Өткен аптада халық қалаулысы Аманжан Жамалов Шымкент қаласының әуежайын жекешелендіруге қатысты депутаттық сауал жолдады. Әуежай сатып алу құқығымен 10 жылға бәсекелестік ортаға берілмек. Депутаттың пікірінше, мұндай стратегиялық нысанға қатысты асығыс шешім қабылдауға болмайды.
Асығыстықтың артында кім тұр?
Сөйтсек, «Шымкент қаласының әуежайы» АҚ-қа қатысты тендерге өтінім қабылдауға үш апта ғана берілген. Депутат мұндай қысқа уақытта әлеуетті инвесторлардың бәрі бірдей өтініш беріп үлгермеуі мүмкін екенін жеткізді. Ол осы жағдайға қатысты Air Astana компаниясының наразылық білдіргенін алға тартты.
– Конкурсты ың-шыңсыз әрі жылдам ұйымдастыру әлдекімдерге тиімді ме деген ой қалыптасады. Тағы бір таңғаларлығы, конкурсқа жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер де қатыса алады екен. Жеке тұлға қалайша үлкен әуежайды басқармақ? Бұл жағдай қала әуежайының болашақтағы әлеуетіне деген сенімсіздікті қалыптастырады. Сарапшылардың бағалауынша, 5,2 млрд теңге көлеміндегі бастапқы баға мұндай нысан үшін төмендетіліп көрсетілуі де мүмкін. Біріншіден, нысанның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, Шымкент әуежайын сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беру тендеріне өтінімдерді қабылдау мерзімін ұзартуды сұраймын. Бұл конкурсқа біліктілігі жоғары ойыншылардың көптеп қатысуына жол ашады. Екіншіден, әлеуетті қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарау қажет. Олар әуежайды тиімді басқаруға қабілетті екенін растауы керек. Үшіншіден, нысанның бастапқы құнына тәуелсіз бағалау жүргізу қажет, – деді Аманжан Жамалов.
Осы мәселе бойынша Шымкент қалалық қаржы басқармасына хабарластық. Басқарманың жекешелендіру, сенімді басқару және жалға беру бөлімінің басшысы Светлана Самохваловамен сөйлестік. Ол алғашқы тендер осыдан бірнеше күн бұрын, яғни 8 қазанда өткенін айтты.
– Бір ғана өтінім түскендіктен, конкурс «өткізілген жоқ» деп танылды. Ереже бойынша кем дегенде екі қатысушы болуы тиіс. Енді қайтадан конкурс жариялаймыз. Мемлекеттік меншікті сенімді басқаруға беру ережесіне сәйкес, үш рет тендер жариялауға болады. Егер үш рет қатысушылардың болмауына байланысты конкурс өткізілмеді деп танылса, оның күшін жоюға немесе мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынға айналдырып, конкурстан алып тастауға болады. Көп кешікпей екінші тендерді де жариялаймыз. Конкурс электронды түрде өтеді. Сондықтан қатысушылардың отандық иә шетелдік екенін алдын ала біле алмаймыз. Шетелдік инвесторлардың қатысуына мүмкіндік берілген, – деді С.Самохвалова.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкент әуежайын жекешелендіру тізімінен алып тастау туралы әңгіме қозғалған еді. Әзірше нысан коммуналдық меншікке қарайды. Жаңа басқарушы әуежайдың жері мен ғимаратынан бөлек, 80-нен астам автокөлікке қол жеткізбек. Олардың қатарында Toyota Corolla (үшеу), Toyota Land Cruises 200 (екеу) және Land Rover Discovery (біреу) секілді көлік түрлері бар. Талаптарға сәйкес, әуежайдың жаңа басқарушысы нысанның қызмет профилін сақтауы керек және оны дамытуға 6 млрд теңге инвестиция салуы шарт. Бұдан бөлек, әуежайдың маршрут желілерін дамыту арқылы көрсетілетін қызмет көлемін ұлғайтуы қажет. Сондай-ақ жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, жаңадан қосымша жұмыс орнын құруы керек. 2021 жылдан бастап әуежайдың жылдық таза табысы 150 млн теңгеден төмен болмауға тиіс.
Ақтау мен Алматы әуежайлары – түрік инвесторларының қолында
Қазақстанда сенімді басқаруға берілген нысандардың бірі – «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ. 2007 жылы өткізілген тендер қорытындысы бойынша әуежайдың 100 пайыздық акциясы Түркияның «ATM Grup Uluslararası Havalimanı Yapım Yatırım ve Işletme limited» компаниясына 28 жылға сенімді басқаруға берілді. Дәл сол жылы компания мен Маңғыстау облыстық әкімдігі арасында шарт жасалды. Шартқа сәйкес, шетелдік кәсіпорын жаңа халықаралық жолаушылар терминалын салу керек. Терминалдың құрылысы 2009 жылы аяқталды. Соның нәтижесінде оның бір сағат ішінде адамдарды өткізу мүмкіндігі 450 жолаушыға дейін артты. 2010 жылы нысан «ТМД елдеріндегі әлеуеті зор дамушы әуежай» деп танылды. Бүгінде бұл әуежай тасымалдау көлемі бойынша республикада үздік үштікке еніп отыр. Ақтаудан Мәскеу, Ыстанбұл, Баку, Киев арқылы әлемнің кез келген нүктесіне ұшып баруға болады.
Мұның бәрін тәптіштеп жазып отырған себебіміз, ел ішінде жекешелендірілген нысандар құрдымға кетіп, құрып тынады деген түсінік қалыптасқан. Мұндай байбаламның астарында алаңдаушылықтың жатқанын аңғару қиын емес, әрине. Бірақ сенімді басқаруға берілген нысандардың ішінен кезінде жасалған қадамның дұрыс екеніне нақты дәлел болатын мысалдарды да көптеп кездестіріп жүрміз. Соның бірі ретінде Ақтау халықаралық әуежайын атауға болады.
Айтпақшы, биыл ел нарығына тағы бір Түркия компаниясының келгенін жақсы білеміз. Түріктер бұл жолы Қазақстандағы ең ірі Алматы әуежайына «ауыз салды». Осы жылдың мамырында Түркияның «TAV Airports Holding» холдингі консорциумдағы серіктесі «VPE Capital» компаниясымен бірге Алматы халықаралық әуежайының 100 пайыздық акциясын сатып алу туралы келісімге қол қойды. Әуежай 415 млн долларға сатылды. Осылайша Алматы әуежайы холдингтің қоржынындағы 15-ші әуежай атанды.
«TAV Airports Holding» компаниясының президенті Сани Шанердің айтуынша, Алматы әуежайының әлеуеті жоғары. Себебі ол Азия мен Еуропа арасындағы маңызды транзиттік торап саналады. Компания нысанның дамуына 150 млн доллар көлемінде инвестиция салады деп күтілуде.
Ыстанбұлдағы Ататүрік әуежайы «TAV Airports Holding» компаниясына тиесілі. Сондай-ақ холдинг Латвия, Хорватия, Солтүстік Македония, Сауд Арабиясы және Тунис секілді елдердің терминалдарын басқарады.
Үржар әуежайы жаңартылуда
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, еліміз Тәуелсіздік алғалы бері 18 әуежайдың ұшу-қону жолағы қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ 13 әуежайдың жолаушылар терминалы жөндеуден өтті. Мәселен, соңғы бес жылда Орал, Петропавл, Алматы, Семей, Қостанай әуежайларының ұшу-қону жолағы заман талаптарына сай өзгерді. Петропавл әуежайының жолаушылар терминалы жаңғыртылды. Семей әуежайының аэровокзал кешені жаңаша кейіпке енді. 2017 жылы ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық аясында Нұр-Сұлтан әуежайына жаңа халықаралық жолаушылар терминалы салынды. Түркістанда жаңа халықаралық әуежай іске қосылады. Сонымен қатар Өскемен және Үржар әуежайларының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту басталды. Дәл осындай жұмыстар Үшарал әуежайында да қолға алынады. Шымкент әуежайындағы жаңа терминалдың құрылысы және Орал әуежайының аэровокзал кешенін қайта жаңғырту жалғасуда.
– Үржар әуежайын қалпына келтіру үш жылға, 2020-2022 жылдарға жоспарланған. Бірақ жұмысты екі жылдың ішінде аяқтаймыз деген ойдамыз. Осы жылдың қыркүйек айында тиісті жұмыстар басталды. Бірінші кезекте ұшу-қону жолағы ұзартылады. Қазір жолақтың ұзындығы – 1 510 метр. Сол себепті әуежай АН-24, ЯК-40 секілді кішігірім ұшақтарды ғана қабылдай алады. Енді ұшу-қону жолағының ұзындығы 2100 метрге жетпек. Сондай-ақ жолақтың қалыңдығы ірі ұшақтарды қабылдауға сәйкес келмейді. Жұқалау. Ол да тиісті талаптарға сәйкестендіріледі. Жоба аясында түнгі навигация, қауіпсіздік қоршауларын орнату, жарықтандыру, жанармай құю бекетін салу секілді міндеттер тұр. Осы шаруалар ойдағыдай тындырылған соң, Үржар әуежайында ірі реактивті ұшақтарды күндіз де, түнде де қабылдауға мүмкіндік туады. Жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 4,7 млрд теңге бөлініп отыр, – деді Үржар ауданы әкімінің орынбасары Дидар Хамитов.
Әуежайды заман талабына сай жаңғырту өңірдегі туризмнің дамуына жол ашпақ. Бүгінде туристерді Алакөл демалыс аймағына жеткізу үшін Нұр-Сұлтан – Үржар, Алматы – Үржар, Өскемен – Үржар, Семей – Үржар бағыттары субсидияланады.
– Қазір төңіректегі жолдардың бәрі жөнделіп жатыр. Сондықтан туристер ұшақпен қатынағанды құптайды. Үржар әуежайы арқылы орташа есеппен жыл сайын 7 мыңдай адам қатынайды. Соны 15-20 мыңға дейін жеткізсек дейміз. Бұл рейстің санына да байланысты, әрине. Әуежай жақсарса, бұл жаққа Qazaq Air секілді басқа да әуе компаниялары келуі мүмкін ғой. Әзірше «Южное Небо» әуе компаниясы ғана жұмыс істеуде. Әуежай алты айда аптасына үш рет жолаушыларды қабылдап келді. Ірі жоба ойдағыдай жүзеге асса, жолаушыларды күн сайын қабылдауға мүмкіндік бар. Әуежай халықаралық стандартқа ие болса, Ресейдің іргелес аймақтарына жаңа бағыттар ашылуы да ықтимал, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Қатынас қолжетімді бола түсті
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, елімізде 20 әуежай жұмыс істейді. Оның 12-сі мемлекет меншігінде. Олар – Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтөбе, Көкшетау, Павлодар, Өскемен, Семей, Қостанай, Талдықорған, Қызылорда, Шымкент, Петропавл әуежайлары. Алдағы конкурстар ойдағыдай өткізілсе, бұл тізімнен Шымкент әуежайы алынады. 7 әуежай (Алматы, Боралдай, Қарағанды, Тараз, Орал, Балқаш және Жезқазған) жекеменшікке өткен. Ақтау әуежайы сенімді басқаруға берілген. 17 әуежай халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стандарттарына сай жұмыс істейді. Яғни халықаралық рейстерге қызмет көрсете алады.
Статистика комитетінің ақпаратына сенсек, осы жылдың қаңтар-тамыз аралығында әуежайлар арқылы 3,2 млн жолаушы тасымалданған. Көрсеткіш бір жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 43 пайызға аз. Былтыр қаңтар-тамыз айларында 5,6 млн жолаушы әуеге көтерілген болатын. Көрсеткіштердің теріс динамикасына коронавирус пандемиясының әсер еткені түсінікті. Өйткені індеттің таралуын тоқтату мақсатында ел аумағындағы әуе рейстеріне шектеу қойылды. Бұл ретте соңғы сегіз айда әуежайлар арқылы тасымалданған жүктің көлемі де 21 пайызға кемігені белгілі болды. 2019 жылы қаңтар-тамыз аралығында 16,6 мың тонна жүк жеткізілсе, қазіргі көрсеткіш 13 мың тоннаны құрады.
Статистикалық деректер жыл өткен сайын әуе жолы арқылы қатынайтын жолаушылар үлесінің көбейіп келе жатқанын байқатты. Бұл рейстердің халық үшін қолжетімді бола түскенін көрсетсе керек. Мәселен, 2015 жылы 12,1 млн жолаушы ұшақтардың игілігін көрген. Былтыр 17,7 млн жолаушы әуеге көтерілді. Орташа есеппен соңғы бес жылдағы жағдайға қарап жолаушылар саны жыл сайын шамамен 1 млн адамға көбейіп келеді деп айтуға толық негіз бар.
Министрлік қазір жаңа халықаралық бағыттарды ашуды жоспарлап отырған жоқ. Әзірше тек халықаралық әуе тасымалын қайта жандандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, пандемияға байланысты коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімдері негізінде халықаралық бағыттардағы 98 маршрут бойынша аптасына 441 рейстің орындалуы тоқтатылған болатын. Яғни халықаралық ұшулардың 99 пайызы қысқартылды.
Комиссияның 2020 жылғы 11 маусымдағы шешіміне сәйкес, 20 маусымнан бастап Түркияға, Қытайға, Оңтүстік Кореяға, Таиландқа, Грузияға және Жапонияға ұшуға рұқсат етілді. Сондай-ақ комиссияның 2020 жылғы 11 тамыздағы шешімімен 17 тамыздан бастап Біріккен Араб Әмірліктеріне, Беларусь Республикасына, Германияға, Нидерландық, Мысырға, Украинаға және Ресей Федерациясына әуе жолы ашылды. Басқа елдермен байланысты қайта жандандыру комиссияның шешіміне сәйкес кезең-кезеңімен жалғаспақ.
Түйіндей келе айтарымыз, соңғы уақытта әуе қатынасы қарапайым халық үшін қолжетімді бола түсті. Демек, жолаушылар санының артуы заңдылық. Ал қыруар адамға қызмет көрсету үшін әуежайларға әжептәуір салмақ түспек. Сондықтан олардың заман талабына сай болғаны жөн. Әуежайлардың стратегиялық нысан екенін де естен шығаруға болмайды.