• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Сәуір, 2010

ОРДАБАСЫНЫ ОЙЛАНАЙЫҚШЫ

1016 рет
көрсетілді

Ақтабан шұбырындының үшін­ші жылында, 1726 жылғы көктемде Ордабасыда Бірлік басқосуы болды. Бәтуалы басалқа жасалды. Азаттық жолындағы алаш рухты аттаныс басталды. Ордабасы биігіндегі сол оқиға болмағанда, қайран қазақтың тоз-тозы шығып кете барар ма еді, қайтер еді... Келесі, 2011 жылы Ордабасыдағы Бірлік басқосуына 285 жыл толады. Келесі, 2011 жылы Қазақ елі тәуелсіздігінің жиырма жылдығы тойланады. Мұндай үйлесімнің өзі де тегіннен-тегін емес-ау. Ордабасы – алаш үшін, қазақ үшін “бұлт болған айды ашқан, мұнар болған күнді ашқан” (Қазтуған) киелі төр. “Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі”. Бұл – тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың анықтамасы. “Ордабасы – қазақ рухының қағбасы”. Мұны мәністеген – халық жа­зушысы Әбіш Кекілбайұлы. Ордабасы тоталитарлық заман тітіреткен жылдарда мәңгүрттіктің құрбаны бола жаздады. “Ордабасы” деген сөздің өзін жазуға онша­лықты рұқсат етілмейтін. СССР-ыңыз үшін страте­гиялық маңызы аса күшті қиыршық тас зауыты осында салынды. Ордаба­сының тас қиыршығы Ре­сейдің орталық бөлігіндегі темір жолдың табанына төсеу үшін таптырмас дү­ние екен. Алпысыншы жыл­дардың басынан сексе­нінші жылдардың ортасына дейін қиыршық тас зауыты Ордабасы биігін жан-жақтан кеулеп, үштен бірін кеміріп жеп тынған еді. Сексенінші жылдардың ортасынан бастап қарымды қаламгерлер Ордабасыны қорғауға жаппай жұмылды. Аянбай айта білді. Жеріне жеткізе жазып, көзге шұқы­ғандай көрсете білді. Олай етпеске болмайтын еді. Тәуелсіздікке қол жетті. Сонда-дағы Ордабасыңыз омсырайып, Тутөбеңіз томсырайып қала берді. Ойран-асырлық пен асыр-тасырлық екпінін бірден баса алмайды екен ғой. Ақырында, тек тоқсан үшінші жылы ғана, “ең соңғы состав Еділ­ден ары асқанда ғана” үңірейген карьер үнсіз қалған. Себебі сол, Елбасымыздың өз ұсынысымен, өз бастамасымен Төле биді, Қазыбек биді, Әйтеке биді еске алу күндерін өткізу белгіленген болатын. Осылайша, Ордабасыға орал­ған­быз. Сол жылы Бөген ауданына Ордабасы атауы берілген. Сол жылы, 1993 жылғы 28-29 мамырда қасиетті Ордабасы биігінде тәуел­сіздіктің ұлы тойы өткен. Сол ұлы жиынға жүз елу мың адам жинал­ған. Тұңғыш Президентіміз сәске­нің сәулелі шуағына оранып, Бірлік биігіне беттеп бара жатқан сәтте жұртшылықтың жанарына жас үйіріліп: “Тәубе-тәубе! Тәуелсіздік­ке тәубе!” дескен. Сәлден соң Елбасы Тутөбеде Тәуелсіздіктің туын желбіреткен. “Береке басы – бірлік” атты баяндамасын жасаған. Тутөбе биігінен “Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорығын құру туралы” Жарлық оқылған. 1997 жылы Ордабасы жотасы­ның тепсеңдеу тұсына биіктігі отыз метрге жуық зәулім монумент орнатылған. Онда ұлы бірліктің мұраттары, ұлы хандарымыз бен билеріміздің, ұлтымыздың арман-аңсарлары бейнеленген. Ескерткіш­тің ашылу салтанатына Елбасы­мыздың өзі қатысып, сөз сөйлеген. 1998 жылғы күзде Президентіміз Ордабасыға және оралған. Өкінішке қарай, бірте-бірте Ордабасыңыз бұлыңғырлау тарта бастады. Белгілі ғой, бірталай бағалы бастамалар мен бағдарлар­дың осылайша бұлдырланыңқырап, былайырақ қалып қоятыны жасырын емес. Мемлекет басшысы қай жағына жетеді? Елбасымыз: “Бұ қазақ бөлініп те көрген, бірігіп те көрген. Бөлінгені – Ақтабан, біріккені – Ордабасы”, – демеп пе еді? Ордабасыға оралып отыру, Ордабасыны ойланып жүру, Ордабасымен тыныстау, Ордабасы тауын сақтау, көркейтіп-көріктен­діру перзенттік парызымыз емес пе? Бұлыңғырлау тартып, бұлдырла­на бастады деп бекерге айтып отырған жоқпыз. Шүкіршілік, Ұлысымыз Ордабасы мұраттарына адал, бірлік рухына берік. Бірақ, баяғы, 1993 жылғы мамыражай мамырда теңдесі жоқ текті жиын өткен биіктің бүгінгі күйі қандай? Неге озыңқы емес, тозыңқы тартып барады? Республикалық тиісті орындарыңыз бар, облысыңыз бен қала, аудандарыңыз бар, ұлттық тарихи-мәдени қорық аталатын мекемеңіз бар, неліктен тиіп-қашты тірлікпен ғана шектеліп қалдық? Неге тараңдық танытып, сараңдық көрсетіп келеміз? Неге жер-жерде таласа-тармаса орнатып тастаған рулық “рухани орталық­тарға”, зәулім-зәулім тайпалық тұғырларға жиі-жиі жиналамыз-дағы, Ұлысымыздың, ұлтымыздың ұлы ұстыны – Ордабасыны ұмыт қалдыра береміз? Президентіміз үшінші мәрте келген 1998 жылғы күзден кейін республикалық, облыстық деңгей­дегі үлкен басшылар ат ізін салмайтынға айналды. Облыстық, тіпті Шымкент қалалық және аудандық іс-шаралар Ордабасыда өтпеуге кеткелі қашан. Мәселен, 2001 жылы Ордабасыдағы Бірлік басқосуы атанған ұлы жиынға 275 жыл, Тәуелсіздігімізге 10 жыл тол­ғанда ше? Облыс орталығындағы Әл-Фараби алаңына ондаған автобус әкелінді. Ардагерлер, зиялы қауым, студенттер, мектеп оқушы­лары, өзге де жұртшылық өкілдері Ордабасыға жол тарттық. Кенет: “Облыс әкімі де, орынбасарлары да келмейтін бопты”. Десті. Жұрт аңтарылып қалды. Сол сәтте аудан әкімі де: “Шымкентке шақырып жатыр” деп, Ордабасы биігінен төмен қарай домалаңдай жүгірді. Сөйтсек, күтпеген жерден Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі кеп қапты!.. Ордабасыдағы арнайы жиы­нымыз жаман өткен жоқ сонда. Алайда, қанша дегенмен, әкім­қараларсыз шараны бейшара көретін психология қалыптасып кеткенін және жасыра алмайсыз. 2004 жылы Ордабасы биігінің төменгі тепсеңіне қарағаш көшет­терін отырғызу акциясы ұйымдас­тырылған. Бірақ бәрі дерлік қурап кетті. Шіліңгір шілдеге шыдамады. Биылғы сәуір айының басында облыстық ішкі саясат басқар­масының бастамасымен “Жасыл желек” акциясы өтті. Шымкент шаһарының студенттері, Ордабасы ауданының оқушылары. Алты жүздей жас жайраңдап-ақ жұмыс істеп жүр. Ән шырқап жүр. Орда­басының мән-мәнісін ағайлары мен апайлары айтып та жүр. Алайда, айналайындардың қуанып-ақ қадаған қарағаштары қайтадан қурап қалуы бек бәлкім. “Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорығы­ның” жиырма бес адамы бар. Солар­дың не тындыратыны да онша айқын емес. Осы Ордабасыда өсетін бұта ма, басқа ағаш түрлері ме, соларды осы уақытқа дейін зерттеп, зерде­леп, анықтап алуға болатын еді ғой. Мамандарды, ғалымдарды жұмыл­дырып деген­дей. Жоқ, ондай-ондай оңды істер ойлас­тырыл­маған. Айналып келіп қарағаш­қа жарма­сады. Оның өзі жапырақ шығарып үлгергенде отырғызылады. Оңтүстік көктемі ортасынан ауғанда. Міне, біз тоқсан үшінші жылдың мамырында ұлы жиын өткен биікті барламаққа шықтық. Көңіл шіркін көтерілмектің орнына құлазып сала берді. Жаңа ғана жаймашуақтанып тұрған күн табан астында түнеріп, өкпек жел екілене соқты-ай келіп... “Не тындырып жүрсіңдер, неменеге келдіңдер?” дейтіндей. Осыдан он жеті жыл бұрын, Ордабасы биігіне, әсіресе, кезінде жүз елу мың адам тебірене көз тіккен Тутөбеге темір көлік шықпасын, келушілер тек қана жаяу көтерілсін деген бәтуа жасалған еді. Сол басалқалы бәтуа бұзылыпты. Мәшинелердің айқұш-ұйқыш іздерін, жасыл көк жабар беткейлердің жараларын көріп, жаныңыз ауырады. Жара-жаралар мен жыра-жыралар бітелудің орнына беткейлердің бәрі тарғақ тартып, тарғылдана түсіпті. Баяғы қиыршық тас зауытының залым­дары тура Тутөбенің түбінде де соңғы жарылысын жасап, зардам­дап кетіп еді. Қорық қызметкерлері ең болмаса сол жарылыс жара­сының орнын да әлі күнге дейін бітемепті. Емдемепті. Мыңдаған адам өнер құдіретін тамашалаған үлкен сахнаның орны да одағайланып, оғаштанып, сояу-сояу темірлері сорайып көрінеді. Оны айтасыз, қорық қызметкерлері ешкіммен ақылдаспай-кеңеспей, Тәуелсіздік зәулімінен Тутөбеге дейінгі жолдың қос қапталына сұрықсыз, ойқы-шойқы тастарды орынды-орынсыз орнатып тастап­ты. “Бұл немене?” дедік. Қорық директоры: “Ескерткіш тас белгілер ретінде қойып жатырмыз. Рулар­дың таңбаларын, тағы басқа да таңбаларды салғызамыз”, деп жауап берді. Сонау тоқсаныншы жылыңыздың көктемінде “Орда­басыға оралу” атты қымызмұ­рындық мерекесін өткізген белгілі ақын Нармахан Бегалыұлы жылап жібере жаздады. “Мына масқараны тоқтатып, тастарды тезірек алды­рып тастау керек”, деді ол. Өзгелердің де: “Шырақтар-ау, мұндай мәселені ойласып барып істеген жөн емес пе?” десіп, шыр-пыры шықты. Міне, Ордабасыда осындай-осындай жағдайлар боп жатыпты. Оғаштықтар орын алып жатыпты. Ордабасыңыз ойсоқты адамдай омсырая томсыраяды. Не істемек керек? Біздің ойымызша, ұлттық тарихи-мәдени қорықтың жиырма бес адамы Ордабасы биігіне, әсіресе, Тутөбеге темір көліктердің шығуына тыйым салып, көздің қарашығындай сақтауға міндетті. Рулардың таңбаларын салудың түкке де қажеті жоқ. Онсыз да көп жерлерді, тіпті бейіттерге дейін сондай таңбалар басып барады. Рулық, жүздік санаға емес, ұлттық сана сапасына ұмтылайық та. Нармахан ақын айтқандай, Орда­басы биігінің көркін кетіріп, көзге шыққан сүйелдей сүйкімсіз көрініп тұрған, бертінде әкелінген тастарды түгел әкету керек. Жара­ланған, тарғақ тартқан тұстарды қалпына келтірумен айналысқан абзал. Көп кешіктірмей, білгір ғалымдарды, білімпаз тарихшы, археолог, сәулетші, қабырғалы қаламгерлерді, тағы басқа да майталман маман­дарды қатыстыра отырып, жан-жақты ақылдасып, Ордабасы биігін безендірмектің, көріктендіріп, көркейтпектің бас жоспарын жасамаққа әрекеттенбей болмас. Ал әзірше жүдә шыли қолдан ештеңе келмейді, қамқорлық пен қаржы-қаражатқа ешқандай шама-шарқымыз жоқ десек, ең құры­ғанда, артық қылам деп тыртық қыла берудің қылмыспен барабар екенін түсінейік. Түйсінуге тыры­сайық. Ойқы-шойқыны, ойқанақ-шұқанақтарды көбейте бермей, тәбәрік тауымыздың табиғи қалпын қастерлей қорғайық. Сақтайық. Бұл – бір. Екіншіден, көп болмаса-дағы, жыл сайын бір-екі мәрте республикалық немесе облыстық, ең болмағанда, қалалық, ауданара­лық іс-шаралар өткізіліп тұрмағы ләзім. “Ордабасыға оралу”, “Ордабасы көктемі”, “Біз жастарға сенеміз”, “Ордабасы – ел жүрегі”, “Ордабасы – қазақ рухының Қағбасы” дегендейін. Шымкент шаһары мен Ордабасы тауының арасы таяқ тастамдай ғана дерлік қой. Қазақ рухының Қағбасын қалаңыз қамқорлыққа алса, құба-құп емес пе? Келесі, 2011 жылы қазақ ұлты­ның, қазақ елінің, қазақ жерінің тағдыры шешілген Ордабасыдағы Бірлік басқосуына 285 жыл толады. Тәуелсіздігіміздің жиырма жыл­дығы тойланады. Ордабасыны ойланайықшы. Мархабат БАЙҒҰТ.