Өңірлік Төтенше жағдай департаментінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен облыс орталығындағы «Арай» сауда үйіндегі болған өрт бойынша баспасөз брифингі өткізілді.
Департамент бастығы Ернұр Өтегенов өртке алдымен екінші дәрежелі қауіптілік деңгейі беріліп, кейін үшінші деңгейге ауыстырылғанын мәлім етті. Бұған өрттің кеш анықталғаны себеп болған.
– Сауда үйіндегі өрт туралы хабарлама ТЖД-ның бірыңғай диспетчерлік қызметінің пультіне 11 қазанда түнгі сағат 01.00-де келіп түскен. Өрттің жалпы ауданы 1 500 шаршы метрді құрап, ғимараттың бірінші және екінші қабаттарында орын алды. Сауда үйі ғимаратының жалпы ауданы – 7 273 шаршы метр, сауда алаңдарының аумағы – 3 929,4 шаршы метр, – деді Е.Өтегенов.
Өрт кезінде бутиктер, кеңсе бөлмелері мен шатыр жанған. №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі, №3 және №4 өрт сөндіру бөлімдерінің күштерімен өрт сағат 04.55-те сөндірілді.
Оқиға орнында облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметінің 63 қызметкері мен 12 техника жұмыс істеді. Оларға «Павлодар-Водоканал» ЖШС тарапынан қаланың коммуналдық қызметтері жәрдемдесті.
Полиция бөлімінің қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау үшін кезекшілікті ұйымдастырды. Қазіргі уақытта өрттің себебін анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Павлодар