• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қазан, 2020

Кешенді даярлық – есендік кепілі

238 рет
көрсетілді

Коронавирустың екінші толқыны келіп соқса, қам-харакетсіз отырған қауымды аяйын деп отырған жоқ. Ерте көктемнен етек алып, ала жаздай елді әбігерге салған бұл індеттің зардабын ұмыта бастаған бұқара халықтың ес жиятын кезі келді.

 

Қазіргі таңда Қарағанды облысында аты жаман тұмаудың болу ықти­малды­лығы аса жоғары жаңа толқынына лайықты тойтарыс беру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Ең алдымен, дәрі-дәрмек қорының жеткілікті болуына баса назар аударылған.

Облыстық тауарлар мен көрсеті­летін қызметтердің сапасын бақылау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету де­партаментінің мониторингтік мәлі­меттеріне сенсек, өңірдегі қой­малар мен дәріханаларда коронавирус инфекциясына қарсы тұрарлық дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Мысалы, қазіргі таңда Қарағанды облысының әкімдігі «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірге дәрі-дәрмек жетіспеушілігін болдырмау мақсатында 150 млн теңге болатын сомаға парацетамол, ацетилсалицил қышқылы, «Ингавирин», «Осельтамивир» сынды препараттарды сатып алып, тұрақтандыру қорын ұйымдастырған. Бұдан бөлек, «СҚ-Фармация» ЖШС тұрғындарға қажет­ті қосымша дәрі-дәрмек түр­лерін сатып алу жұмыстарын жүргізуде.

Күзбен бірге кәдімгі тұмаудың да ере жүретіні белгілі. Осы орайда, биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұмауға қарсы вакцинаның 172 мың мөлшерлемесі сатып алынған. Бұған қоса, тағы да 30 мың дозаға қаржы демеушілер тарапынан жұмсалды.

Осы вакцинаны Жезқазған, Сәт­баев, Балқаш қалаларының және Ұлытау ауданының тұрғындары жасына, сондай-ақ денсаулығына қара­мас­тан ақысыз алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар маман­дар­дың рұқсатымен тәуекел тобына жатқызылған науқастарға екпе­нің бұл түрі тегін жасалады. Олар­дың қатарында созылмалы аурулары бар 18 жасқа дейінгі балалар, ме­ди­ци­налық қызметкерлер, жүкті әйел­дер, жабық мекемелерде, яғни бала­лар үйлері мен интернаттарда тұра­­тындар, 60 жастан асқан егде адам­дар бар. Сондай-ақ вакцина эпи­де­миялық көрсеткіштер бойынша, сонымен бірге қант диабетімен ауыратын науқастарға, бронх-өкпе және жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы аурулары бар пациенттерге ақысыз егіледі.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің бас маманы Ирина Князева тұмауға қарсы тегін вакцинаны алуға құқығы жоқ адамдар үшін дәрі-дәрмекті тіркелген жеріндегі емханадан өз қаражаты есебінен алуға болатынын айтады.

– Вакцинаның ең төменгі бағасы 1 300 теңге тұрады. Ал бұдан жоға­ры бағаны шығын материалдары мен еңбекақыны ескере отырып, емха­наның өзі белгілейді. Негізінде, бұл 2 500 теңгеден аспайды, – дейді ол.

Сатып алынған вакциналар Ресей мен Нидерландыда шығарылған көрінеді, оның қауіпсіз және тиімді екендігінің дәлелденгенін айтады мамандар.

Сондай-ақ биыл облыста пневмококк инфекциясына қарсы Ирландияда өндірілген екпелер сатып алынған. Ересектерге арналған бұл препаратты тұрғындар тіркелген жерлеріндегі емханалардан ала алады. Жалпы, пневмококк инфекциясы пневмония, менингит, өткір отит және басқа да ауыр асқынуларға ұшырататын ауруларды тудыруы мүмкін. Сол себепті, коронавирустың екінші толқыны алдында топтық иммунитетті күшейту және басқа вирустардың әсерін азайту мақсатында аталған инфекцияға қар­сы вакцина сатып алу туралы шешім қабылданған. Ұлттық егу кес­тесіне сәйкес балалар бұл вакцинаны тегін алады.

Жалпы, санитарлық-эпидемия­лық тәртіп күшеймейінше, коронавирус­тың болу ықтималдылығы аса жоғары екінші толқынына деген даярлықтың зая болатын түрі бар. Мәселен, соңғы уа­қытта Қарағанды облысы бо­йын­ша көп адам қатысқан той-то­малақ­тар­дың, түрлі жиын-басқосулар тым көбейіп кеткен. Мұны онлайн режі­міндегі аппарат кеңесінде облыс әкімі Жеңіс Қасымбек те айтып, дабыл қақты.

– Көктемнен бастап түрлі бұқара­лық іс-шараларға тыйым салынғаны белгілі. Дегенмен кейбір салтанат зал­­дары үйлену тойларын, мерейтой­ларды және басқа да жаппай іс-шара­ларды өткізуді жалғастырып келеді. Тәртіп бұзушыларға ірі мөл­шер­де айыппұлдар салынып та жатыр. Бірақ бұл оларға кедергі болмай тұр­ған сыңайлы. Жақында жүзден ас­там адам қатысқан үйлену тойы өткені туралы мәлімет тіркелді. Кеше әлеуметтік желілерде 200-ден астам жас жиналған түнгі клубтың жұмысы туралы ақпарат жарияланды, – деп қалыптасқан жағдайға қынжылыс білдірді.

Өңір басшысы мұндай келеңсіз­дік­терге полиция мен жергілікті әкімдік­тер кінәлі деп санайды. Бұл сөздің жаны бар, әрине. Мәселен, осындай каран­тин талаптарын бұзушылыққа бар­­ған ойын-сауық мекемелері бел­гілі болса да, аталған мемлекеттік ор­ган­­дар тарапынан қатаң шаралар қол­­да­нылмай отырғаны қайран қалдырады.

Айта кететін бір жайт, аты жаман тұ­маумен күресте алдыңғы шепте бол­ған медицина қызметкерлері үшін жағымды жаңалық бар. Қыр­күйек айының қорытындысына сай, Қарағанды облысында 3 504 меди­циналық қызметкерге алдын ала есеп­теулер бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін еңбек­ақы­ға қосымша 843,3 млн теңге­ден астам үстемеақы берілмекші.

Медициналық сақтандыру қоры­ның Қарағанды филиалының дирек­торы Фазыл Копобаев қазіргі уақыт­та үстемеақы алушылар тізімін жасау бойынша өңірлік комиссиялар жұ­мысының аяқталып қалғанын айтады.

– Қауіпті инфекциямен күресу бойынша жұмысқа тартылатын дәрі­герлердің саны эпидемиялық жағ­дайға байланысты ай сайын өзге­ріп отырады. Төлем мөлшерін Ден­сау­­лық сақтау министрлігі бекіт­кен және ол тәуекел тобына байланысты болады. Медицина қызметкерлері 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін қосымша ақы алады, – деп атап өтті ол.

 

Қарағанды облысы