Әуесқой бокста біраз белесті бағындырып, бокс мамандарын өзінің мықтылығымен мойындатқан отандасымыз Тұрсынбай Құлахметтің кәсіпқой боксқа ауысқаны баршаға белгілі.
Боксшымыздың ісін жүргізетін MTK Kazakhstan менеджерлік компаниясының хабарлауынша, Құлахмет кәсіпқой бокстағы екінші кездесуін 11 қарашада өткізеді. Ұлыбританияда ұйымдастырылатын бокс кешінде шаршы алаңға шығатын жерлесіміздің бұл жолғы жекпе-жегінің жүгі ауыр болмақ. Өйткені орта салмақта өнер көрсететін өреніміз кәсіпқой бокста 14 кездесу өткізіп, бірде-бірінде жеңілмеген жергілікті боксшы Маклей Макгоуэнмен (14-0-1, 3 КО) WBC International вакантты титулы үшін жұдырықтасады.
Айта кетейік, Тұрсынбай Құлахмет кәсіпқой бокстағы дебюттік жекпе-жегін 23 тамызда Алматыда өткізіп, Сағадат Рахманқұловты (6-2, 4 КО) техникалық нокаутпен жеңген болатын.