мұндағы баға базардағыдан да қымбат. Сондай дүкеннің бірінде сиыр етіне 2 200-2 500, жылқы еті үшін 2 500-2 800 теңге аралығында баға қойылыпты. Сонымен бірге әлеуметтік желілер арқылы ет сау­далаушылар да пайда болды. Олар ұсы­натын ет бағасы базардағыдан сәл арзандау болғанымен, малдың қалай, қайда сойылғанына күдікпен қараушылар бар.

Облыстық статистика департа­менті­нің мәліметіне сүйенсек, биылғы қаңтар-қыркүйекте азық-түлік тауар­ларының баға­сы 8 пайызға өсіпті. Сондай-ақ азық-түлік емес тауарлар 3,3 пайызға қым­баттаса, ақылы қызметтер құны 2,6 пайызға көтерілгені белгілі болды.

 

Атырау облысы