Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының төртінші тур аясында сырт алаңда Беларусь құрамасымен кездесіп, жеңіліп қалды. Екі құраманың бірінші айналымдағы кездесуінде де жерлестеріміз өз алаңында есе жіберген еді.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек қыркүйекте өткен ойынға қарағанда бұл жолы негізгі құрамға аздаған өзгеріс жасағанын байқадық. Бірінші матчта Билек 3-4-3 тактикасын қолданып, көбірек шабуылға көңіл бөлген еді. Ал кешегі ойын алдында негізгі құрамның тізімін жариялағанда чех маманы керісінше, қорғана отырып шабуылға шығатынын аңғартты. Өйткені сырт алаңдағы ойында 5-3-2 тактикасын ұстанды. Бас бапкердің қорғанысқа бес футболшыны қойғанын ескерсек, Беларусь еліне жеңіс үшін емес, ең құрығанда тең нәтиже көрсетуге барған сыңайлы. Алайда оның Беларуське қолданған тактикасы нәтиже бермеді.
Жалпы Билек осы екі тактиканы жиі қолданатынын жақсы білеміз. Өйткені кейінгі төрт матчтағы ойын жүйесін қарасаңыз, ол үнемі осы екі тактиканы кезек-кезек өзгертіп отырған. Оның тек екеуі ғана нәтиже берді. Біріншісі – алғашқы турда сырт алаңда Литвамен (2:0), екіншісі – өз алаңымызда Албаниямен (0:0) өткен ойын. Литвада 3-4-3 тактикасымен жеңіске жеткенін білеміз. Ал Алматыдағы кездесуде 5-3-2 жүйесін қолданып, Албаниямен тең түскен еді.
Бірақ Беларусьпен өткен кездесуде Билектің бірінші кезекте қорғанысқа көбірек мән беруден басқа амалы қалмаған-ды. Себебі Албаниямен өткен ойынға дейін де, кейін де негізгі құрамдағы бірнеше футболшымыз қатардан шығып қалды. Атап айтар болсақ, қорғаушылар Ян Вороговский мен Нұрәлі Әліптен коронавирус індеті табылса, сол қапталдағы қорғаушы Ғафуржан Сүйімбаев сары қағазының көптігіне байланысты құрамаға көмектесе алмады. Сондай-ақ жарақатына байланысты команда капитаны Бауыржан Исламхан, Юрий Перцух, шабуылшылар Алексей Щёткин және отбасылық себеппен Максим Федин Беларуське барған жоқ.
Матчта бес қорғаушымен ойнаған Қазақстан құрамасы кездесуді жақсы бастады. Көп шабуылды екі қаптал арқылы ұйымдастырып, қарсыластарды екі жақтан қыспаққа алды. Алғашқы қауіпті шабуылды сол қапталдан Тимур Досмағамбетов ұйымдастырып, командаға айып добын орындауға мүмкіндік жасады. Алайда Асхат Тағыбергеннің тепкен добы қақпадан да, біздің футболшылардан да әлдеқайда биік кетті. Кездесудің 9-минутында жерлестеріміз бұрыштама добын орындауға мүмкіндік алды. Жалпы қазақстандық футболшылар голды ойын сәтінде емес, осындай стандартты жағдайда жиі соғатынын жақсы білеміз. Әйткенмен, бұл ойында жерлестерімізге стандартты жағдай былай тұрсын, гол соғу бақыты бұйырмады. 15-минутта Б.Зайнутдиновтың гол соғатын тамаша мүмкіндігі болып еді. Алайда алыстан шірене тепкен добы Беларусь қақпашысына еш қиындық тудыра қойған жоқ. Ресейдің ЦСКА клубында ойнайтын футболшымыздың бұдан бөлек те гол соғатын сәті болғанымен, ешбірін жүзеге асыра алмады.
Ойын бұдан кейін екі ұжымның алма-кезек шабуылымен өрбіді. Сондай сәттің бірінде қазақстандық қорғаушылардың назарынан тыс қалған Беларусь футболшысы Евгений Яблонский гол соғып кетті. Алаңда жүрген 5 қорғаушымыздың бесеуі де Яблонскийдің гол соғуына кедергі келтіре алмады. Бәлкім, Беларусьпен өтетін келесі ойындарда 6 қорғаушымен ойнау керек шығар!
2 таймда да қазақстандық футболшылар Беларусь құрамасының қақпасы алдында бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, шабуылды түйіндейтін бірде-бір футболшының табылмағаны қынжылтты. Әйтпесе, Асхат Тағыберген, Абат Айымбетов, Бақтиер Зайнудтиновтарда гол соғатын бір емес, бірнеше мүмкіндік болды. Осыдан кейін футболдағы «Сен соқпасаң, саған соғады» деген қағиданы ұстанған алаң иелері 93-минутта ойындағы екінші голын салып кетті. Бұл жолы Роман Юзепчук Беларусь жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Қорытынды есеп – 2:0.
Таблодағы көрсеткіш көңілімізді түсіргенімен, біздің жігіттер нашар ойнады деп айта алмаймыз. Бір-біріне пас асырып доп ұстау, комбинациялық шабуыл ұйымдастыру жағынан да қарсыласымыздан кем түскен жоқ. Тек шабуылды соңына дейін жеткізіп, гол соғатын футболшы табылмады. Қақпашы Стас Покатиловтың да еңбегін атап өтпеуге болмас. Кездесу барысында бірнеше сейв жасап, қақпамызды голдан аман сақтап қалды. Айтпақшы, кешегі ойында Беларусьтің «Рух» командасында өнер көрсететін жерлесіміз Владислав Васильев ұлттық құрамадағы алғашқы ойынын өткізді. Дебютті матчы болған соң ба, Васильев аздап қобалжып, күткендегідей көзге түсе алған жоқ. Бәлкім, алдағы ойындарда өзін жақсы қырынан көрсетіп қалар деп үміттенеміз.
Қорыта айтқанда, Беларусь қазақ футболшылары үшін алынбас қамалға айналды. Бүгінге дейін екі ұжым жасыл алаңда бес рет кездесті. Төртеуінде «ақорыстар» жеңіс тойын тойласа, бір кездесуде тең ойнадық. Оның өзі ресми емес, жолдастық кездесу болатын.
Топтағы екінші ойында Литва өз алаңында Албания құрамасын қабылдап, 0:0 есебімен тең тарқасты. Тек Қазақстанға ғана жол бергеннен кейін Балтық жағалауы елінің өкілі қалған матчтарын тәуір өткізіп жүр. Кейіннен Албанияны сырт алаңда жеңсе, кейінгі екі кездесуде (Беларусь, Албания) тең түсті. Нәтижесінде турнир кестесіндегі соңғы орыннан екінші сатыға көтеріліп алды. Албания футболшылары Ұлттар лигасын сәтті бастағанымен, кейінгі ойындарда ұпай жоғалтып жүр. Сәйкесінше турнир кестесінде үшінші орынға түсіп қалды.
Ал төрт ойынның тек біреуінде ғана жеңіліп, қалған үш ойында ұпай иеленген Беларусь құрамасы топта жеке-дара көш бастады. Төртінші турға дейін бірінші орында тұрған Қазақстан кешегі жеңілістен соң соңғы орынға бір-ақ сырғыды. Әлі алда екі тур бар. Егер екі ойында да жерлестеріміз жеңіске жете алмаса, келесі жылы жоғары топқа қосылудың орнына, былтыр ғана өнер көрсеткен D лигасына түсіп қалуы әбден мүмкін.