• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 16 Қазан, 2020

Қоғамдық кеңестің қоғамдағы рөлі артады

456 рет
көрсетілді

Қоғамдық кеңестің ауқымын кеңейтіп, қоғамдағы рөлін айқындау – Қазақстан Прези­ден­тінің Жолдауында баса айтылған тақырыптың бірі. Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің өкілдерімен дидарласқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева тақырыпқа тереңірек үңіліп, осы мақсатта туындайтын мәселелерді жүйелі жүзеге асырудың оңтайлы тәсілдері турасында пікір алмасты.

 

Әр аймақтағы аталған құры­лым­ның негізгі миссиясы – өңір өмірін тап басу. Ал бұл мақсаттың үдесіне жету үшін құрылымның әлеуеті мен қуатын арттыру керек-ақ. Бұлай болмаған жағдайда Қоғамдық кеңес қоғамды ізгілендіруге қомақты үлес қоса алмасы анық. Президент Жолдауында  айтылған мәселе де осыған саяды. Осы ойды нысанаға алған жүздесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру шеңберінде қоғамдық бақы­лауды заңнамалық бекіту мәселелері бойынша тәсілдер мен ұсыныстар жасау, сондай-ақ квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құруға қатысты қоғамдық кеңестер институтын жетілдіру жайы жан-жақты талқыланды.

Министр өз сөзінде қоғамдық бақылау институтын жетілдірудің дер кезінде жасалып жатқанын, бұл аса маңызды әрі өзекті тақырып еке­нін атап өтті. Болашақ заң жоба­сының мақсаты – қоғамдық бақылау жүйесінің құқықтық негізін, сондай-ақ азаматтық қоғамды одан әрі дамыту үшін құқықтық жағдайлар жасауды айқындауға бағытталған.

Заң жобасының міндетіне бірың­ғай ұғымдық аппаратты қалыптас­тыру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру қағидаттарының ортақ жүйесін белгілеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қоғамдық күш-жігерді бірік­тірудің құқықтық тетіктерін жасау, сондай-ақ қоғамдық бақылау субъек­тілері мен объектілерінің функ­циясын, өкілеттігі мен жауап­кершілігін айқындау кіреді.

– Мемлекет басшысының Жол­дауына сәйкес квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құруды көздейтін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық комис­сияларға қатысу арқылы қоғам­дық кеңестердің өкілеттіктерін кеңей­тетін заңға түзетулер әзірленіп жатыр. Бүгінгі таңда бұл түзетулер келі­су рәсімінен өтуде. Заңның тұжы­рым­дамасы жан-жақты талқыланып, пікірлер саралану үстінде, – деп атап өтті Аида Балаева.

Қоғамдық кеңестің қабылдаған кез келген  шешімі жел қауып қал­мау­ға тиіс, деген алматылық зиялы­лар жұртшылықтың жанайқайын тың­дап, аудандық әкімдіктердің  қызметін қадағалап, ірі мегаполистің өсіп-өркендеуіне серпін беретін мә­се­лелерді мәслихат деңгейіне дейін көтеріп жүргендерін айтады. Ал тұр­ғындардың талап-арызы жарты жолда тайғанап кетпес үшін құрылымның қуатының артқаны дұрыс.

– Сөздің ашығы керек, елімізде ұзақ уақыт бойы мәслихаттарға деген сенімсіздік, мәслихаттардың бей­қам­дығы тәрізді мәселелер туындағаны белгілі. Бұл туралы көп сын айтылды. Десе де Қоғамдық кеңестер өз рөлін атқарып келе жатыр. Өзіндік сипатқа, өзіндік мазмұнға ие. Әсіресе жаңа заң бойынша мәслихаттардың партиялық тізімімен жасақталатынын ескерер болсақ, белсенді азаматтарға, бейпартиялық ұйымдарға қала билігінің, министрліктің жұмысына тікелей араласуға, қатысуға, ұсыныс беруге жақсы мінбер, жақсы мүм­кіндік деп ойлаймын. Қайта қара­лып жатқан заңнама, Жолдаудан туын­даған  Қоғамдық бақылау және азаматтық петициялар мәселесі бұл тақырыпқа тың серпін бергендей. Бұған дейін ұлттық компания­лар, мемлекеттің үлесі бар ұйым­дар осы күнге дейін өзінің ішкі мәселесіне қоғамды араластырмай келді. Жаңа заң осы мәселені шешуге де мүмкіндік береді. Ұлттық сенім кеңесінің алғашқы отырысында да бұл тақырып қаузалғанын білеміз. Енді квазимемлекеттік кәсіпорындардың көптеген шаралары өзінің қоғамға жасаған шапағаты емес, міндеті болатын жағдай орнайды. Бұл өз кезегінде жемқорлықтың жолын кесуге, бюджет қаржысының дұрыс игерілуіне септігін тигізеді, – дейді саясаттанушы Айдос Сарым.

Қазақстанның Ғылыми-білім беру компьютерлік желісін пайдаланушылар қауымдастығының бас директоры  Борис Жаппаровтың сөзінше, Қоғамдық кеңес төңірегіндегі қорда­ланған мәселелерді жөнге келтіруде дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенген абзал. Басқосуда сөз алған Алматы қалалық Қоғамдық кеңесі­нің мүшесі құрылым құзыретіне қала деңгейінде референдум өткізу құқығы берілсе деген пікірін айтты. Өз міндетін дұрыс атқармаған қала дең­гейіндегі лауазымды қызмет­керлер мен мәслихат депутаттарының мәсе­лесі кеңесте қаралса дейді ол. Жап­паров тілге тиек еткен мұндай тәжірибе АҚШ, Жапония, Аустрия секілді алпауыт елдерде бұрыннан   бар.   

Кездесу барысында Алматы қала­сы Қоғамдық кеңесінің хатшысы, «Ақпараттық – ресурстық орта­лық» қоғамдық қорының директоры Алтынай Көбеева, Алматы қала­сы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, «KAZBREND» қоғамдық қоры­ның басқарма төрағасы Нұрлан Жазыл­беков, «Қазақстанның дағдарыс орта­лықтары одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Зульфия Байсақова өз ойларын ортаға салды.

Іс-шараны қорытындылаған Ақпарат және  қоғамдық даму министрі Аида Балаева кездесудің бар­лық қатысушыларына белсенді­ліктері мен қоғамдық іске жауапты көзқарасы үшін алғыс білдірді.

 

АЛМАТЫ