Сейсенбінің кешінде футболдан Қазақстан жастар құрамасы 2021 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында сырт алаңда испаниялық құрдастарымен кездесіп, 3:0 есебімен жеңіліп қалды.
Жастарымыздың Испания өрендерінен жеңіліп қалғаны біз үшін пәлендей жаңалық емес және бұл жеңіліс отандық футбол мамандары мен жанкүйерлердің жүйкесіне түк те әсер ете қойған жоқ. Дей тұрғанмен, 1-таймдағы біздің футболшылардың алаңдағы ойыны ең құрығанда тең нәтижеге қол жеткізуге болады-ау деген үміт сыйлағаны жасырын емес. Матч алдындағы баспасөз мәслихатында бас бапкер Алмас Құлшынбаев шәкірттерінің бас салып алға қарай ұмтылмайтынын, әйтсе де қорғана отырып қарсы шабуылға иек артатынын айтқан еді.
Алаңға шыққан 11 футболшымыз алғашқы таймда бапкердің тапсырмасын бұлжытпай орындап шықты. Яғни Испанияның кез келген шабуылына тойтарыс беріп, өздері оңтайлы сәт туғанда жылдам қарымта шабуыл ұйымдастырды. Нәтижесінде кездесудің алғашқы минуттарында жерлестеріміз Испания құрамасының қақпасына бір рет қауіпті соққы жасап, екі рет бұрыштама добын орындауға мүмкіндік алды. Бұл кезде матчтың алғашқы 15 минуты артта қалған еді. Екінші бұрыштамадан кейін жастарымыздың гол соғатын тамаша мүмкіндігі болғанымен қорғаушы Әлібек Қасым өз мүмкіндігін сәтті пайдалана алмады. Қазақстан құрамасынан мұндай қарқынды күтпеген испаниялықтар ойынның кей сәттерінде қорғанысқа көңіл бөлуге мәжбүр болды.
Жалпы, 1-таймда біздің жігіттер жаман өнер көрсеткен жоқ. Допқа иелік ету бойынша да жастарымыз Испаниядан қалыспады, ол бойынша пайыздық көрсеткіш – 55:45. Әдетте азулы қарсыластармен ойнағанда Қазақстан құрамасының допқа иелік ету көрсеткіші 40 пайыздан аспайтын. Осылайша кездесудің алғашқы таймында қарсыластар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмай, үзіліске тең нәтижемен шықты.
2-таймда да Қазақстан жастары алғашқы 45 минуттағы ойынын көрсетеді деп үміттенген болатынбыз. Алайда әлемде футбол державасы ретінде мойындалған Испания аяқдоп өнерінде әзірге ешқандай жетістігі жоқ Қазақстан құрамасына бір тайм бойы гол соға алмай әуреленгеніне намыстанған болуы керек, айналдырған 20 минутта қақпамызға бір емес, үш гол соғып кетті. 2-таймның алғашқы 20 минутына дейін алынбас қамалға айналған Қазақстан қорғанысы дәл осы уақытта сыр бере бастады. Стандартты жағдайды тиімді пайдаланған «Севилья» қорғаушысы Уго Гильямон Санмартин 65-минутта есеп ашып, Испанияны алға шығарды.
Алаң қожайындарының екінші голы да көп күттірген жоқ. 2-таймда ойынға тыңнан қосылған «Леванте» шабуылшысы Даниэль Гомес 71-минутта есепті еселеп, таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізсе, арада 14 минут өткенде дубль авторы атанып, кездесудің нүктесін қойды. Алғашқы екі гол соғылғанда допты қайтару былай тұрсын, допқа ұмтылуға шамасы жетпеген қақпашымыз Бекхан Шайзада бұл жолы допты қайтаруға тырысқанымен, онысынан түк шықпады. Сөйтіп, ойынды сәтті бастаған жерлестеріміз матч соңында азулы қарсыластарына еш дәрмен көрсете алмай, 3:0 есебімен жеңілуге мәжбүр болды.
Енді Қазақстан жастар құрамасы 2021 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі соңғы матчын өз алаңымызда Фарер аралдары футболшыларымен өткізеді. Кездесу 17 қарашаға жоспарланған. Екі құрама арасындағы алғашқы ойын 2019 жылдың маусым айында Фарер аралдарында өтіп, жерлестеріміз сырт алаңда 3:1 есебімен жеңіске жеткен еді.