Әлемге жайылған коронавирус пандемиясының салдарынан спорттық жарыстар жанкүйерлерсіз өтіп жатқаны белгілі. Алайда кейінгі уақытта жанкүйерлер спорт кешендеріне орала бастады.
Мәселен, УЕФА күні кеше Ұлттар лигасы аясында өткен матчтарға жанкүйерлердің кіруіне рұқсат берді. Тек жанкүйерлердің саны 30 пайыздан аспауы керек деген шартпен. Футбол жанкүйерлері стадионға оралған соң, өзге спорт түрлерінің басшылары да спорттық жарыстарын жанкүйерлердің қатысуымен өткізуді жоспарлап отыр. Оның ішінде аралас жекпе-жек спорты да бар.
24 қазанда БАӘ-нің «Жауынгерлер аралында» кезекті UFC 254 додасы өтетіні баршаға мәлім. Осыған орай UFC спортының Таяу Шығыстағы маркетинг директоры Рашид Әл-Саид қазіргі таңда аталған бәсекеге жанкүйерлерді кіргізу бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Турнирдің басты жекпе-жегінде ресейлік Хабиб Нурмагомедов пен америкалық Джастин Гэтжи айқасады. Сонымен қатар сол кеште қазақстандық спортшылар Шавкат Рахмонов пен Сергей Морозов UFC-дағы дебютті айқасын өткізеді.