Бүгін 2020 жылғы 16 қазан күні Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктері өкілдеріне арналған практикалық семинар-тренингі өтті. ZOOM платформасы арқылы онлайн-форматта ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты – этномәдени бірлестіктердің қызметін әдістемелік қамтамасыз ету. Іс-шара шеңберінде мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі өзара іс-қимыл тетіктері, жанжалдарды шешу мәселелері қаралды, деп жазады Egemen.kz
Семинар-тренингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары, Ассамблеяның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрайымы, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова "Интермәдениеттілік және жанжалдардың алдын алу" мәселесін қозғады.
Спикердің айтуынша, қазіргі әлем қалыптасқан қоғамдардағы этникалық, діни, мәдени көріністің күрделенуіне әсер ететін жаһандық және көші-қон процестерінің күшеюі кезеңі ретінде сипатталады. Әлемдік қоғамдастық мәдени интеграцияны қазіргі заманның сын-тегеуріндерінен өту және нақты даму модельдеріне шығу мүмкіндігі ретінде қабылдайды деп түсіндірді ол. Айгүл Сәдуақасова мәдени модельдердің теориялық аспектілерін тарқата отырып, мәдени айырмашылықтарды дәл осы интермәдениеттілік мойындайтынын және тұйықталған мәдени қоғамдастықтардың құрылуына қарсы екенін атап өтті. Бұл жерде халықтың барлық топтарының айырмашылықтарына емес, олардың ортақ құндылықтары мен мүдделеріне, арадағы мәдени және этникалық шекараларды жеңуге баса назар аударылады.
Сонымен қатар, көпмәдениетті қоғам Қазақстанда байқалатын жергілікті үрдістерді көрсетеді. Айгүл Сәдуақасова көпэтностығымен ерекшеленетін еліміздің оңтүстік өңірін мысал ретінде келтірді. Ондағы аумақтарда ықшамдалып тұратын этникалық топтар бар: өзбектер, күрдтер, дүнгендер, түріктер, ұйғырлар. Олар сол жерге қоныс аударып, бүгінде сонда мекен етуде.
Әлеуметтанушының пікірінше, ғаламтор дәуірінде бізде бір-бірімізбен байланыс, өзара іс-қимыл жасау үшін және мәдени байланыстардың қиылысуы үшін барлық мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ, ол 2009 жылы жүргізілген соңғы санақ бойынша елімізде 127 этникалық топ өкілі тіркелгенін еске салды.
Спикер коммуникация құралы – тіл мәселесіне де тоқталды. Мемлекеттік тіл адамның мәртебесін және мемлекеттің бірегейлігін айқындайтынын атап өтті.
Айгүл Сәдуақасова мемлекеттік тіл біртіндеп этносаралық қатынас тіліне айналуы тиіс екенін алға тартты. Бұған, яғни мемлекеттік қазақ тіліндегі контенттің көбеюіне ғаламтор арқылы байланыс жасау және Қазақстанда қазақ тілін қолдану аясын кеңейтетін жаңа буынның өсіп-жетіліп келе жатқаны ықпал етеді.
- Соған байланысты біздің танымдық және эмоционалдық әлеуетіміздің маңызы зор, соның негізінде біз қазақ тіліне, құндылықтары мен мәдениетіне қатысты оң дискурс қалыптастыра аламыз. Және қазір бізден талап етілетін ең маңызды нәрсе – дәл осындай инклюзивті тілдік кеңістік құру, дейді Айгүл Сәдуақасова.
Ал жанжалдарды шешу мәселесі бойынша Айгүл Сәдуақасова бірнеше теорияны келтірді. Ол адамдар кейде әртүрлі ресурстарға: аумаққа, суға, ақшаға, мұнайға байланысты жанжалдасуы мүмкін екенін атап өтті. Түсініспеушілік белгілі бір әрекеттердің немесе біреудің саясатының нәтижесінде зор үмітіңнің ақталмай қалуынан пайда болуы мүмкін. Спикердің пікірінше, келіспеушіліктер мен жанжалдарды шешу үшін коммуникация көздерінің ашық болуы маңызды.
Әлеуметтік желілерде тікелей трансляция жасайтын онлайн іс-шараларды (конференциялар, дөңгелек үстелдер, концерттер, сабақтар, дәрістер және т.б.) ұйымдастыру бойынша шеберлік сабағын өткізген ҚХА Кеңесінің мүшесі, ҚХА LIVE жобасының жетекшісі Шавкат Исмаилов қатысушыларға заманға ілесе отырып, жаңа технологиялар мен бағдарламаларды қолдану, ғаламтор әлемінде сапалы контент ұсыну, интернет-ресурстарда жұмыс істеу тәсілдері туралы тәжірибесімен бөлісті.
Ал "Ақмола облысы және Нұр-Сұлтан қ. "Возрождение" немістер қоғамы" ҚБ төрағасының орынбасары Евгения Гизик "Diamant" неміс жастар клубының тәжірибесі мен қазіргі таңдағы даму болашағы туралы айтып берді. Ол этномәдени бірлестіктердің қызметіне жастарды жұгмылдыру тәжірибесімен, жастарды ынталандырудың тетіктері және әдістерімен бөлісті.
Сонымен қатар, семинар барысында Ассамблеяның әлеуметтік-маңызды және мәдени-ағартушылық жобаларын іске асыруды көздейтін "Қоғамдық келісім" мекемелерінің этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимыл жоспарлары талқыланды.
Сөз соңында іс-шараны қорытындылаған ҚР АҚДМ "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушы Хадиша Ерсейітова қазіргі таңда "Қоғамдық келісім" мекемесі бірнеше бағыт бойынша тұжырымдамалар әзірленгенін жеткізді.ілді, деді ол.